Абайды жатқа оқитын қыз (видео)

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев 9 жастағы мектеп оқу­­шысы Ләйлім-Шырақтан қазақтың бас ақыны Абай Құнан­байұлының өле­ңін оқу эстафетасын қабылдап, жал­ғастырғаны сол еді, өзгелер де челленджге жаппай атсалысып жатыр. Бұдан Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов те қалыс қалған жоқ. Ол да ақын шығармасынан үзінді оқып, эстафета тізгінін Татьяна Ситникова есімді бойжеткенге жолдаған болатын. Хош.

 Әкім Таняға бекер жолдамаған екен. Ол мемлекеттік тілді жетік меңгерген, данышпан Абайдың 225 өлеңін мүдірместен жатқа оқитын болып шықты. Қостанай ауданының Алтын дала ауылындағы орта мектепті қазақша оқып, Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай педагогикалық университетін тарих пәні бойынша тәмамдаған…

Қарапайым отбасында тәрбиеленген Таня – аудандық, қалалық, облыстық «Абай оқулары» байқауларының жеңімпазы. Ұлы ақынның Қара сөздерін, «Ескендір» поэмасын, сондай-ақ Шәкәрім шайырдың 80 өлеңін де жатқа біледі. Семейде өткен республикалық «Абай оқулары» байқауынан да топ жарып, 2-орынды жеңіп алыпты.

Бүгінде Қостанайда қазақша сайрап жүрген Таняның ұялы телефон нөмірін тауып алып, қоңыраулаттық.

– Қазақшаны қалай үйреніп жүрсің? – деп қызығушылық таныттық біз салған жерден.

– Жергілікті ұлттың балаларымен қазақы ауылда бірге өстім. Қазақ деген ағайынның шұрайлы да бай тілін жан-жақты меңгеруге талпындым. Әрине, уақыт өте мақсатыма жету үшін таудай талап аз ететіндігін түсіндім. Ол үшін жоғары білім алып, тың ізденістер жасау керек екендігін терең ұқтым, – деп ақтарыла кетті қаршадай қыз.

– Абай әлемі сені несімен баурап алды? – деп және сұрадық.

– Ақын өлеңдерін бала күнімнен оқып, жаттап өстім. Оған үлкен әпкем Кристина үлгі болды. Ол да «Абай оқуларына» қатысып, жүлделі орын алып жүрді. Облыстық байқаудан 1-орынды жеңіп алып, республикаға дейін барды. 9-сыныптан кейін колледжді бітіріп, қазір отбасын құрды. Оның қоржынында Абайдың 100 өлеңі бар, – дейді Таня. – Сол секілді кіші сіңлім де ұлы ақынның бірнеше өлеңін жатқа айтады. Ал менің арманым – Абайды игеру.

Таняның айтуына қарағанда, ата-анасы Марина мен Виктор Ситниковтер отбасындағы алты баланы да қазақ мектебіне берген екен.

– Мен көп балалы отбасында өстім. Әкем Виктор мен анам Марина біз үшін барлық жағдайды жасады. Біздің білім алуымызға, еңбекқор болып қалыптасуымызға айрықша көңіл бөлді. Сондай қамқорлықтың арқасында отбасындағы алты бала ештеңеден кемдік көрген жоқпыз. Отбасында тек материалдық жағдай ғана емес, рухани жағына да айрықша назар аударылды. Таратып айтар болсам, өзім шаңырақтағы төртінші перзентпін. Өзімнен үлкен екі әпкем, бір ағам және екі інім бар, – дейді Таня.

Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жастайынан бойына сіңіріп өскен Татьяна жергілікті халықпен кәдімгі туыстардай болып араласып кеткенін айтады. Мемлекеттік тілді тиісті деңгейде үйренуіне тәлімгерлері, яғни ұстаздарының да сіңірген еңбегі айрықша екендігін жеткізді.

Татьяна бала күнінен журналист болуды армандапты. Диктор болып, жаңалықтар жүргізсем ғой деп те қиялдаған. Осылайша, бірде бағын сынап көрмекке «Қостанай» телеарнасына барған. Бір айдай тәжірибе жинақтапты. Алайда, жұмысқа қабылданбай қалған. Дипломы сәйкес келмегенге ұқсайды. Бірақ жігерлі қыз, арманы көкке ұшса да, еш мойымай, құрбыларымен қаладан пәтер жалдап, McDonald’s-та инструктор болып жұмыс істеп жүр екен.

– Мамандығым бойынша жұмыс іздеп кө­ріп едім, таба алмадым. Қостанай ауданы­ның­ бірнеше ауылының мектептеріне түйін­демемді тапсырып едім, еш жауап жоқ. Күн­көру керек болған соң, амал жоқ, осы мекемеде жұмыс істеп жатырмын. Бұл жұмысым ұна­ғанмен, мамандығым бойынша істеуім ке­рек қой, – дейді Абайды пір тұтатын сары қыз.

Қостанайлық шенеуніктер Таняға тек эстафета жолдамайды екен, мерекелік іс-шараларға қатысуға шақырып тұратын көрінеді.

Біздіңше, қостанайлық әкім-қаралар іс-шараларда өздері көзге түскісі келіп, өлең оқуға шақыра бергенше, Қостанай облысы әкімінің «Қазақ тілін дамытуға үлес қосқаны үшін» аталымының лауреаты, көп балалы отбасынан шыққан талапты жас Татьяна Ситникованы барынша қолдап, мамандығы бойынша жұмыс тауып бермей ме?!.

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *