Биыл Қостанай облысы мұғалімдерінің жалақысын көтеру үшін республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасының биылғы Жолдауында сапалы білім берудің маңыздылығын арттыру жөнінде кеңінен тоқталды. Осы мақсатта облыс бюджетінің ауқымды бөлігі білім саласына жұмсалып келді. Бұған қоса қазіргі уақытта кадр дайындау ісіне көңіл аударып отырмыз. Әсіресе, математикалық бағытта оқытатын педагогтарға сұраныс көп» деді М.Жүндібаев.
Оның айтуынша, облыста 14225 педагог жұмыс істейді. Олардың тең жартысынан көбі арнайы курстардан өтіп, біліктілігін арттырған.
«Бүгінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, мұғалімдердің материалдық жағдайын жасау міндеті қойылып отыр. Осы бағытта 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қостанай облысы мұғалімдерінің еңбекақысын өсіру үшін республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді» деді облыс әкімінің орынбасары.
Осылайша, биыл қостанайлық мұғалімдердің жалақысы орташа есеппен 100 мың теңгеге дейін өсті.
inform.kz