Жер тарихы – ел тарихы

Ендеше, қазақы атауларды қайтаратын мезгіл жеткен жоқ па?!

«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі заманға дәнекер болатын бүгінгі күн біздің алдымызға ауыр да абыройлы міндет қойып отыр. Өткен заманнан қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны рас болса, кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру оңай шаруа емес.

Қазақ даласында осы күні Затобол, Заречный, Притобольский, Приреченский секілді зорлап жапсырылған жер атаулары көбейіп кетті. Бұл сөздердің мағынасы Тобылдың жағасы, сырты, өзеннің жағасы немесе маңайы деген ұғымды білдіретіні аттарынан-ақ көрініп тұр. Алайда, келімсектердің өктемдігімен осылай деп аталған жерлердің тарихи атаулары ұмыт болып барады.

Қазіргі Қостанай ауданының  орталығы болып есептелетін Затоболовка ертеде Құтты алап деп аталған. Бұл туралы өзіміздің классик жазушымыз Бейімбет Майлин «Жалбыр» повесінде жазған.

«Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе, жерің айтсайшы. Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар – Тобыл өзені тасыған кезде  теңіздей боп кетеді.  Май ішінде тасыған су қайтып, июнь ішінде сол алаптар мың түрлі-түсті жоңышқамен безенеді, июль ішінде қыбырлаған адаммен толып, жарқылдаған орақты көресің. «Үй орнындай жерден бір кебен шөп беретін «Тобылдың құтты алабы» атанған жер осы. Алаптың шөбі байдың малына сұлыдан да жұғымды. Кедейдің малына мұның шөбі бұйырған емес: кедейдің байға қарызданбай жүрген күні бар ма, алаптан алған шөбі сол қарызын өтеуге кетеді…» (Б.Майлин. «Ел сыры», Алматы: Жазушы,1994 ж.).

«Жалбыр» повесі осындай жолдардан басталады. Одан әрі жазушы Тобылдың екінші жағы – қанаттасып жатқан қалың поселке тұрғындарына «Құтты алаптан» орын тигенін айта келіп «бірақ, қазақ құсап шөбіне қызықпай, алқапқа олар огород егеді. «Орыс, шіркін, жердің қадірін біле ме?» деп миығынан күлетін ақсақалдар да жоқ емес. Күз күні сондай ақсақалдардың: «Знаком, картоп бересің бе?» — деп орыс поселкесін қыдырып жүргенің көресің» дейді. Боямасыз айтылған шындық осы. Құтты алап орысқа қоныс болғалы қазаққа оның қадірі кеткелі қашан?! Дәл сол тұста қостанайлық ақындардың бірі (кейбір кісілердің айтуынша Өске ақын болуы мүмкін)  «Қайран, Тобыл, қалғаның ба орысқа, сенен кетіп, жарымадым қонысқа» деп жырлаған.

Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев («Жомарт жүрек», Алматы: Өнер, 1990 ж.): «Самодуровка Тобылдың шығыс бетіне орналасқан, уездік қаланың қалқаны секілді, ылғи аннан, мұннан қашқан, не адамның, не құдайдың есебінде жоқ жатақтар мекені болатын. Қыр елінен қалаға келушілер ол мекенді айналып өтіп, Тобыл өзенінің паромына басқа жақтан келіп мінетін. Өйткені мұндағы жатақ бұзақылары көлдеңен көк аттыны өткізбей, не тонап жіберетін, не сабап жіберетін. Сол мінезіне лайық ресми Затоболовка аты өзгеріп, Самодуровка болып кеткен», деген дерек келтіреді.

Жазушы Ыбырай Алтынсаринге арналған «Алғашқы қоңырау» атты кітабында: «Кедей-кепшіктің, жетім-жесірдің қара сирақ жетімектерін тышқан аңдыған қара жапалақтай қағып алып, Тобылдың суына бір батырып алады да, православиеге кіргізе салады. Тіпті, осы Қыпшақ жұртында, Тобылдың Әбілсай аталатын иіріміне және бір  форпостың қалана бастаған кезі еді. Өзеннің күншығыс бетіне көшкен бейбастақ әскерлердің мекенін орыстар «Самодуровка», қазақтар «Дорақ қала» деп атай бастаған. Ашытпа араққа тойып алған әскерлер атты қазақ кездессе, анадайдан мылтық атып, тымағын түсіріп, сабап жібереді, әйел жолықса, абыройын төгеді…» — деп жазады.

Самодуровка дейтіні – самогон айдаған мұжықтар арағын ішіп, есіргеннен шыққан сөз болуы керек. Сондықтан қасиетті жер атауын қайтарып беруді талап ететін мезгіл жеткен тұста жеткен жерімізді салмақтап, асылдарымызды ардақтап жатсақ, бұл — елдіктің белгісі.

Қостанай ауданы кейінгі жылдары қазақы қалыпқа келе бастады. Аудан орталығында Нұржан Наушабайұлы атындағы қазақ мектебі, оның іргесіндегі Заречный елді мекенінде тағы бір қазақ орта мектебі бой көтерді. Бейімбет айтқан екі болысқа қараған көп қазақ ауылының бірі осы Заречный орналасқан жерде де болғаны анық. Оның қазақша атауы қандай екенін көне құлақ қариялар білмесе, мен тап басып айта алмаймын.

Затоболовка атауы қазақ түгілі, басқа ұлтқа да жат. Мағынасы бұлдыр, мәні шамалы сөз.  «Құтты алап» деген тамаша жер атауын қайтаратын мезгіл жеткен жоқ па?!

Қостанай облысында әртүрлі дәуірде өзгертілген елді мекен, жер-су аттары мынадай:

Әйет – Аят

Шыбынды – Чебиндовка

Қасқа ат – Ломоносов

Малдыбай – Ново-Николаевка

Қызылқожа – Молодежный

Соналы – Целинный

Майбалық– Восточный

Өтеп – Қазақстан

Алдияр – Веселый Кут

Шолан – Елшанка

Еңбек – Котлованный

Мыңбай – Белоглиновка

Еркіншілік – Святославка

Сүлікті – Дальный

Шаған – Ново-Троицк

Сомжүрек — Подгородка

Ақтасты – Борисовка

Иманбай – Огнеупорный

Бірлік – Победа

Шақар батыр ауылы – Саманы

Қызылшырпы – Лесной

Сырдақ – Светлый

Қарағайлы – Славянка

Тоғызбай – Октябрьский

Қорпылдақ – Ленинский

Барақбай – Песчаное

Қарабас – Смирновский

Жадыра – Рыбкино

Керей – Приозерный

Сүйіндік  – Таран (Викторовка)

Қараоба – Красносельский

Қайыңдыкөл – Щербиновка

Жабағы – Журавлевка

Қызылтал – Николаевский

Бекібай – Асенкритовка

Көрпелі – Варваринка

Мақпал – Екатериновка

Дос  ауылы – Аятское

Майшолақ – Павловка

Қадақ – Наталовка

Қарақожа – Стретинка

Борсықбай – Барсуковка

Көшқұл – Нелюбинка

Обалкөл – Мариновка

Күшікбай – Луговой

Бір ғана Таран ауданында жер бетінен тып-типыл жоқ болған қазақ ауылдары: Қаратомар, Қарбасқан, Қарақоға, Қарымсақ, Қожай, Кіндіксай, Сарыала ат, Сұпылы, Сабынкөл, Мыңатыз, Жалтыр, Шиелі, Шегебай, Елтай, т.б. Бәрін тізіп айтсақ, оның ұшы-қиыры жоқ. Ұзынкөл ауданындағы «Ұзынкөл» дегеннен басқа елді мекендердің аты түп-түгел орыс тілінде. Өзге  аудандардағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ.

Облыстағы 4 қаланың екеуінің атауы орысша. Рудныйдың байырғы атауы – Сарыбай. Лисаков қаласының орнында бұрын Наурызбай деген елді мекен болған. Аудан орталығы Орджоникидзе – Түйемойнақ, Таран – Тобыл (немесе Әйет, ертеде осындай болыс болған),  Федоров – Жаркөл екеніне қазақ түгілі басқа ұлт өкілдері де дауласпас деп ойлаймын.

Қостанай облысының картасына көз салсаңыз, зорлықпен таңылған атаулар аяқ аттаған сайын жолығады.

Никитинка, Степановка, Михайловка, Суриковка, Костряковка, Рязановка, Давыденовка, Константиновка, Татьяневка, Янушевка, Докучаевка, Малороссийка, Варваровка, Нечаевка, Крыловка, Свердловка, Ливановка, Успеновка, Диевка, Москалевка, Тимофеевка, Анновка, Буденновка, Маковка, Славянка, Каменка,Лютинка, Белояровка,Харьковка, Тимирязевка, Барвиновка,Новониколаевка, Новопокровка, Новонежинка, Новошумновка, Воскресеновка, Ершовка, Миролюбовка, Святогорка, Милютинка, Валерьяновка, Банновка, Костряковка, Подгородка, Тавриченка, Затоболовка. Мұның кейінгісін кезінде орыстардың өзі Самодуровка деп атаған. Араққа сылқия тойып алған келімсектер мекеніне халық аузымен сондай  атау берілген. Бір кездері неміс ағайындар мекен қылған, кейін Торғай өңірінен қоңыс аударғандар жайлап отырған Семеновка деген жердің өзін орыстар бұл күндері Воробьевка деп атайды екен. Күлесіз бе, жылайсыз ба?! Не деуге болады?

Не мағынасы жоқ, не жер тарихына қатысы жоқ осындай атаулар құмырсқадай құжынап жүр. Қазақ ұғымына сай деген кейбір атаулардың өзі Шакировка, Шадыксаевка болып бұрмаланған.

Бұл жалғауы «скаға» біткендердің бір парасы ғана. Ал Александровский, Владимирский, Бауманский, Ленинский, Приуральский секілді жалғауы  «скийларға» көшсек, оны айтып тауысудың өзіне едәуір уақыт керек.

Жер-су және ауыл атауларына бір кездегі көзқарасқа кісінің күлкісі келеді. Мәселен, Әулиекөл ауданында әлгінде аталған Шакировка деген ауыл болды. Шәкір деген сол ауылда озат шопан болған, ауыл болса сол кісінің көзі тірісінде-ақ Шакировка аталған. Бұл ол кісінің беделіне байланысты емес, сол тұстағы ұлты орыс басшының бірі «озат шопан Шәкірдің ауылын Шакировка деп жаза салыңдар» деген бір ауыз сөзден қойылып кеткен.

Бір қызығы, тәуелсіздік алғалы 26-шы жылға аяқ бассақ та, облыстағы жылда өткізілетін дәстүрлі спартакиада «Целина» («Тың») деп аталады. Сонда қалай, тың игерілгенге дейін қазақ даласында спорт ойындары мүлде болмаған ба? Онда аламан бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, қазақша күрес, асық ату, тағы басқа спорт түрлерін қайда қоясыз?!

Қазақ қазақ болғалы көрген күні азап болғаны, ал ХХ ғасырда өзгелерге мазақ болғаны өтірік емес.  Тәні өртке шарпылған, санасы дертпен уланған, жанары жаспен суланған халықтың тілі әлі күнге тоқалдан туған баланың күйін кешіп келеді.

Атамекенімізді бірлігіміздің айғағы, ана тілімізді тірлігіміздің қайнары деп есептейтін болсақ, жеріміздің төбе құйқасы сыпырылып, жайылымға жаманы ғана қалғанын, суымыздың балығы мен бақасы таусылып, табаны ғана қалғанын, жағалаудың жекені мен борығы таусылып, келімсектердің бос қалбыры мен арағы ғана қалғанын, ал қазақ тілінің бұлтылдаған бұлшық еті бар білегі емес, сүйегінде жілік майы бар, тепсе темір үзетін аяғы да емес, жәудіреген жанары ғана қалғанын мойындауымыз керек.

Ешқашан кемдік көрмеген орыс тіліне теңдік сұрағандар пиғылын түсіну қиын. Тың кеңшарлары қазақ ауылдарының кескін-келбетін айқындай алмайтыны  ақиқат.

Ақылбек ШАЯХМЕТ

 

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *