Қаралы сұлу – Қарагөз

 Если человек любит кого-то до безумия,

То всякий его грех заслуживает прощения.

Маргарита Наварская

 Жазу жазып отыр еді, телефон шылдыр ете қалды. Тұтқаны құлағына тосқанда:

– Кешіріңіз, Ерасыл ағамен сөйлесуге бола ма? – деді бейтаныс дауыс.

– Мен тыңдап тұрмын.

– Ә, ә, иә, өзіңіз екенсіз ғой… Айып етпесеңіз, мүмкін болса… – деп жасқана сөйлеген дауысқа:

– Тыңдап тұрмын, айта беріңіз ,– деп жауап берді Ерасыл.

– Аға, есіңізде ме, өткен жылғы көркемсөз оқушылардың республикалық байқауы. Сонда мен Сіздің «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» деген өлеңіңізді оқығаным. Қазылар алқасының шешімімен берілген дипломды өз қолыңыздан алғаным. Сонда сіз маған «өлеңді дауыспен ғана емес, жүрекпен де оқиды екенсіз», деп едіңіз. Кейін, «Ақтақтыны» көргенде: Бүгін үлкен сахнада жарх етіп көріндіңіз. Енді жалт етіп сөніп қалмаңыз. Жұлдызыңыз жансын!» – деп қолымды қыстыңыз.

– Аты-жөніңді есіме түсіре алмай тұрмын.

– Атым – Динара, фамилиям – Мұратова.

– Қалқам-ау, сенен көз жазып қалдық қой, қайда жүрсің?

– Оны кейін айтайын, Сізбен кездессек бола ма?

– Не үшін?

– «Сағыныш» деген кітабыңызды бір емес, екі рет оқып шықтым.

Иә,– деп елең ете қалды Ерасыл.

– Шығармаларыңыз жайлы ой бөліссем, автограф алсам… Сосын ешкімге айтпаған сырымды Сізге ғана айтсам деп едім.

– Неге маған ғана айтасыз?

– Себебі,адамның жандүниесін Сіздей дәл бейнелейтін жазушы жоқ қазір қазақта.

– Асыра мақтап жібердіңіз.

– Бір емес, бірнеше шығармаңызды оқығанда туған ой бұл. Жан сырымды бөліссем… Сіз… Сіздің…

Әр сөзін бөліп айтқан Динараның даусының дірілінен толқып тұрғанын байқаған Ерасыл:

– Қысылмай айта бер, қалқам, – деп оны демеп жіберді.

– Айтсам, бір қажетіңізге жарап қалар… – деді аз тыныс алып, – Болашақ бір шығармаларыңыздың сюжетіне дегенім ғой… артық айтсам, кешіріңіз, аға.

– Бұл аптада уақыт жоқ.

– Сіздің әр күніңіз «расписан по муинам» екенін білемін. Өзіңізге ыңғайлы уақытты айтсаңыз…

– Алдағы, жо-жоқ, арғы сәрсенбіде хабарласыңыз, сағат онда.

– Рақмет, аға! Мазалағаным үшін кешірім өтінемін.

Ерасылдың бүкіл өмірі жазумен, кітап, газет оқумен өтіп келеді. Оған қабаттасып жатқан әртүрлі кештер мен кездесулерге, әрқилы тойлар мен асқа бару, телеарналар мен газеттерге сұхбат беру сияқты қат-қабат шаруа тағы бар. Соның бәрі аздай-ақ іні, қарындас, ержеткен ұлдарынан бастап туыс-туған, жерлестерінің бәрі мұның мойнына мініп алған. Тіпті, бейтаныс біреулер де әдейі іздеп келіп, кейде телефон шалып: «Сіз халықтың адамысыз ғой, сізге айтпағанда кімге айтамыз мұңымызды»,– деп басын қатырады. Қымбатшылық қысып, жұмыссыздық көбейіп, адалдықты аярлық жеңіп, ұйымдасқан жемқорлық қоғамды жегі құрттай жеп… жатқан мына күрделі кезеңнің күрмеуі қиын проблемалары аз ба? Біреуге үй, біреуге күй, біреуге қаржы, біреуге жұмыс керек! Жаратылысынан жүрегі жұмсақ Ерасыл ешкімге «жоқ» деп айта алмайды. Сосын жүргені, Айгүлдің сөзімен айтқанда,«свадебный генералдығы аздай-ақ, бесплатный бейнетпен» басы қатып.

Күнделікті өмірдің осындай күйкі тірліктерінен ығыр болған бір сәттерінде Айгүлге мұңын шағатыны бар: «Не менің, не сенің туыстарыңның арасында бізге қол ұшын беретін бір адам жоқ. Бәрі менің мойныма мініп алған.Әлі қанаты қатпаған сарыауыз балапандар құсап аузын ашып қарап отырады. Біздің шаңырақ көтеріп, тәп-тәуір қызмет етіп жүрген ұлымыз бен қызымызға дейін. Менен он есе аз еңбек еткен біздің жазушылардың балалары әкелеріне «Джип» сатып әперіп, қомақты қаржы төлеп 15-20 томдық шығармасын шығарып, котедж салып беріп, жыл сайын шетелге демалдырып, мерейтойларын өткізіп жатыр. Бізге солар,ең болмаса,көп томдық емес, бір томдық шығаруға, тым құрыса,көлік алуға көмектескен жоқ. «Е,е… қойшы соларды , – дейді Айгүл қолын бір сілтеп ,– көмектеспей-ақ қойсын, «ана шаруа, мына жұмыс» деп сені жан-жаққа сүйрелемей, жазуыңды жазуға мұрсат берсе, соған да шүкір дер ек. Өз күндерін өздері көрмей ме енді? Інілеріңнің алды елуден, балаларыңның алды қырықтан асты. Өзіңнен де бар. Біреуі бірдеңе десе,жазып отырған жазуыңды тастап, тұра жүгіресің. Көрмейсің бе, анау Мақсат Мұратовты. Туыс-туғанның шаруасына тұра шабу былай тұрсын, жазу жазып отырғанда кім болса да бірер минутқа да ойын бөле алмайды, жазбайтын кезінде де ешкімге ешқашан уақытын шығындамайды. Ол ол ма? Елден әкесі мен анасы келгенде де алғашқы күні бір шай беріп, жазуыма бөгет боласыңдар деп мейрамханаға жібереді екен. Анасы қайтыс болғаннан кейін паналап келген әкесін өзінен өзге перзенті жоқ болғанына қарамай «тағы да, жазуыма кедергі келтірмей тыныш жүр» деп елге қайтарып жіберіпті. «Мақсаттікі бір крайност, менікі екінші крайност қой, дұрысы золотая середина шығар »,–дейді Ерасыл.

Осындай қым-қуыт тіршілік қамымен жүрген Ерасыл Динара телефон шалғалы екі апта өткенін байқамай да қалды, онымен кездесуі тиіс екенін де ұмытып кетті. Күндегі әдетімен жұмыс бөлмесіне келіп, жазу үстелімдегі аудармалы күнтізбеге көз жүгірткенде барып, бұдан екі апта бұрынғы әңгіме есіне түсті. Әйтсе де, Динара түске дейін телефон шалған жоқ.

Ерасыл түстен кейін әл-Фараби атындағы ұлттық университетте студент-жастармен кездесу өткізді. Кездесуден соң үйге қайтпақ болып көлікке отыра бергенде:

– Аға, бір минут тұра тұрыңызшы, – деген дауыс шықты.

Ерасыл жалт қарады. Қарсы алдында жаңа ғана бүр жарған гүлдей үлбіреп жап-жас қыз тұр. Ботаның көздеріндей сұлу, сүйкімді жанары –таңғы шықтай мөп-мөлдір.

– Аға, мен Динарамын.

– Сағат онда хабарлас деп едім ғой Сізге.

– Кешіріңіз, аға! Өзіне қанжардай қадалған Ерасылдың көзінен именген қыз ұзын, қайқы кірпіктерін төмен түсірді. – Сізге қайта телефон шалуға батылым жетпей, кездесуге келетініңізді естігесін осы жерде күттім.

– Түсінікті, – деді Ерасыл сөзді қысқа қайырып – Отырыңыз көлікке.

