ҚМПУ-ге академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске салайық, осы жылдың наурыз айында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты университет мәртебесіне ие болды. Мұнан соң өңірдің зиялы қауым өкілдері университетке қазақтың ұлы ғалымы Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімін беру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Күні кеше білім ордасына Астанадан қуанышты хабар жетті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қарашадағы №754 қаулысымен жоғары оқу орнына академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді.
Өмірзақ Сұлтанғазин — Қостанай облысының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетін үздік бітірген. Білім саласындағы жеткен жетістіктерінің арқасында академик дәрежесіне көтерілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды.
«Біздің көптен күткен арманымыз орындалды. Ең бастысы, Өмірзақ Махмұтұлы — даңқты жерлесіміз, қазақтың абыройын асқақтатқан азамат. Әлем таныған қайраткер. Оған қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Онымен біз әрқашан да мақтанамыз» дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы.
Белгілі болғандай, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті келесі оқу жылынан бастап «Педагогика және психология» мамандығына магистратура талапкерлерін қабылдайды. Ал докторантура «Тарих» және «Биология» мамандығы бойынша ашылмақ. 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...