Үкіметтің бүгінгі отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын жыл сайын беруді ұсынды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізде екі жылда бір рет «Дарын» сыйлығы беріліп тұрады. Оны жылда тағайындауды ұсынамыз. Осының арқасында дарынды жастардың мүмкіндіктерін барынша кеңейтіп, ғылыми-шығармашылық ынтасын күшейтуге болады» деді Н.Ермекбаев. Сондай-ақ министр барлық мектептерде бір уақытта «Отбасы сағатын» өткізіп, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауды ұсынып отыр. Осы бастамаға білім министрлігі мен әкімдіктердің қолдауы қажет. Бұдан бөлек, университет пен колледждердің жанындағы жастар комитеттерімен тығыз байланыс орнатып, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы шараларды күшейту көзделген. «Қазіргі кезде біз өңірлердегі жастармен жұмыс жүргізу бойынша тиісті көрсеткіштерді қалыптастыруға кірістік. Аталған жұмыста ресми статистикамен бірге мониторинг жүргізудің баламалы тәсілдері қолданылады. Соның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қолға алынады» деп атап көрсетті министр.
inform.kz