Білім беру саласы әлеуметтік лифтке айналды

Заманауи өркениеттің болашағы технологиялық ілгерілеу мен экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ адами капиталдың сапасына байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға баса мән беріп келеді. Елбасы халыққа Жолдауында «Білім беру саласына өзіндік инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар жеке экономика саласы ретінде қарау керек» деп жүктеді. 

«Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингінде 2017 жылы Қазақстан бастауыш білім берумен қамту көрсеткіші бойынша әлемнің 137 елі арасында 4-орынға ие болды. Бұл тұғырға 118-орыннан көтерілгенін ескерсек, еліміздің қалай шарықтағанын байқаймыз.

2017 жылы жасалған жұмыс қорытын­ды­ларына тоқталсақ, балабақша саласында 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 4,7%-ға өсіп, 90,5%-ды құрады.
Орта білім беруде Елбасы тапсырмасына сай, жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Бұдан бөлек, Қазақстанда 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда жаратылыстану-ғылыми циклінің 4 пәнін, атап айтқанда, «Физика», «Химия», «Биология», «Информатиканы» ағылшын тілінде оқытуға көшуге дайындық жүргізілуде. 2017-2018 оқу жылында 153 мектепте пилоттық режимде жаратылыстану-ғылыми цикл пәндерін ағылшын тілінде оқыту басталды.
2017 жылы олимпиадалар мен ғылыми сайыстар­дың қорытындысы бойынша қазақстан­дық оқушылар 661 халықаралық марапатты жеңіп алды. Оның ішінде алтын медаль – 125, күміс – 197, қола – 327, құрмет грамоталары – 12. Халық­аралық олимпиадалар қорытындысында Қазақстанның құрама командасы әлемде «ондыққа» кіреді.
Қазіргі заманда білім беру саласы шынында, әлеуметтік лифтке айналды. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап 318 колледжде стипендия, жол жүру ақысы және біржолғы ыстық тамақ түрінде әлеуметтік қолдау мен алғашқы жұмыс біліктілігін тегін алуды қарастыратын «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы іске асырылуда. ТжКББ ұйымдарында 100 мың­нан астам орынға мемлекеттік тапсырыс бар, оның ішінде 21 мыңы «Тегін ТжКББ» жобасына кіре­ді. 500 шетел әдебиеті мемлекеттік және орыс тілдеріне аударылды, 288 колледждің кітап қоры толықтырылды.
Дуалды білім беру жүйесінің эле­менттерін енгізудің оң үрдісі байқалады. 2017 жылы 460 колледжде 80 мамандық пен 165 білік­тілік бойынша 3055 кәсіпорынның қаты­суы­мен дуалды білім беру жүйесі енгізілді. Бұ­ған тартылған студенттердің жалпы саны – 31 607. ТжКББ жүйесін жоспарлау және қаржыландыру тиімділігін арттыру үшін жан басына қаржыландырудың жаңа әдісі бекітілді.
Қазақстанда жоғары және жоғары оқу орны­нан кейінгі білім беру саласы қарқынды дамып келеді, мәселен, 2017 жылы Quacquarelli Symonds World University Rankings әлемнің үздік университеттерінің рейтингісіне 8 қазақстандық ЖОО кірді. Үш тілде білім беру аясында оқу пәндерінің 50%-ы – оқыту тілінде, яғни қазақ немесе орыс тілінде, тағы 20%-ы негізгі оқыту тілі­нен кейінгі екінші тілде (сәйкесінше орыс немесе қазақ тілінде) оқытылады. Ал ағылшын тілінде пәндердің 30%-ы оқытылады. 76 ЖОО-да 2,5 мың арнайы топ құрылды, онда 30 мың адам оқудың барлық бағытты бойынша үш тілде білім алады.
Бүгінде қазақстандық ЖОО-ларда 13 мыңға жуық (3%) шетелдік студент оқуда. 2017 жылы аталған бағытта 200 мар­кетинг науқаны өткізілді. «Халықаралық бағ­дар­­ламалар орталығы» АҚ-ы Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Үндістан және Түркіменстанда білім беру бойынша 6 PR-шара өткізген.
2017 жылы Қазақстанда білім беруге 84 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тар­тыл­ды. Оның ішінде 71 млрд теңгесі – ақы­лы қызметтер көрсету, ал 13 миллиарды стар­тап­тар­ды дамыту мен бірлескен қаржы­лан­­дыру есе­бінен келген.
2018 жылға арналған міндеттерге сәйкес, БҒМ мәліметтері бойынша 121,8 мың орын­ға арналған 1 067 мектепке дейінгі мекеме (балабақшалар) ашу жоспарлануда (оның ішінде 766-сы немесе 71,5 мың орын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар еншісінде). Сондай-ақ балаларды ерте дамы­тудың стандарттары мен бағдарламаларын ен­гізу, білім беру бағдарламасына өзгерістер енгізу және жаңа бағдарламалар әзірлеу, элек­трон­дық Үкімет пен «E-әкімдік» жүйелерін бірік­ті­ру арқылы балабақшаларға бағыт беру үрдісін авто­­маттандыру бойынша Оңтүстік Қазақстан облы­сының тәжірибесін тарату жоспарланып отыр.
Орта білім беру бағытында биыл жаңар­тыл­ған мазмұнға көшу жұмыстары жал­ғас­тырылады (3, 6, 8 сыныптар), жаңартылған мазмұнға сәйкес бі­лім беруге көшкен мұғалім­дердің ең­бек­­ақы­сын біртіндеп 30%-ға арттыру, педа­гог­тар­ды аттестациялаудың жаңа жүйесін енгізу, аттес­таттаудың жаңа ережелерін қабыл­дау, білік­ті­лік деңгейін және ұлттық біліктілік тестінің нәтижелерін ескеретін педагогикалық шеберлік санаттарына арналған қосымша ақы төлеудің жаңа желісін құру жоспарда бар. Педагогтар біліктіліктеріне байланысты 20%-дан 50%-ға дейін қосымша ақы алатын болады.
Техникалық және кәсіптік білім беруде «Барлығына арналған кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын енгізу, 20 құзырет орталы­ғын құру жұмыстары жалғастырылады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бі­лім беру саласында 2018 жылы ЖОО-лар­дың академиялық және басқарушылық дербес­ті­гін кеңейту, университеттердің білім беру бағ­дар­ла­ма­ларының тәуелсіз рейтингін жүргізу және үздік білім беру бағдарламаларының тізімін жасау, шет елдерде білім беру көрмелерін ұйымдастыру және өткізу, Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Түр­кіменстанда Халықаралық бағдарламалар орта­лығы өкілдіктерін ашу мәсе­лесін пысықтау көзделуде.
2018 жылы ақпараттық технология, педаго­ги­калық, медициналық, техникалық бағыт­тар бойынша елімізде жаңа университет­тер ашу мәселесі қарастырылады.

Айхан ШӘРІП

Түпнұсқадағы тақырып: «Жаңа университеттер ашылады»

aikyn.kz

Мынаны да қараңыз

ШЕКАРАЛЫҚ АУЫЛДАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАУЫ ТИІС

Қостанай облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және өркендеген қоғам құндылықтарын қалыптастыру және ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *