Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Анкарада талқыланды

Түркияның қазақ еліне деген құрметі ерекше. Олар біздің елдегі жаңалықтарға да жіті мән береді деп хабарлайды tobyltorgai.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мысалы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті мақаласына назар аударғандар көп. Президентіміз негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес басқармасы ұлы дала ұлағатын ұлықтаған маңызды мақаланы талқылап, тағылымды жиын ұйымдастырды.

Алқалы жиынға Анкара қаласындағы ілгері оқу орындарының профессорлары мен студент жастар қатысты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз мәжілісті ашып, басқосудың мәнін баян етті. Елбасымыз мақаласының маңызды тұстарына айрықша тоқталып, ауқымды тұрғыда талдады. Бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама-мақаласының заңды жалғасы ретінде жарияланған мақаланың тарихи сананы дүр сілкіндіргеніне назар бұрды.

Мұса Йылдыз, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор:

– Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ретінде Қазақстан Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қандай үлес қоса аламыз, қандай жобаларды жүзеге асыруға болатындығын кеңінен қарастырдық. Осы орайда, жоғарғы оқу орнымыз екі жылда бір рет Түркология конгресін тұрақты түрде ұйымдастырып жүр. Елбасының бастамасына сәйкес, бұл шараны одан әрі жетілдіріп, конгресті Астана қаласында ұйымдастыруға мұрындық болуды көздеп отырмыз, – деді.

Халықаралық оқу орнының президенті, профессор Болатбек Әбдірасылов мақаладағы басым бағыттарды жеке-жеке сөз етіп, студент жастарға кеңінен түсіндірді. Мақаладағы бастамалар мен бағдарламалар оқу орындарына үлкен міндет артып отырғандығын баян еткен Болатбек Серікбайұлы, ғылым ошағы ретінде мақаладағы басым бағыттарды жүзеге асыруда алғы шепте болатындықтарын жеткізді. Әсіресе, «Архив-2025» жобасы бойынша университет кадрларының атсалысатындығын айтты.

– Біздің докторанттар осы істерге қатысса, ғылыми зерттеу жұмыстарын, тематикалары мен мазмұндарын балаларымыздың тарихына қатысты көңіл бөлсе деген пікір алыстық. Шынымен де бүгін өз ой-пікірлерін айтқан докторанттар, осы мақаланы қолдау бағытында жұмыстарға үлес қосамыз деген тілектерін айтты, – деді Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, профессор Болатбек Әбдірасылов.

Шәкірттерге білім беріп, ғылымға баулып жүрген ұстаздар да талқылау жиынында айрықша пікірлерімен дараланды. Ғалымдар мақаланың Түркия Республикасында да үлкен қызығушылықпен оқылып, талқыланып жатқанын атап өтті.

Мехмет Топлу, Анкара Хажы Байрам Вели университеті коммуникация факультетінің ұстазы, доцент:

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы қазақ халқының тарихын жандандырып, терең тарихқа үңілуіне жол ашады. Мұндай бағдарламаны түрік елі 1930 жылдары жүзеге асырған. Бұл елдің болашағы үшін өте маңызды, – деді.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бастамасымен Ыстамбұл қаласындағы Мармара университетінде төрт оқу орнынан жиналған ғалымдар Елбасы мақаласын ғылыми көзқараста талдап, түйінді тұстарды жан-жақты ойталқы өзегіне айналдырды. Ғылым майталмандары, әсіресе, Президент мақаласындағы «Архив – 2025» бағдарламасы мен түркологтардың әлемдік конгресін шақыру идеясы және де тұтас түркіні қамтитын ұсыныс-жобалар көкейге қонған бастама болғандығын айрықша атап өтті.

Меруерт ҚАНАҒАТ

Седат ДЕНЛИ

фото kazinform

tobyl-torgai.kz

 

 

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *