Озбырлық шындығын ашқан шығарма

Кез келген ақын-жазушы үшін ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау – ең басты парыз. Қаламды қару еткен сөз сарбаздарын халқы да айрықша қадірлейді. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – қаламгер Ораз Қауғабай қашанда батыл сөйлеуден жаңылмаған жазушы, журналист, қоғам қайраткері Сапабек Әсіптің «Қазақ қасіреті» кітабы туралы ой толғады.

Қазақ халқының өткен тарихы мен жер-суының тағдырын терең білетін ғалым-қаламгер Сапабек Әсіпов ағамыздың «Қазақ қасіреті» атты кітабында жетпіс жылдан астам уақыт бойы айтылмаған отарлық саясаттың жер жаулау шындығы біз білмейтін фактілер мен деректер арқылы шынайы әшкереленеді. Сапекең Компартияның қылы­шы­нан қан тамып тұрған 80-жыл­дар­дың өзінде қазақ жер-суының тағдырына байланысты ұлтжанды азамат ретінде мәселе көтерген екен. 1989 жы­лы сол кездегі Қазақ ССР Министрлер Сове­ті­нің Председателі Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баевқа жазған хаты куә. Халықтың түпкі ойын білдіретін хаттағы тілек, талаптарды Нұрекең жақсы түсініп, Сапекеңе рақметін айтып, өз қо­лын қойып жауап қай­тарады.

Әлемді елең еткізген Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін отар болған қазақ жерінің тағдырына терең үңіліп, шөл мен тау-тасқа айдалған қазақ халқының қасіретін қозғау оңай емес еді. Бірақ Сапекең сияқты атамекен Отанына табынған, жер-суының киесін қадірлеген, оның тағдырына налыған ғалым-қаламгер зор ізденіс пен батылдықтың арқасында қазақтың бұрын айтылмаған тағы бір қасіретінің шежіресін сол кезде бастап, оны кейін шер тарқата отырып жазғаны неге тұрады. Міне, сондықтан да «Қазақ қасіреті» кітабы – ел-жер тағдырының қанды тарихы, шерлі шежіресі.

Сапекеңнің кітабы таза тарихи деректер арқылы, бұлтартпас дәлелдердің негізінде алғашқы бетінен бастап, жауыздықпен жер жаулаудың сойқанын ашады. Басқыншылық саясаттың алғашқы өктемдігі былай айтылады: «Патша өкіметі 1734 жылы И.Кириловқа бер­ген «нұсқауында» Жайық өзе­ні шекара болып белгіленді. Қа­зақ­тардың өз бетімен малын айдап, Жайықтың оң жағалауына өтуіне тыйым салынды». Бұдан әрі қарай күшпен бекіністер мен қамалдар салудың қазақты сандалтып, қоныс-мекендерінен қуудың сүргіні, аласапыран-дүр­бе­леңі қаз-қалпында жалғасады. Озбыр­лық пен отарлыққа қарсы Батыс Қазақстанда бас көтерген халық көтерілісінің сыр-себебі түсіндіріледі. Әсіресе, жер жаулауға байланысты қатігез саясаттың сорақы фактілері жан түршіктіреді. Қазақ жерін мұнда келген казактар мен мұжықтар ғана емес, Петербург пен Мәскеуде тұратын орыс князьдары мен графтары да ханталапай бөліске салады. Алыста жатып, қазақ жері арқылы байыған орыс алпауыттарының қасиетсіз қылықтарын біз күні бүгінге дейін толық білмей келдік. Тарих деректері тұнған құжатты шығарма бізге осыны ұғындырады Қазақты асыраушы киелі Жер-Анасынан айырудың неше түрлі айла-шарғылары мен қулық-сұмдықтарын тәртіп-заңға айналдырып, жерге байланысты зор басқыншылық саясат жүргізген орыс отаршылдарының тағылық әрекеттері шығарманың өн бойынан көрінеді.

«Қазақ қасіретінде» бір сүйемі қалғанға дейін отарланған қазақ жерінің көлемі орасан цифр тілімен сөйлейді. «Бұл үшін бір ғана мысал, – дейді автор, –1893-1905 жылдар арасында 12 жыл ішінде қазақтардан 4 миллион десятинадан астам жер тартып алынғанын, ал 1906-1912 жылдар арасындағы жеті жыл ішінде тартып алынған жер көлемі 17 миллион десятинадан асқанын айтсақ та жеткілікті болса керек». Басқыншылық саясатты ерекше ұстанған Ресей үкіметі алдымен Торғай, Ақмола, Семей облыстарының құнарлы жерлеріне қол салған. Бұл өлкелерге ішкі губерниялардан крестьяндар жүздеп, мыңдап шұбырып келген. Содан соң, келімсектер Сырдария мен Жетісу облыстарына келіп, қоныстанады. Қазақ даласына крестьяндардың келіп, үй-жай салып, шаруашылық жүргізуіне батыл қарсы тұрған адам – атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Автор қазақ халқының ұлы пер­зент­терінің бірі Ыбырайдың зор отарлық саясаттың жер жаулауы өктемдігіне байланысты қарсылығы төңірегінде жақсы ой тұжырымдайды. Өйткені Ы.Алтынсариннің отарлық ойран саясатына қазақ сахара заңы мен дін үрдісі арқылы да қарсы шыққанын көбіміз жете білмейміз.

Сапекең кітабында 1880 жылы «Жұт туралы», «Қазақ даласындағы аштық туралы» мақалалар жаз­ған Ыбырай Алтынсариннің В.Ка­та­ринс­кийге жазған хатынан мынан­дай үзінді келтіреді: «Жуырда мен «Орынбор листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттары туралы мақала жазып бердім. Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп, орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім». Жерінен айрылған қазақ халқының тез құрып кететінін кезінде үрейлене айтқан Ыбырай Алтынсариннің еңбегіне ғалым-қаламгердің сілтеме жасауы қасірет шындығын тағы шынайы дәлелдейді.

Жер-суын, ата-қоныс, жай­лау­­ын асқан қатігездікпен жау­лау­шыларға қазақ оңай көне қоймаған. Жағаласып, атысып, шабысып, қан төккен. Кітапта ата-қоныс, туған жерінен айрылған қазақтардың әр аймақтағы ереуіл, наразылықтары, қарсылық-қақты­ғыстары жалпы халықтық сипат алған көтерілістердің қан­ды салдары шынайы деректер арқылы көрсетіледі. Бұ­лардың бәрі кітаптың «Аждаһаның аузында» деген тарауында баяндалса, «Басқыншылық шежіресі» бөлімінде қо­ныс аударушылар әкелген бүлдіру мен күй­ретудің қасі­ре­ті әш­кереленеді. Қа­ра­құ­рым­дай болып қа­рашекпенділер қап­тағанда кір жуып, кіндік қаны тамған жерден қазақтардың шөл дала, құнарсыз жерге жөңкіле көшуі дәлелденеді. Патша өкіметінің қазақ даласын «мемлекеттік меншік» деп жариялап, біл­генін істеген жауыздығы енді басқаша жалғасады. Яғни, қа­зақ жерін ханталапай етіп, талан-таражға салудың құпия шаралары мен айла-амалдарының сыры ашылады. Автор қазақ жерін «мемлекеттік меншік» деп жариялаған 1891 жылғы патшаның «Далалық Ереже» заңының негізінде жүргізілген басқыншылықтың сырына үңіледі. 1904 жылы құрылған қоныс аудару және жерге орналастыру Бас басқармасының «жаулау шараларын» талдайды. Осы басқармаға бөлінген орасан қаржыны Сапекең «қастандық қаржысы» деп текке айтпайды. Өйткені басқарма орыстардың қазақ даласына түбегейлі орнығуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. 1909 жылы Патша «Вопро­сы колонизации» деп отарлау мәселесіне арналған арнайы басылым шығарған. Бұл да – көбіміз біле бермейтін қасірет шындығы.

Кітапта туған жер, ата қоныс­та­рынан күшпен көшірілген қазақ­тардың құнарсыз, шөлді аймақтардағы, жарамсыз жерлердегі тұрмыс-тіршілігі, азапты өмірі айрықша сөз болады.

С.Әсіповтің бұл кітабының тағы бір ерекше құндылығы – шы­ғарманың соңында қазақ халқының жерге байланысты заманнан-заманға жалғасқан қайғы-қасіретіне қатысты ойларын түйіндей келіп, оның зардаптарын жоюдың бірегей шараларын ұсынады.

 

«Қазақ әдебиеті» газеті

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *