Елордада «WorldSkills Kazakhstan – 2017» Ұлттық чемпионаты өтіп жатыр
Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, жастарды аталған салаға тарту, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті техника саласындағы мамандарды даярлау бағыттарында нақты тапсырмалар бергені мәлім.
Осы тапсырмаларды іске асыруға белсене кіріскен ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ ұйымдастыруымен елорда төрінде еліміздің үздік жұмысшы мамандарын анықтайтын дәстүрлі «WorldSkills Kazakhstan – 2017» Ұлттық чемпионаты өткізіліп жатыр. Онда еліміздің әр өңірінен жиналған 400-ден астам жас маман сынға түсуде.
Еске сала кетсек, «Worldskills Казақстан» жобасы биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Жарыс жеңімпаздары жақында Ресейдің Краснодар қаласында болатын Ресейдің «Жас мамандар» (WorldSkills Russia) Ұлттық чемпионатына қатысады. Сонымен қатар WorldSkills Kazakhstan Ұлттық құрама командасы қазан айында БАӘ-нің Әбу-Даби қаласында өтетін WorldSkills Competition әлемдік чемпионатында да бақ сынасады.
Елордадағы «Көрме» орталығында болып жатқан шарада ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева сөз сөйлеп, биылғы чемпионаттың ерекшелігіне тоқталды.
«Биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі, Қазақстан ТМД елдері өкілдерінің және мүмкіндігі шектеулі жандардың сайысқа қатысуына рұқсат етті. Қазақстан Республикасы мүгедектерді кәсіптік бағдарына және жұмысқа орналасуына жәрдем беретін «Абилимпикс» ұйымымен және Deafskills халықаралық қауымдастығымен ынтымақтастық орнатты. «WORLDSKILLS» қозғалысы республикада кеңінен танылып келеді. Биыл еліміздің барлық өңірінен 400-ден аса қатысушы бақ сынап жатыр және бизнес саласынан 500 сарапшы, 5 мыңнан астам мектеп оқушысы, колледж бен ЖОО студенттері шақырылды. Сіздердің дайындықтарыңыз, терең білімдеріңіз және шығармашылық қабілеттеріңіз жоғары нәтижеге қол жеткізуге, ұстаздарыңыздың сенімін ақтауға септігін тигізеріне сенімдімін», – деп атап өтті вице-министр.
2 мамыр, яғни, кеше бастау алған бұл чемпионатта өңірлік жарыстардың жеңімпаздары мехатроника, инженерлік графика (автоматты жобалаудың жүйесі), дәнекерлеу технологиясы, сантехника және жылыту, электроника, веб-дизайн, электромонтаж, кірпіш қалау, құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары, сылау және декоративті жұмыстар, шаштараз өнері, киім дизайны және үлгілеу, мейрамхана сервисі, суыту және желдету техникаларына қызмет көрсету, желілік және жүйелік басқару, графикалық дизайн, нан пісіру шебері, дәнекерлеу ісі, жүк автокөліктеріне қызмет көрсету, кузовты жөндеу жұмыстары, плиткамен қаптау, сандық бағдарламалы басқаруы бар білдектегі токарь жұмыстары, ағаш шеберінің ісі, ағаш ұстасының ісі, аспаз ісі, ландшафт дизайны, шатыр жұмыстары (презентациялық нұсқада), жеңіл автокөлікке қызмет көрсету және жөндеу, визуалды мерчендайзинг және витринистика бойынша сынға түсіп жатыр.
Ерекше бір айта кетерлігі, Эльмира Амангелдіқызы атап өткендей, «WorldSkills Kazakhstan – 2017» Ұлттық чемпионаты аясында мүмкіндігі шектеулі (Abilympics/Абилимпикс) және есту қабілеті нашар (Deafskills) оқушыларға да мүмкіндіктер беріліп, олар да өз шеберліктерін сынап көруде.
Біз «WorldSkills Kazakhstan – 2017» Ұлттық чемпионатына Қарағанды өңірінен келген талантты оқушылармен аз-кем тілдесіп, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің директоры Светлана Балабекованы әңгімеге тартқан едік. Ол бұл шараға қатысып жүрген дарынды оқушыларын мақтан тұтатынын әрі дәл бүгін шәкірттерінің осы айда Ресейдің Краснодар қаласында болатын «Жас мамандар» (WorldSkills Russia) Ұлттық чемпионатына қатысуға мүмкіндік алғандарын айтты.
– Біз аймақта өткізілген чемпионаттан 1-орынға ие болып, Астанаға әр түрлі мамандық бойынша 15 оқушы әкеліп отырмыз. Биылғы бір қуантқан жағдай, мүмкіндігі шектеулі балаларға да осы жарысқа қатысуға мүмкіндік берілгені. Өзім басшылық етіп отырған колледжде, өзіңіз көргеніңіздей, мүмкіндігі шектеулі және есту қабілеттері нашар шәкірттер де бар. Бірақ олар өзге оқушылардан еш кем емес. Бірі би билейді, енді бірі түрлі мүсіндер жасайды. Талантты балалар. Сөз орайы келгенде айта кетсем, WorldSkills Ұлттық чемпионаты дәл осындай оқушылардың өмірге деген құштарлықтарын оятып, болашақта өздерінің жұмыспен қамтылатындарына сенімділік әкеледі. Ынталандырады. Біздің колледжімізде білім алып жатқан оқушылар бір-бірлерінің кемшіліктерін айтып, ыңғайсыз күйге түсірмейді, бәрі де бір үйдің балаларындай тату-тәтті, – деді Светлана Керімбайқызы.
Эльвира ШӘРІП,
Астана қаласы
Редакциядан: «WorldSkills Kazakhstan – 2017» Ұлттық чемпионатына қатысты материалдарды алдағы күндері де жариялайтын боламыз.
Керемет екен! Алла қаласа, мен де кәсіптік колледждердің бірінде құрылысшы мамандығына оқығым келеді.