Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқу жылының басталуы қарсаңында баспасөз конференциясында қазақстандық білім беру жүйесінде қандай жаңалықтар болатыны туралы айтып берді деп хабарлайды primeminister.kz.
Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін 3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен, оның ішінде жеке секторды тарту арқылы 100% қамтамасыз ету туралы міндет қойды. Ерлан Сағадиевтің айтуынша, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі басты белгі — мемлекеттік–жекеменшік әріптестікті дамыту. Бүгінгі таңда МЖӘ көбінесе мектепке дейінгі білім беру саласында дамыған. Қазақстандағы жекеменшік балабақшалардың үлесі бүгінгі таңда 30% асады. 3 жастан бастап 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жаңа оқу жылында 93% құрайды.
Орта білім беруде жаңартылған мазмұнды енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылында жаңа мазмұн бойынша 3, 6, 8 сыныптар оқуға кіріседі, сондай-ақ, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын (БМЖС) және 4, 9, 10 сыныптардың оқулықтарын апробациялау басталды. Мәлім болғандай, жаңартылған мазмұнға көшу дегеніміз — бұл түбегейлі жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар мен кадрлар. ҚР БҒМ ақпаратына сәйкес, бүгінде жаңартылған мазмұндағы оқулықтар дайын және 99,4% Қазақстан мектептеріне жеткізілген. Баспалардан оқулықтарды алып жеткізуге күн сайын мониторинг жүргізіліп жатыр. ҚР БҒМ басшылығының айтуынша, ведомство кітаптардың тек қандай да бір өңірге жеткізілуін емес, сондай-ақ, әрбір мектепке жөнелтілуін қадағалайды.
Оқулықтармен қамтамасыз етуді реттеуді жетілдіру жөніндегі заңнамалық шаралар:
Бірінші — сараптама. Егер бұған дейін ол тек бір рет жүргізілсе, ендігі уақытта пәнді жүргізушілер оны екі рет өткізеді.
Екінші — биыл оқулықтарда QR-кодтар пайда болды, олардың көмегімен оқулықтарды планшетке немесе мобильді құрылғыға жүктеп алуға болады.
Үшінші — биыл әлеуметтік қабылдау мәселесі заңдастырылды, яғни, әдетте методология мамандары дайындайтын оқулықтарды ғалымдар баспадан шығарғанға дейін арнайы комиссияға берді, олардың қатарында журналистер, азаматтық қоғам, саяси партиялардың өкілдері болды.
Төртінші — оқулықтар алдын ала сайтта жариялана бастады, ҚР БҒМ өз кезегінде қоғамдық сараптама жүргізді. 2018 жылы 5000-нан астам ескертпе түсті, олардың көбісі ескерілді.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына жолдауында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керектігін атап өтті. Бұл — жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.
«Барлық өңірлердегі оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек», — делінген Жолдауда.
ҚР БҒМ деректері бойынша, биылғы оқу жылынан бастап «Информатика» пәні 3 сыныптан бастап оқытылатын болады, осыған дейін 5 сыныптан бастап қана жүргізілетін. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Информатика» пәні оқу бағдарламасына 1–2 сыныптардан бастап енгізілетін болады. Бұдан өзге, барлық өңірлерде жергілікті атқарушы органдар роботты техника, бағдарламалау, 3D-принтинг сыныптарын ашуда. Қазіргі таңда еліміздің 1500 мектебінде осындай сыныптар бар. Жақын арада өңірлерде АТ-лицейлер ашу жоспарланған. Бұндай шаралар жас буынды ғылыми-зерттеу және өнеркәсіптік-технологиялық ортаға сәтті біріктіруге жол ашады, сондай-ақ өсіп келе жатқан мамандарды цифрлық экономика ерекшеліктеріне даярлайды.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда білім беруді цифрландыру жұмыстары белсенді түрде дамып келеді. Мәселен, жаңа оқулықтар электрондық форматқа аударылды. Оларды баспалардың сайттарынан жүктеп алуға болады. Білім және ғылым министрлігі барлық баспаларға осындай талап қойды.
«Күнделік» электронды күнделігі аясында тек 2017 жылдың өзінде 450 млн баға қойылып, цифрландырылды. Жыл соңына дейін білім беру саласындағы барлық ақпараттық деректер базаларын біріктіріп, ҚР БҒМ-ге мектептерде болып жатқан барлық процестерді мұқият қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай платформаны құру көзделген. Ол жерден білім беру жүйесі қандай жылдамдықта әрі қандай сапада жетіліп жатқанын білуге болады.
Қалалық мектептерде жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу туралы айтар болсақ, аталған шара білім беру мекемелері арасындағы бәсекені арттыруға және жеке капиталды тартуға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.
ҚР БҒМ-де мәлімделгендей, 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына қаржыландыру Астананың 79 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектептерінде енгізіледі. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл жүйеге Алматының 192 мемлекеттік мектебі, Шымкенттің 127 мектебі, келесі жылдың қаңтар айынан бастап — еліміздің барлық жекеменшік мектептері қосылады. 2020 жылғы қыркүйектен бастап республиканың барлық қалалық мектептерінде — 1535 мекемеде жан басына қаржыландыру жаппай енгізіле бастайды.
Жан басына қаржыландыруды енгізу әрбір мектепте оқитын оқушылар санына негізделген бюджеттік қаражаттың белгілі бір мөлшерін бөлуді білдіреді: оқушылар саны қаншалықты көп болса, бөлінетін сома соғұрлым көп болады. Жүйенің артықшылықтары туралы айта отырып, балаларға, олардың мүдделеріне және мемлекет кепілдік берген сапалы білім алу құқығына бірінші кезекте назар аударылатынын атап өту керек. Жан басына шаққандағы нормативтің орташа мөлшері әр түрлі, мәселен: мемлекеттік мектептер үшін ол — 224 704 тг тең болса, ШЖҚ-ғы МК ұйымдастырушылық-құқықтық формасындағы мектептер мен жекеменшік мектептер үшін — 235 527 тг.
Жаңа оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде де өзгерістер болады. Егер өткен 2–3 жылда жалпы орта білім беру мәселесіне баса назар аударылса, биыл Білім және ғылым министрлігінде еңбек нарығына мамандарды даярлап шығаратын ұйымдардың сапасын арттыру бағытына көбірек басымдық берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің үлесі 54%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл азаматтарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға мүмкіндік берді, ал оның нәтижесі — еңбекке орналастыру деңгейін арттыру болмақ.
Қазақстандағы әлеуметтік ортаны дамытуды жалғастыру мақсатында, Елбасы білім беру гранттарын ұлғайтуды тапсырды: өткен жылы 10 мыңға, және тағы 20 мыңға — осы жылы. Сол себепті ЖОО-лардың сапа жолындағы жауапкершілігі — №1 міндетке айналды. ҚР БҒМ-де бұл мәселені қалай шешпек? Алдымен, Министрлік түлектердің жұмысқа орналасу деңгейіне негізделген рейтинг базасында ЖОО-лардан жұмысқа орналасу деңгейі төмен мамандықтар бойынша лицензияларды қайтарып алу шараларын қабылдай бастайды. Биыл 17 лицензия қайтарып алынды. Жұмыс алдағы уақытта күшейтіледі. Бұл ЖОО-ларды негізгі бағыттар бойынша бейімдеуге әкеледі. Дипломы сұранысқа ие емес жерде, мамандыққа оқытудың мәні жоқ. Соның нәтижесінде бітірушілердің жұмыспен қамтылу пайызы артады.
Жаңа оқу жылына дайындық барысымен егжей-тегжейлі танысу мақсатында РrimeMinister.kz тілшілері елорданың жаңа мектептері мен білім беру ұйымдарының жөндеу жұмыстары жүргізілген нысандарына барып қайтты. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 3 млн-нан астам бала 7024 мемлекеттік мектепке барады. 350 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа баратыны болжанған. Жаз кезінде 21 мектеп ашылды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 110 мектеп салынып жатыр, оның ішінде 72-сі биыл пайдалануға беріледі. Жергілікті бюджет есебінен 94 мектеп, 29 мектепке қосалқы құрылыс салынып жатыр. Оның 17 мектебі мен 15 қосалқы құрылысы пайдалануға берілген. Сонымен қатар, 166 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Астана қ. Білім беру басқармасының бас маманы А. Аманкелдиеваның мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында елордада 158 мың оқушы болады деп шамаланған. Олардың ішінде 1 сынып оқушыларының саны — шамамен 18 мың бала.
«Биыл бізде бірінші сыныпқа қабылдау форматы сәл өзгерді. Қызмет түрі автоматтандырылды. 1 маусымнан бастап 1 сыныпқа құжаттар электронды форматта және қағаз түрінде қабылданып жатыр. Қазіргі таңда электронды форматта 15 мыңға жуық баланың құжаты қабылданды. Биылғы жаңа оқу жылында 5 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Екі мектеп: №60 мектеп-лицей және №72 мектеп. Бір нысанда дарынды қыз балалар оқитын болады, тағы бір нысан осы жылдың соңында пайдалануға беріледі. Бүгінде барлық білім беру нысандары 1 қыркүйекке дайын. Барлық мектептер жөндеуден өтті. Кейбіреулерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептердің барлығы 100% оқулықтармен қамтамасыз етіледі», — деді А. Аманкелдиева.
Өз кезегінде, астаналық №3 мектеп-гимназияның директоры Е. Шеверняева жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталғанын айтты. 1 қыркүйекте балалардың мектепке келуіне барлық жағдайлар жасалған.
«Мектепте жөндеу жұмыстары 100% орындалды. Барлық коммуникация желілері жұмыс істеп тұр, таяуда бізге комиссия келді, олардың қатарында өрт қауіпсіздігі инспекциясы, СЭС, білім беру басқармасының өкілдері, ата-аналар қауымы мен журналистер болды. Ол кәсіби комиссия болды, барлық құжаттаманы тексерді, ғимараттардың жағдайымен, қажетті жабдықтармен жарақтандырылу жағдайларымен танысты. Тексеріс қорытындысы бойынша бізге жақсы баға берілді», — деді мектеп директоры Е. Шеверняева.
Оның айтуынша, бүгінде педагогтер демалыстан шығып, мерекелік 1 қыркүйекке дайындалып жатыр.
«Соңғы дайындық жұмыстары қалды: біз перделерді іліп, ұсақ-түйек жұмыстарды жасап жатырмыз, ал тұтастай алғанда – мектебіміз дайын. Жөндеу жұмыстары 4 млн теңгеге жасалды. Осыған дейін су өтіп кете берген шатырды жаңарттық, ұл балаларға арналған дәретхана бөлмелерін бастан-аяқ жөндедік. Барлық қабырғаларды боядық, стендтерді жаңарттық, мектеп асханасы сырланды және т.б. жұмыстар орындалды», — деді ол. Сондай-ақ, айта кетерлік жайт, осы мектептің 1–11 сынып оқушылары жыл сайын барлық пәндер бойынша тегін оқулықтармен жаппай қамтамасыз етіледі, сондықтан да 1 қыркүйекте балалардың бәрі мектепке оқулықтарымен келеді.
Астана қаласының қыз балаларға арналған «Білім инновация» жаңа лицейінің директоры Е. Сламбеков оқу корпусы білім беру процесіне толықтай дайын екенін жеткізді. Жаңа мектеп 800 оқушыны қабылдауға әзір.
primeminister.kz