– Динара Ерасылдың айтуымен аппақ «Тойотаның» алдыңғы орындығына отырды. Ерасыл артқы орынға жайғасты. Көлікке отыруын отырғанмен «Қайда барамыз?» деп сұрауға Динараның батылы бармады. «Бұл кісі мені қайда апармақ? Қонақ үйге, одан да сорақысы, үйіне алып барса қайттім? Үйінде әйелі болса ше?» деді іштей.

– Қайда? – деп сұрады университет ауласынан шыға бергенде сұңғақ бойлы, қою қара мұртты жас жүргізуші.

– «Ауылға» – деді Ерасыл. «Апырмау, ауылы несі? Бұл кісі мені қала маңындағы ауылдардың біріне апармақ па? Ауылға барсақ оңаша сырласатын оңды орын бола қояр ма екен? Әлде, өзінің жолдас-жораларының бірінің үйіне алып бармақ па? Олай болса,ол жаққа не деп барам? Әлде бір танысының үйінің кілтін алып… Мені оңашалап…» Өз ойынан өзі шошып селк ете түсті Динара. Қой, олай болмас. Алып-ұшып тұрған албырт жас емес, ақыл тоқтатқан ұстамды кісі ғой. Мені аямаса да,өзінің атақ-абыройын сақтар…»

Динара өзімен өзі болып отырғанда Сәтпаев көшесімен зырлаған көлік Достық даңғылын бойлай жоғары көтеріліп, «Медеу» мұз айдынына жете бере солға бұрылды. Сосын ирек-ирек тастақ жолмен жоғары өрлеп келіп, бірі үлкен, екіншісі кіші екі киіз үйдің алдына тоқтады.

– Аманжол, сен қалаға қайта бер. Біз осында біраз боламыз. Керек кезде шақырып алармын, –деді Ерасыл көліктен түсіп жатып. Ерасылдың соңынан үнсіз ілескен Динара төңіректі түгел шолып өтті.

Киіз үйі «Ауыл» атты мейрамхана екен. «Медеудің» сол жақ тұсынан көп қабатты жаңа ғимарат бой көтеріпті. Одан әрі – кішігірім киіз үйлер. Одан да әрі биік тау, тау баурайында он шақты жылқы тұр. «Медеуге» жоғары сыныпта оқып жүргенде бір келіп еді, соңғы жылдары жолы түспеген. Аз уақытта біраз өзгеріпті бұл ара. Тау самалы қаланың газданған қапырық ауасына тұншыққан жанына майдай жағып, тынысы кеңіп сала берді.

– Тау ауасы қандай таза, табиғат қандай сұлу, – деді Динараны киіз үйге ұқсаған дөңгелек мейрамхананың алдында күтіп алған Ерасыл. – Қайсысына кіреміз мына екі киіз үйдің.

– Мейрамхананы ұната қоймаймын. Ешқайсысына кіргім келіп тұрған жоқ.

– Енді қайттік?

– Далада сөйлесуге болмай ма?

– Оған да үлгереміз. Күннің ыстығы басылғанша салқын жерде шай-пай ішіп отырып әңгімелесейік.

Сол сәт бұлардың жанына қырықтың о жақ, бұ жағындағы қараторы келіншек жетіп келді.

– Охо, атақты жазушы ағамның өзі келіпті ғой. Бүгін құтты күн болды. Қалайсыз, аға? – деп жік-жаппар болды ол. – Ішке кіріңіздер. Қайсысына отырасыздар, үлкеніне ме, кішісіне ме?

– Оңашалау кішісі дұрыс болар.

– Мен де солай ойлап тұрмын, аға. Бүгін жұмыс күні, түс мезгілі ғой. Көп ешкім келе қоймас. Біреу-міреу келе қалса үлкенінде қабылдармыз. Кеше ғой қонақтардың көп болатыны. Ал сенбі, жексенбі күндері ерте келмеген кісіге орын да жоқ. Кіріп отыра беріңіздер. Мен Сіздерге ең жақсы даяшыны жіберемін.

Зу-зу етіп сөйлеген әйел зып беріп мейрамхананың өкпе тұсындағы қызыл кірпіштен салынған жалғыз қабат жатаған ғимаратқа кіріп кетті. Екеуі мейрамхананың төріне жете бере бір-біріне қарама-қарсы отырды. Ерасыл балық пен сыраға тапсырыс берді. Динара салат пен лимонадты ғана қалады.

– Иә, қалқам, қалайсыз? – деп сөз бастады, ойға шомып, үнсіз отырған Динараның жүзінен қазіргі жастарда көп кездесе бермейтін сыпайы сынық мінезді байқап, оған сүйсіне қараған Ерасыл.

– Шүкір, аға.

– Сіз, әкем театрдағы «Қаракөзді» көріп пе едіңіз? Кәмила Айтжанова сомдаған Қарагөзді айтамын.

– Мектепті бітіретін жылы көрдім.

– Көргеніңіз, Кәмила шыққан биікке талпынғаныңыз көрініп тұр.

– Сіз менің Қарагөзімді көрген екенсіз ғой.

– Көргенде қандай! Көрдім, сүйсіндім. Сіз бейнелеген Қарагөзге ғашық болдым. Жастар театрындағы жаңа қойылымды көріп отырып қазақ сахнасының жарқ етіп шыққан жаңа жұлдызы Сіз болар деп үміттеніп ем.

– Кәмила қайтыс болғаннан кейін бірер актрисалар ойнады Қарагөзді.

– Иә, дұрыс айтасыз, ойнады. Ал Сіз ойнаған жоқсыз, Қарагөз болып өмір сүрдіңіз сахнада. Содан да Сіз қаралы сұлу – қайғылы Қарагөздің азапты махаббатының дәл өзі, сахнадағы Кәмиланың көзі болып қалдыңыз көрерменнің көз алдында. Сіздің Қарагөзіңізді көргенде менің ойыма «Махаббат үшін жанұшырған әйелді ешқандай күш тоқтата алмайды» деген сөзі оралады есімі есімде жоқ бір жазушының.

– Оны айтқан Агата Кристи. Мені көтере сөйлегеніңіз үшін рақмет, аға!

– Қарагөзден кейін радиодан Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айрылысуын» оқыдыңыз. Алла Тағала үніңізді де ерекше жаратқан екен. Содан кейін Сізден көз жазып қалдық.

– Содан кейін театрдан біржола кеттім.

– Неге?

– Ол ұзақ әңгіме, кейін айтайыншы. Жарай ма, аға?

– Өзіңіз біліңіз. Қазір қайдасыз?

– Киноға түскелі жүрмін.

– Оныңыз да жөн шығар,деді Ерасыл ойлана сөйлеп. Әйтсе де, театрдың орны бөлек. Актриса көп. Таланттылары да бар. Бірақ, Қарагөз жоқ. Қарагөздер жылда тумайды. Сіз менің көз алдымда Қаралы сұлу Қарагөз болып қалдыңыз. Сіз нағыз Қарагөзсіз!

– Мен Сіздің «Азапты махаббатыңызды» Моцарттың «Реквемін» тыңдап отырып оқушы ем.

– Онсыз да көңілсіз шығарманы ауыр, азалы музыканы тыңдай отырып оқу ауыр емес пе?

– Екеуі үндесіп тұр. Ал Сіздің «Сағынышыңызды» оқығанда Штраустың «Вена арманының аңызын» ойнатып қоямын. Сіздің «Азапты махаббатыңыздағы» мұң қанша ауыр болса ,«Сағыныштағы» сезім соншалық биязы.

– Сізге екеуі де ұнады ма?

– Ұнағанда қандай? «Азапты махаббат» романыңызда у-шуғаталы үлкен қаладағы махаббат мұңын арқалаған бас кейіпкеріңіздің жандүниесіндегі азапқа толы алапат арпалысты әрқилы көзқарастағы әртүрлі адамдардың күрделі тағдырларымен байланыстыра сенімді суреттейсіз. Ал «Жалғыздық» атты хикаяңызда жүрек қылын шерткен нәзік сезімдерді көп ішіндегі жалғыздық иірімдері арқылы қалай тап басып, тамаша бейнелегеніңізге таң қалдым. «Страна Чудес без тормозов» атты жапонның Харуки Муракамиінен Сіздің талантыңыз артық болмаса,кем емес. Жапондар өзінің Муракамиін Нобель сыйлығына ұсынды. Қазақтар өзінің Ерасыл Жақсыбековін Нобель сыйлығына неге ұсынбайды?

– Оның керегі жоқ.

– Неге?

– Мен ол сыйлықты бәрібір ала алмаймын.

– Мүмкін алып кетерсіз. Дәл қазір оған Сіздің мүмкіндігіңіз мол.

– Ол қандай мүмкіндік?

– Себебі, қазір Сіздің даңқыңыз дүрілдеп тұр. Ең беделді әдеби сыйлықтардың біразын алдыңыз. Бұл – бір. Екіншіден,Нобель сыйлығы тағайындалған бір ғасырдан астам уақыттан бері бүгінде екі миллиардқа жақындап қалған мұсылман әлемінен бар болғаны үш-ақ жазушының бағы жаныпты. Нобель сыйлығын беретін Швед академиясының батыс елдеріне жомарт, мұсылман елдеріне сараңдығы соңғы жылдары жиі айтыла бастады. Бұл пікірге Швед академиясының кейбір мүшелері оң қабақ танытып отыр.

– Соны алғанымнан алмағаным жақсы. Мемлекеттік сыйлықты алғанымда өлтіріп қоя жаздаған жоқ па? Нобель сыйлығын,алсам–атып тастайды мені қызғаншақ қазақтар.

– Қазақтар емес, өзіңіздің тырнақшаның ішіндегі жазушы достарыңыз, –деп түзетті Динара.

– Мейлі, солай-ақ болсын. Өлтіргесін кім өлтіргені маңызды емес. «Өнбейтін дауды өспейтін ұл қуады» деген даланың дана шалдары.

– Қазір не жазып жүрсіз, аға?

– «Тәуелсіздік толғауы» деген еңбек.

– Атына қарағанда,көсемсөз болды ғой.

– Иә. Бұл өзі көкейтесті көсемсөз десек те,Тәуелсіздікті белгілі тұлғалар тағдырымен байланыстыра баяндайтын деректі әңгімелер жиыны. Соны тарау-тарауымен тергізе берейін десем,біздің одақта компьютерде отырғандардың біреуі де бос емес.

– Сол еңбектеріңізді мен теріп берсем бола ма?

– Онда тіпті жақсы. Аспаннан тілегенім жерден табылды ғой.

– Жерден деген жағымсыз естіледі екен. Жанымнан деңізші, аға.

– Жарайды, жанымнан дейін. Енді негізгі әңгімеге көшкеніміз жөн болар.

– Ол не әңгіме?

– Өзіңіз айтпап па едіңіз, өткенде телефон шалғанда «Ешкімге айтпаған сырымды Сізге ғана айтсам деп ем»,– деп.

–  Ә, иә, есімде. Динараның уыздай ұйып тұрған аппақ бетінде атып келе жатқан таң шапағындай жұқалтаң қызғылт нұр жүгіріп өтті. – Соны кейін айтайыншы, аға!

Бәрін кейінге қалдыра беретініңіз қалай? «Өлімнен өзгенің ертесі жақсы» демеп пе еді, атам қазақ.

– Деген.

– Енді не кедергі?

– Қазір батылым жетпей отыр. Кейін тағы бір сағат уақытыңызды қиыңызшы, аға.

– С удоволствием, – деп көңілдене жауап берді Ерасыл. – Сізбен әңгімелесу қызық екен. Интеллектуалды жастармен сөйлесу мен үшін де пайдалы. Өмірден қалып қоймас үшін жастармен сырласқым келеді.

– Аға, Сізге хабарлама келді.

– Солай ма? Естімей қалдым, – деп қалта телефонына көз жүгірткен Ерасыл – Аманжол ғой, «Келіп тұрмын» депті, – деді жұмсақ жымиып.

– Көлік келсе, қалаға қайтқанымыз жөн шығар, аға.

– Охо, – деді білегіндегі сағатын көзіне тосқан Ерасыл – екіде келіп ек, сағат төрт болыпты ғой. Қайтсақ қайтайық.

– Екеуі мейрамханадан көңілді шықты.

– Отырыңыз, – деді Ерасыл көліктің артқы есігін ашып. Динара Ерасылға сұраулы жүзбен бір қарады да, үнсіз келіп артқы орынға жайғасты. Ерасыл сәл ойланып тұрды да, Динараның жанына отырды. Жұтынып тұрған сұлу «Тойота» ойнақтап бара жатты. Қалаға жеткенше екеуі де үндеген жоқ.

– Қайда? – деді жүргізуші қалаға кіре бере.

– Алдымен Динараны жеткізіп салайық. Сосын үйге. Қайда тұрушы едіңіз?

– «Мамыр» ықшам ауданында.

Межелі жерге жеткесін Ерасыл сыртқа шықты.

– Байқаңыз, басыңызды соғып алмаңыз, – деп Динараның қолынан ұстады. Жұм-жұмсақ, жып-жылы алақанынан күректей қолымен ақырын аялай ұстап, аз-кем тұрып қалды. Сол сәт Динараның беті ду ете қалды. Ерасылдың өн бойына өзгеше бір жылылық тарап, жүрегі шымырлап кетті…

***

Бүгін Ерасыл үйде жалғыз. Айгүл балалармен елге кеткен. Елегізіп отыр еді Динара келіп көңілі көтеріліп қалды.

– Жаңа әңгімелеріңіз алдыңғы әңгімелеріңізден де жақсы екен, – деді Дианара Ерасылмен амандасып жатып.

– Көлемі қанша болды?

– Он екінші шриппен тердім, он бет.

– Рахмет Сізге!

– Аға Сізге бір өтініш айтсам бола ма?

– Айтыңыз.

– Қанша рет көріссек те ылғи Сіз деп сөйлесеміз. Бұдан былай сен деп айтыңызшы.

– Жарайды. Онда сен де маған сен дейтін бол.

– Жақсы. Дегеніңіз болсын.

– Мына әңгімелер топтамасын бітіргенімізді жумаймыз ба? – деді Ерасыл.

– Жусақ, жуайық.

Екеуі ас үйге келді. Ерасыл аққайнар ашты. Жоғары атылған ақ көпіршік Динараға қарай шашырады. Аппақ ақ блузкидің сол жақ бөлігі сарғылт тартты.

– Кешір, Динара.

– Оқасы жоқ, – деді Динара Ерасылға еркелей сөйлеп. – Өзің аққайнарды да жөндеп аша алмайды екенсің.

– Қыздармен қыдырып көрмеген тәжірибесіздігімнен болар.

– Солай болса жақсы ғой.

– Қызға қырсыздығым рас. Кәне, мынаны алып қоялық, – деді Ерасыл шампан толы фужерін жоғары көтеріп.

– Мен сен үшін ішемін, –деді Динара.

– Мен сен үшін,– деді Ерасыл.

Екеуі де фужер толы аққайнарды орталап ішіп, тізе түйістіре отырды.

– Сенімен кездескелі көңілім бұзылып жүр. Алтын көрсе періште жолдан таяр деген рас екен, – деді Ерасыл Динараға ет-жүрегі елжірей қарап.

– Жолдан тайып ештеңе қирата қоймассың.

– Сені жеп қойсам қайтесің?

– Мені жұтамын деп қақалып қалма.

– Сен жауын шайған тап-таза жүзім сияқтысың. Қақалмаймын, жұтып жіберемін.

– Қалай?

– Тұршы өзің, көрсетейін.

– Ал, тұрдық.

– Міне, былай, – деп орнынан тұрған Динараны сәмбі талдай солқылдаған белінен қапсыра құшақтады Ерасыл. Сосын сәл түріңкі ернінен құшырлана сүйді.

– Отырайықшы, – деді болар-болмас бұлқынып, әлсіз қарсылық жасаған Динара. Екеуі біраз уақыт үнсіз отырып, бір-біріне елжірей қарады.

– Әңгіме айтшы, – деді Ерасыл Динараны құшақтап.

– Не жайлы айтайын?

– Көптен бері айта алмай жүрген әңгімеңді.

– Ол не тағы?

– Ешкімге айтпаған сырыңды.

