Қарақоға – іргелі мекен немесе «Өлі риза болмай, тірі байымайды

Фото Жомарта Түбекбаева.

Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Албарбөгет селолық округіне бірнеше ауылдар қарайды, олар: Көкалат, Қызылоба, Қарақоға, Көлқамыс. Кезінде Айырқұм жері де (Мешіт ауылы) аталған селолық округ «Еңбек» кеңшары болып тұрған уақытында, оның қырдағы бір бөлімшесі еді. Айырқұмның жұрты 1930 жылдардағы ашаршылық жылдары жаппай қырылып қалып, кейін 70-80 жылдары ел қайта қоныстанған болатын. Кейін өз алдына жеке «Аққұм» кеңшарына айналды, ал Аққұм сол күйі қараусыз қалып, артынан «Алтын Дала» резерватының Ұлы Жыланшық учаскесіне айналды. Кезінде бұл ауылдар Қарақоға және Аққұм болыстарының аумағы болған еді

Фото Жомарта Түбекбаева.

Айтқандай кешегі колхоздастыру кезінде Албарбөгет селолық округі аумағында Қарабидайық деген де ауыл болған екен.
Ал, енді алдында аталған ауылдардың ішінде оқырмандар көбінесе Көкалат ауылы туралы жиірек біледі, ол туралы жиі жазып жүрміз. Бір жолы біз аталған ауылдардан қазаққа танымал 60 ақын-жазушы шыққаны туралы да айтып едік. Қазір дәулеті тасыған, аудандағы әлеуметтік жағдай жақсы ауылдардың бірі және бірегейі десек қате болмас еді! Жері шағын болса да 20 шаруа қожалығы жұмысын жасап, қалған жұртшылық та өз тіршілігін көріп отырған аймақ осы Албарбөгет селолық округі. Ауылдың (Көкалат ауылының) мектебі, дәмханасы, бірнеше дүкендері мен моншалары, мешіт үйі, ауруханасы мен басқа да тұрмыс қажетін өтейтін ғимараттары жұмыс істеп тұр. Бастысы су кіріп тұр, әр үйдің алдында шағын бақшасы тағы бар, жарығы әркез қосылулы, қысқаша айтқанда ынтымағы жарасқан тамаша ауыл!

Фото Жомарта Түбекбаева.
Енді Қарақоға ауылы туралы кеңірек мәлімет бере кетсем. Негізі аты аталған ауылдар, яғни Көкалат, Қызылоба, Қарақоға, Көлқамыс бір біріне жақын орналасқан, айтқандай бұрынғы «Қызыләскер» кеңшарының Аралбай да Көкалаттан онша алыс емес.
Қарқоға ауылы заманында іргелі ауыл болатын, Көкалат ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Кезінде ферма орталығы болды, өткен қиын-қыстау уақытта халқы үдере көшіп, жұрты бос қалды. Оны айтасыз-ау ауыл іргесіндегі ата-баба қорымы да қараусыз қалды!

Фото Жомарта Түбекбаева.

Дегенмен, ел еңсесін түзеп, заман жөнделген соң ауыл қайта тіріле бастады. Бүтінбай Смайлов пен Мағзұм Баймағамбетов, Қайрат Қабылов сияқты азаматтар бастап, қалған ел қостап, тіршілігі кеткен ауылға қайта жан бітті. Қазіргі уақытта аталған атыраптан қора-қора қойды, үйір-үйір жылқыны, табын-табын сиырды, маң-маң басқан түйені көруге болады.
Жері шаруашылыққа ыңғайлы, әсресе қой мен сиыр өсіруге қолайлы-ақ!
Бірақ, ауыл азаматтарын бір жай мазалап жүрген еді.
Ол — ауыл іргесіндегі ата-баба қорымының қараусыз қалуы еді!

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Міне, осы жайды ескерген кәсіпкер ағамыз – Қабылбек Хасенов туған жерден жырақ кетсе де ата-баба жерін ойынан әсте шығарған еместұғын. Сөйтіп, өз қаражатына Қарақоға ауылындағы ұзындығы бір шақырымнан асатын ата-баба қорымының қоршалуына мұрындық болды. Оған қоса қоршауға қажетті материалдарды да өз қаражатына сатып алды, ал енді 1 шақырымнан астам жерге қаншама құрылыс заттары кеткенін өзіңіз есептей беріңіз!
Игі істің қасында ауыл халқы бірге болып, материалдарды 700 шақырым қашықтықтағы Қостанай қаласынан Бүтінбай Смайлов өз көлігімен жеткізіп отырса, барлық жұмыстарды Мағзұм Баймағамбетов бастаған жерлестеріміз атқарды, ал ауыл әкімінің міндетін атқарушы Бөлтірік Смайылов болса ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді.

Фото Amandiq Amirkhamzin.
Ата-баба аруағына арналып 2017 жылғы 14 қыркүйекте «Ажар» дәмханасында ас беріліп, құран бағышталды.
Міне, Қарақоға ауылы осындай ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, атам қазақ айтып кеткен «өлі риза болмай, тірі байымас» деген қағидатқа сай екенін тағы бір дәлелдеді!

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *