Қостанайлықтар «Үйленуге» шақырады

Гогольдің көрерменін күлкіге көміп, күлдіре отырып «күйдіретін» «Үйленуін» таныстырып жату артық. Қоғамның келбетін әжуамен әшкерелеген шығарманың құдыреті – қанша рет қойылса да, халықты жалықтырған емес. Оның себебі, туынды нысанаға алған тақырыптың маңыздылығында.

Баршаны ынтық еткен осынау спектакльді І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры да сахналады. Режиссері — театрдың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан. Таныс та бейтаныс «Үйлену» қостанайлық өнерпаздардың сомдауында мүлдем жаңаша қырынан жарқырайды. «Гоголь шығармасы арқылы ұжым кәсіби тұрғыда жоғарылағанын көрсетті. Тыңнан түрен салған. Облыс театры танымастай өзгерген, биіктей түскен» дейді қойылымды тамашалағандар.

Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Үйлену» кезектен тыс ел назарына ұсынылды. Себебі, қойылымда ойнайтын қос бірдей өнерпаздың туған күні. Фарс жанрында сахналанған шығармаға халық көп жиналды. Көпес қызы Агафья Тихоновнаның айналасында өрбитін қилы-қилы тағдыр, түрлі-түрлі оқиғаны көрсету арқылы ой салған туынды бір жарым сағат бойы езу жидырмады.

Кеш соңында Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов туған күн иелері — Жібек Үсенова (Дуняша) мен Төленді Әлғожиндерді (Кочкарев) құттықтап, өнердегі сапарына сәттілік тіледі.

«Елбасы биыл Жастар жылын жариялады. Қостанай театрында жаңашыл буынның өсіп келе жатқаны қуантады. Өнерлі жастарды әрқашанда қолдауға әзірміз. Олардың мүмкіндіктерін ашуға барынша жағдай жасалады. Гоголь шығармасының Тобылда қойылуы — өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға» деп атап өтті Ерлан Болатұлы.

«Үйлену» театр репертуарда тұрақты түрде көрсетіледі. Туындының айтары қай заманда да маңызды. Жар таңдауда қателеспей, отбасы құрып, сәби сүю — өмірдің басты мәні. Осынау басты құндылықты байлық, мапсап, қызметпен шатастырғандарды шенейді. Ал Қостанай театрындағы қойылымның сахналануы, режиссерлік шешімі, әртістердің шеберлігі өз алдына бөлек әңгіме.

Қысқасы, әйгілі шығарманы көру керек, ол үшін театрға бару керек.

Сондай-ақ, театрдың жаңа қызметкері көпшілік алдында таныстырылды. Ол — әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абылай Мауданов. Айта кету керек, оның «Әбдіғапар» тарихи драмасы таяуда «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала» республикалық шығармашылық конкурсында «Драматургия, көркем фильм мен телесериал сценарийі» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды жеңіп алған болатын.

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *