«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» марапаты бекітілуі мүмкін

«Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасын дайындаған жұмыс тобы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» марапатын бекітуді ұсынды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда педагогтарға және педагогика саласындағы қызметкерлерге (азаматтық) берілетін демалыстар 56 және 42 күнге созылады. Білім саласындағы қызметкерлер педагогтар секілді ұзақтау демалысты алмайды. Соған байланысты педагогтардың барлығына бірдей 56 күн жылдық ақылы еңбек демалысын беріп, теңестірсек деген үміт бар», — деді «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасын даярлаушы жұмыс тобының мүшесі, Астана қаласының гуманитарлық колледжінің директоры Елдос Нұрланов БҒМ-да өткен басқосуда.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігінің бірнеше көтермелеу түрі бар. Мәселен, «Құрмет» грамотасы, Алғыс хат, Білім саласының құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин сыйлығы және Ғылымның дамуына қосқан үлесі сыйлықтары бар.
«Біздің ойымызша, «Құрмет» грамотасын алған қызметкерлерден бастап, награда алған қызметкерлерге төсбелгі беріп қана қоймай, тиісті қаражатпен қуатталса нұр үстіне нұр болар еді. Сол секілді мемлекеттік награданың қосымша бір түрін қарастырса — «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» дегендей атақ беруді ұсынамыз. Біздің ойымызша, бұл — жақсы ұсыныс. Көрші елдерде мұндай награда түрі бар. Себебі, педагог, дәрігер, судья секілді қызметкерлер қоғамда аса үлкен рөл атқаратындықтан, мұндай марапатты қарастыру орынды», — дейді Елдос Нұрланов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді. Айта кетерлігі, БҒМ-дағы бүгінгі басқосуда заң жобасы бойынша еңбек етіп жатқан жұмыс тобы мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тартқандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынды.

tobyl-torgai.kz

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...