ДИРЕКТОРЫН САЙЛАП АЛҒАН ЛИЦЕЙ

Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес еліміз бойынша білім беру мекемелері жанынан Қамқоршылық кеңес ұйымдары құрылған болатын. Қамқоршылық кеңестер дегеніміз — білім берудің сапасын, мұғалім, ата-ана мен оқушылардың қарым-қатынасын, бюджеттік және қайырымдылық мақсатта берілген қаржыларды бақылайтын халық өкілдерінің тобы. Оның көздеген негізгі мақсаттарының бірі – білім беру мекемесі басшылығының жұмысына баға беру, оқушылардың білім алуына барынша жағдай жасау, сол арқылы жұмыстың оңалуына оң ықпал жасау, жалпы мектепке қолдау көрсету. Осы ретте Қамқоршылық кеңестердің қоғамдағы рөлі мен атқаратын қызметі туралы толығырақ білу мақсатында кеңес жұмысын оң жолға қойып, алғашқылардың бірі болып мектеп директорын сайлаған Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 лицейі Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бишкенов Талғат Серікбайұлын әңгімеге тартқан едік.

Білім беру мекемелерінде осы күнге дейін Ата-аналар комитеті жұмыс істеп келгендігі мәлім. Бірақ соңғы уақыттағы жылдам дамыған қоғамдық құндылықтар, бала тәртібінің мың құбылуы, жасөспірім бойынан байқалған әрқилы мінез Ата-аналар комитетінің маңызды мәселелерді шешуге келгенде әлсіздік танытатынын көрсете бастады.

— Бүгінде Қамқоршылық кеңестері құрылып, оның жұмысын жолға қою арқылы қоғамдық бақылау күшейтіліп отыр. Ендігі кезекте, білім беру мекемесінің басшысы Қамқоршылық кеңесінің алдында есеп беруге міндетті. Оның құрамына кімдер енеді деген сауал да туындайды. Айта кеткен жөн, кеңес әр алуан өкілдерден құрылып, нәтижесінде біржақты пікірге жол берілмейді. Кеңес құрамында ата-аналар, жеке кәсіпкерлер, депутаттар бар. Білім беру мекемесінің басшысы Қамқоршылық кеңесінің отырыстарына қатысқанымен, оның құрамына енбейді. Қамқоршылық кеңесіне беріліп отырған айрықша өкілеттіктің арқасында олар білім беру ұйымдарының әкімшілігінің де жұмыстарын толыққанды бақылау мүмкіндігіне ие. Осы арқылы балаларға беріліп жатқан білім сапасына және мектепішілік қоғамдық қатынастарды реттеуге қатысты қызметтерді талап ете алады. Осының арқасында балабақша, мектеп, колледждерді басқару әлдеқайда ашық болады, сонымен қатар білім сапасын күшейте түсуге мүмкіндік береді. Өткен оқу жылының соңында лицейіміздегі Қамқоршылық кеңесі алғашқылардың бірі болып оқу орнының директорын сайлады. Ұсынылған 6-7 кандидаттың ішінде Қамқоршылық кеңесінің мүшелерімен 3 адам іріктеліп, Астана қалалық Білім басқармасына әңгімелесуге жіберілді. Басқармада өткен әңгімелесуге де кеңес атынан бір адам қатысып, өз пікірін білдіру құқығын иеленді. Бұл — Қамқоршылық кеңестерінің өкілеттілігі кеңейе түскендігінің айқын дәлелі деп ашық айтуға болады, — дейді Талғат Серікбайұлы.

Кеңес мақсаты – қоғамдық бақылауды орнату арқылы қаржының әділ бөлінуін қамтамасыз ету, білім беру ұйымының жарғысындағы талаптарды орындату және материалдық-техникалық базаны нығайтуға жағдай жасау. Қамқоршылық кеңесі оқу мекемесінің атынан билікпен еркін диалог орнатып, ашық азаматтық қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Ең маңыздысы, ата-анасының асырауынсыз қалған және  жетім балалардың лайықты білім алуына жағдай жасап, оларды қоғамға қосуды өз міндеттеріне алады.

Ақша мектеп қазынасына келіп түскеннен кейін әділетті әрі мақсатты түрде игерілуі керек. Сонда берекелі болады. Қамқоршылық кеңесі мектепте орын алып жатқан барлық жағдайды мұқият қадағалайды, қандай да бір заңбұзушылық байқаса, жөнге салады. Бұл қолға алынып жатқан шаралардың барлығы орта білім беру жүйесіндегі сапа мәселесін шешіп береді, – дейді лицейге 2018-2019 оқу жылының басында жаңадан сайланған директор Базыл Жангелді Сағынбайұлы.

Лицей директорының пайымдауынша, Қамқоршылық кеңес мектепті дамытуға, ондағы білім алатын оқушылардың білімі мен өнерін жетілдіруге септігін тигізеді. Қамқоршылық кеңестері — қоғамның білім саласын басқаруға қатысу формаларының бірі. Бұл білім беру мекемесін дамытуға мүдделі адамдардың ерікті негізде біріктіретін мемлекеттік және коммерциялық емес қоғамдық ұйым.

– Өз басым оқу жылы басталғалы Қамқоршылық кеңес ұйымдастырған 2 жиынға қатыстым. Қамқоршылық кеңестері дегеніміз — бірінші кезекте, қоғамдық бақылау ғой. Оның маңыздылығы мен оны құрудың қажеттілігін түсінген ата-аналар бірауыздан қолдадық. Білім беру мекемесі басшысы кеңес мүшелері алдында есеп беретіні қуантарлық жағдай. Жеке өз басым ата-ана ретінде қоғамдық бақылау – Қамқоршылық кеңестерінің жұмыс істеуін толыққанды қолдаймын. Бүгінде кеңестің рөлі артып келе жатыр. Сондай-ақ аясы кеңейіп, оған ата-аналармен қатар қоғам қайраткерлері де қатыса бастады. Бұл кеңестер барлық мәселелерді қамтып, білім сапасының артуына әсер етеді деп үміттенеміз. Мұндай тәжірибелер шет мемлекеттерде де бар екен. Мысалы, Израиль елінде осындай кеңестердің отырысы кезінде ата-аналарға, оқушыларға және мұғалімдерге арналған түрлі шеберлік сыныптары да өткізіледі. Қоғамдық ұйымның мәртебесін арттырып, оның жоспарын айқындай түсу үшін, әрине, Қамқоршылық ұйымдарын толықтай қолдаймыз, – дейді осы мектептің 3-сынып оқушысының анасы Жанаргүл Асылбекова.

Шынымен де, Қамқоршылық кеңес — тек қолдау мен қаржыландыру ғана емес, мектептің, ең маңыздысы, азаматтық қоғамның билікпен диалог құру құралы. Бүгінде еліміз бойынша құрылған Қамқоршылық кеңестер мектептің әлеуметтік-мәдени, сауықтыру, дамыту бағыттарындағы іс-шараларды ұйымдастыруға көмек көрсетеді және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылардың тұрмыстық жағдайлары мен жұмыспен қамтылуын жақсартуға тырысып бағуда. Сондай-ақ білім беру ұйымының қызметіндегі кемшіліктерді жоюға бағытталған ұсыныстарды енгізеді. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 6915 Қамқоршылық кеңесі жұмыс істейді. Жыл басында бұл көрсеткіш 5958-ді құраған болатын.

Айгүл ТӘШЕТОВА

 

 

Мынаны да қараңыз

ШЕКАРАЛЫҚ АУЫЛДАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАУЫ ТИІС

Қостанай облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және өркендеген қоғам құндылықтарын қалыптастыру және ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *