ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгінгі Үкімет отырысында білім берудің жаңа мазмұнына көшу туралы қазақ және орыс тілінде жасаған баяндамасында оқулықтарды сатып алуға қосымша қаржыны қажет ететін өңірлерді атап көрсетті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Министр жаңартылған мазмұнға көшкен мұғалімдердің жалақысы қаңтар айынан бастап 30 пайыз үстеме ақы қосылғанын айтты.
«Жаңа мазмұнға көшуді нормативтік және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша барлық іс-шаралар Назарбаев зияткерлік мектебімен бірге орындалып жатыр. Типтік жоспар мен оқу бағдарламалары бекітілді, оқулықтар және оқу әдістемелік кешендер әзірленді, критериалды бағалау енгізіліп жатыр. 3,6,8-сынып оқулықтары қазіргі уақытта дайын, енді сараптамадан өткізу үшін қоғамдық бағалау орталығына шықты. Күніне 20 мыңнан астам адам сайтқа кіріп, бағалап отыр», — деді министр.
Министр әр 4 жыл сайын оқулық сатып алу алынып тасталғанын, оқу бағдарламасына маңызды өзгерістер енгізілген жағдайда ғана жаңа оқулықтар шығарылатынын айтты.
«Жергілікті атқарушы органдарды оқулықтармен толық қамтамасыз ету үшін қажеттілігіне қарай ғана сатып алатын мүмкіндік берілді. Оқулықтардың электронды нұсқасын міндетті түрде ұсынатын боламыз. Апробация 1-11 сыныптың барлық деңгейінде жүргізілді. Наурызда келесі оқу жылына арналған оқулықтардың тізімі әзірленіп, сәуір айында әкімдіктер оны сатып ала бастайды. Ақмола облысын 426 млн теңгеге, Алматыны 45 млн, БҚО-ны 700 млн, Қостанайды 415 млн, Қызылорданы 428 млн, ОҚО-ны 300 млн теңге қосымша қаржыландыру қажет болып тұр. Білім мазмұнын жаңарту мақсатында мұғалімдерді цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етеміз. Мектептер 100 пайыз цифрлық ресурстарға қосылды. Ауылдық жерлердегі мектептердің 97 пайызы интернетке қосылған. Интернет сапасы мәселесі барлық өңірде бар. (…) Осы мәселені шешу үшін жергілікті органдарға кеңжолақты интернетпен, wifi-мен және компьютермен қамтамасыз етуді тапсыруыңызды сұраймын», — деді ол бүгінгі Үкімет отырысында.
Тобыл-Торғай-ақпарат