Бүгін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұжымына («Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы) жаңа басшыны таныстырды. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Банктің басшылығына Директорлар кеңесінің мүшесі, 2016 жылдың 3 ақпанынан бастап «Бәйтерек» Холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған Ләззат Ибрагимова тағайындалды.
Жаңа басшыны таныстыра отырып, Ерболат Досаев Ләззат Ибрагимованың «Бәйтерек» Холдингі құрылымы аясында жеткен жетістіктері мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жаңа деңгейге көтеруге септесетін кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттерін атап өтті.
22 жылдық жұмыс өтілінің басым бөлігін шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мәселелеріне арнаған ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылығынан бастап «Бәйтерек» Холдингіне кіретін және басқа да ірі даму институттарының басшысы қызметтерін атқарды.
Түрлі жылдарда БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының экономикалық даму бойынша ұлттық сарапшысы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының сараптау мен даму стратегиясы, оқыту мен консалтинг, корпоративті даму департаменттерінің басшысы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арнайы бағдарламалар департаментінің бас менеджері қызметтерін атқарды. 2011 жылдан бері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы лауазымында жұмыс істеді.
tobyl-torgai.kz