Тіркеуді тоқтата тұрып, Қоғамдық комиссия құрсақ қайтеді?!

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қоғамда наразылық тудырған уақытша тіркеу мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, ұсыныс жасады. Ол тіркеуді тоқтата тұрып, жан-жақты талқылау үшін Қоғамдық комиссия құруды ұсынған екен деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Кінәлілерді аты-жөнімен атағаны дұрыс болған екен. Әйтпесе, ІІМ жауапкершілікті Үкіметке артып үйреніп қалған. Олардың өз шешімдерінің салдарын болжай алмайтындығы ғана көрініп қалған жоқ. Бұл ведомствоның жұмыс істеу стандарттарының ескіргені байқалды. Олар түсіндірудің орнына қорқытып-үркітеді. Ерік беруді орнына мәжбүрлейді. Ал ақпараттық технологияларды енгізудің орынан қағазбастылықты күшейтеді. Салдарынан қоғамдағы жағдайды өздері тұрақсыздандырып алды. Олардың шамасы келетініне күмәнім бар. Тіркеуді тоқтата тұрып, Жер Кодексін қарау кезіндегі сияқты Қоғамдық комиссия құру керек. Сағынтаевтың бұл салада тәжірибесі бар. Ол комиссияның жұмысын толығымен жүргізіп, оны басқарған болатын» деп жазды М.Әбенов.

Еске сала кетсек, бүгiн Үкiмет отырысында ҚР Премьер-Министрi Бақытжан Сағынтаев тiркеу енгiзiлгеннен кейiн ХҚКО-ларда үлкен кезектiң қалыптасқанын және бұның, жалпы тіркеудің халық арасында наразылық тудырғанын айтты. Премьер-Министр тiркеуге қатысты сұрақтардың тым көп екенiн және түсiндiру жұмыстарының дұрыс жүргiзiлмегенiн де тілге тиек етті. Б.Сағынтаев Қ.Қасымовқа халыққа тікелей қатысы бар заң бойынша түсiндiру жұмыстарын ертерек бастау керек едi дедi. Сондай-ақ, Премьер-Министр жаппай тiркелуге көшпес бұрын электрондық тiркелу жүйесiн әзiрлеу керектiгiн де баса айтты.

Сондай-ақ, Үкімет отырысынан кейін Қ.Қасымов тiлшiлердiң «қазақстандықтардың учаскелiк полицейлерге есiк ашпауға құқығы бар ма?» деген сұрағына «жақсы, ашпаңыздар, бiз тексерудiң басқа амалын табамыз» деп жауап қатқан еді.

Атап өтсек, уақытша тіркеу туралы заңға 2016 жылдың 22 желтоқсанында қол қойылып, биылғы жылдың 7 қаңтарында ол күшіне енді.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
baq.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *