Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғам өкілдерімен, зиялы қауыммен және саяси қайраткерлермен кездесті деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында халыққа өзекті болып отырған әрі конституциялық реформаларға, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым мен білім беру, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ, өткізіліп жатқан жекешелендіруге байланысты экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздігінің күрделі 25 жылын атап өтіп, республиканың ендігі дамуының негізгі жолы қандай болуы керек екені жайлы көзқарасын айтты.
«Қазақстан танымал мемлекетке айналды, экономикада оң өзгеріс бар. Енді жеткен жетістіктерді «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруда қолдану керек» деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың алдында тұрған сындарға назар аударды.
«Нарық қатынасын таңдаған қоғамның алдында мүлде басқа міндеттер тұр, олардың шешімі елдің алдағы дамуына тәуелді. Жаһандық экономика дәуірінде күн тәртібіндегі басты мәселе инновация болып отыр. Индустриалдық революция бізден тысқары өтпеуі тиіс. Экономикамызға инновациялық технологияларды енгізуіміз керек» деді Президент.
tengrinews.kz