Бүгін Яков Фёдоров есімді блогер өзінің Фейсбуктегі парақшасында Қостанай облысы Федоров ауданындағы Димитров атындағы №1 орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі — этникалық украин Дмитрий Ромащенкомен сұхбатын жариялады деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Тобыл өңірінің Федоров ауданы жайлы мәлімет жинап жүрген блогер Дмитрий Ромащенконың қазақтар аз қоныстанған ауылда туып-өссе де қазақ тілін жетік меңгеріп, Қостанайдағы университетте «Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша білім алғанын айтады.
Федоров ауылында қарапайым украин отбасында дүниеге келген ол Димитров атындағы орта мектепті 2011 жылы бітіреді. Бұдан соң ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, Қостанай мемлекеттік университетінің «Қазақ филологиясы» факультетіне оқуға түсіпті. Ал 2015 жылы оқуын тәмамдаған Дмитрий туған ауылындағы мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді екен. Өз сұхбатында ол қазақ тілін қалай меңгергені жайында да баяндайды.
«Біздің ортамызда қазақша сөйлейтін адамдар өте аз, — дейді ол. — Қазақтардың өзі аз тұрады. Бірақ біздің облысымызда қазір өзге ұлт өкілдеріне арналған «Тіл дарын» деген клуб жұмыс істейді. Сол клубта әртүрлі ұлт өкілдері қазақша сөйлейді. Ал «Қазақ тілін қалай меңгердің?» деген сұраққа ең бірінші жауабым — бәрі де адамның қалауы бойынша. Менде қандай мамандық таңдаймын деген сұрақ болды. Сол кезде әке-шешеммен отырып, осы мәселені талқыладық. Анам сол кезде «Иә, қазақ тілі пәні мұғаліміне барасың, болашағың болады» деді. Сол себепті осы мамандықты таңдадым» дейді Дмитрий Ромащенко.
Айтуынша, ол университетте де қазақ тілінде білім алған. «Өкінішке қарай, орысша сөйлейтіндерге «Қазақ филологиясы» деген мамандық жоқ. Меніңше, болуы керек. Өйткені, материалды өзге ұлт өкілдеріне басқаша оқыту керек. Бірақ мен оқыдым» дейді украин жігіті.
Соымен қатар ол шәкірттерінің, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының қазақша жақсы сөйлей алатынын айтады. «Менде жаңа бағдарлама бойынша бірінші сыныптар, екінші сыныптар ескі бағдарлама бойынша және тоғызыншы сыныптар білім алады. Бірінші сыныптардағы оқушылар тілді жақсы меңгеріп келеді. Өйткені, олар менің бағытым бойынша, әдістемем бойынша жұмыс жасай алады. Себебі, менің басты әдістемем — сөздерді жаттау. Күн сайын жаңа сөздермен көп жұмыс жасаймыз. Грамматиканы бөлек қарастырамыз, ал балалардың сөздік қорларын дамыту керек, оның сөйлеу тілдерін дамыту керек», — дейді ол.
Сонымен қатар Яков Фёдоровтың Youtube хостингіндегі арнасында Дмитрий Ромащенконың сабақ өткізіп жатқаны түсірілген видео пайда болды. Онда ол оқушылардан Абайдың қара сөздері жайлы сұрайды.
Фотосуреттер Д.Ромащенконың Vkontakte желісіндегі парақшасынан алынды
tobyl-torgai.kz
Жарайсыз, Дмитрий! Өзгелерге үлгі бола беріңіз!