– Ол сыр театрдан кетуіме тікелей байланысты,– деп бастады әңгімесін Динара. – Кәмила сомдаған Дездомона мен Катеринаға қол созып, жұлдызым енді жана бастағанда күтпеген кедергіге тап болдым. Театрдың тізгіні қолына тиген жаңа режиссер келе сала соңыма шырақ ала түсті. Емеурін танытқасын байғұсты босқа емексітпейін деп бір күні: «Осы Сізге не керек? Неге қыр соңымнан қалмайсыз?» дедім. «Екінің бірі, – деді ол беті шімрікпестен, – сен не сахнаның жұлдызы боласың, не театрдан кетесің». «Жұлдыз болу үшін не істеуім керек?» «Маған тоқал боласың» «Сізге тоқал болғанша театрдан кетейін». «Кетсең тезірек кет. Бәрібір мен саған жұмыс істетпеймін». Осы әңгімеден соң ол менің Қарагөзімді де, Дездомонамды да өзге актрисаларға беріп, мені елеусіз эпизодтық рөлдермен шектеді. Сосын театрдан өз еркіммен біржола кеттім.

– Қап, әттеген-ай, – деді Ерасыл,– Кәмиланың жолымен жап-жақсы жүріп келе жатыр едің.

– Маған ғана емес, өнерге де обал болған сияқты.

– Атам заманнан бері атам қазақпен бірге жасасып келе жатқан «ұят болады, обал болады» деген ұлы сөздердің ұмытыла бастағаны өкінішті-ақ. Бірақ сен қайғырма! Жассың. Болашағың алда.

– Қалай қайғырмайын, сүйікті жұмысымнан айрылғаным аздай-ақ,сүйгеніме қол жетпей жүрсе. Ол да менің жанымды түсінген жоқ, ұсынған қолым әлі жетер емес оған. Екі бірдей ауыр соққы есеңгіретіп тастады мені.

– Ол кім сонша ғасырда бір-ақ туатын сендей асылдың қолы жетпейтін?

– Мені әлі түсінген жоқсың ба? Ол сенсің, мына сенсің,– деп жылап жіберді Динара.

– Қой, мұның не? Жылама! – деді күтпеген жайдан абыржып қалған Ерасыл Динараны құшақтап. –Көз жасың ащы екен.

– Ащы тағдырдан ащы жас шығады. Менің көз жасым ғана емес, тағдырым да ащы,– деді Динара бота көзі боталап. – Анамнан алты, әкемнен жеті жасымда айрылдым. Жетім болып өсіп жетіліп ем,екінші курсты бітірген жылы ұнатқан жігітім суға кетіп, қайтыс болды. Жылаған жанымды өнеріммен жұбатып ем, онда да жолым оңғарылмады. Өзіңді алғаш көргенде-ақ сүйіп қалып ем, махаббат қаншалықты өрт болса, соншалықты дерт. «Махаббат кез келген қасіретті үмітке айналдырады» дегенді бір кітаптан оқып ем. Сенің басың әйеліңе байлаулы, аяғыңды балаларың тұсап тұр. Аласұрған сезімді жалғыз ақылмен жеңе алар емеспін.

– «Қасірет келіп есігіңді қақса, есігіңді аш та онымен айқасқа түс. Қалайда жеңіп шық» депті Бетховен.

Динара көз жасын сүртіп Ерасылға сүйсіне қарады. Сол сәт есіне Ерасылдың мерейтойы тұсында республикалық газеттердің бірінде: «Арулардай ажарын, серілердей сәнін бермей жазушы ағамыз Ерасыл Жақсыбеков те алпысқа келіп қалыпты» деп басталған мақала түсті. «Қалай дәл тауып айтқан» деп ойлады Динара. «Тартылған сымдай тіп-тік бой қандай! Тік иық, кең кеуделі жігіт қой. Аздап бурыл тарта бастаған қою қара шашы кереқарыс кең маңдайға жарасып тұр. Келісті келген қою қас, ойлы, мұңлы қос жанар, нұр төгілген жүзін көріктендіре түсіпті. Бәрінен бұрын терең білім, аса биік ақыл-парасатын айтсаңыз! Жігіттің сұлтаны ғой Ерасыл!..»

– Ваннаға барып бетіңді жу. Мен шай қояйын,– деді Ерасыл Динараның иығына қолын салып.

Екеуі шай іше отырып, ұзақ сырласты.

– Сіз Генридің «Последний лист» атты шығармасын оқыған боларсыз, –деді Динара.Ертеректе оқығанмын.

– Екеуміз сол әңгіменің кейіпкерлері сияқтымыз.

– Қалайша?

– Өмірден күдер үзіп, өлгелі жатқан ауру қыз терезе алдындағы ақ қайыңға қарап жатып, күз желі жұлып үлгермеген санаулы жапырақтың санымен қалған өмірін санап жатпаушы ма еді. Соған қарап жатып соңғы жапырақ үзілгенде мен де өміріммен қоштасамын деп ойлаушы еді ғой.

– Бірақ соңғы жапырақ үзілмеді, өмірден күдер үзіп, өлімге дайындалған қыз да өлген жоқ қой, – деді Ерасыл.

– Оны өлтірмеген ауру қыздың ойын тап басып, түні бойы көз ілмей бір тәуліктің ішінде ең соңғы жапырағын күз желі жұлқыған ақ қайыңның суретін айнытпай салып, терезе алдына іліп, өзі қайтыс болып кеткен қарт суретшінің қайсар таланты емес пе?! Мен де сол ауру қыз сияқты қатыгез тағдырдан шаршап, өмірден де, Сізден де күдер үзе бастап едім, бүгінгі кездесу үміт отын жақты. «Кез келген сүрінген сәтіңді бақытсыздыққа балама, мүмкін сенің шын бақытты күндерің сол сәттен басталар» деген Толстой сөзін ойыма оралтты.

– Мұны айтқан қай Толстой?

– Лев Николаевич.

– Ұлылық берісі ұлттың, әрісі бүкіл адамзаттың меншігі. Алланың нұры түскен құдірет қой Толстой.

– Дүниеде адам мен адамның түсінісіп, сыр бөліскенінен асқан бақыт жоқ. Сол бақыттың буымен тым ұзақ отырып қалыппын. Қайтайын, – деді Динара.

«Өзің алыста тұрасың. Түн ішінде қайда барасың. Қона кет» деді Ерасыл іштей. Динараның қалғанын қалап тұрса да,сезімін ақылы жеңді. «Жолбарысты жеңген жарты ер, сезімді жеңген бүтін ер». Сол ой, сол сезіммен такси шақыртып, Динараны үйіне ұзатып салды. Динараның кетуі мұң екен,ой ағысы мен сезім селі Ерасылды алды-артына қаратпай ала жөнелді. Бүгін маған не болған? Бас-көз жоқ, Динараны бас салып сүйіп алғаным қалай? Үйлі-баранды басыммен қызға қырындағаным, неткенім? «Үйлен. Әйелің жақсы болса, бақытты боларсың. Нашар болса, философқа айналарсың» демеп пе еді Сократ. Үйлендім. Бақыттымын деп келгем жоқ па күні кешеге дейін. Шынында да бақытты сияқтымын. Айгүлді жаман әйел деп айта алмаймын. Сұлу десең – сұлу. Ақылды десең,ақылды. Өзімнен он бес жас кіші. Ақыл-парасаты мен білімі де қатарынан оқ бойы озып тұр. Жастық шағын тұп-тұнық мөлдір сезіммен маған ғана арнады. Қанының қызуын, жанының жылуын да аяған жоқ. Шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуыма барлық жағдайды жасады. Оны айтасың, қаламымнан шыққан әрбір шығарманы зер сала оқып, талай жақсы пікір, жаңа идеямен қанаттандырып отырған жоқ па? Ректор, министр болуға шақырған ұсыныстардан да бас тартып, биік мансапты да құрбан етті мен үшін. Маған қарайлап докторлығын да кештеу қорғады. Профессор, академик атақтарын да елдің соңында алды. Кімнен кем менің Айгүлім! Қызғаншақ жауларым сырттан күңкілдеп, жанашыр дос-туыстарым «осы сенің әйелден аузыңның салымы бар» деп ашық айтпады ма? Маған деген адалдығына қызықпаған кім бар? Бар өмірін маған тұтас арнаған Айгүліме қарыздармын. Сөйткен Айгүлімнің өзі жоқта өзге біреуге езеурей қалғаным қалай? Оған өмір жолымды бүкпесіз баяндағаным аздай-ақ талай сырдың тиегін ағытқаныма жол болсын? «Әйел жүрегін аяй көріңдер, сол жүректе мәңгілік сақталған балалық бар» деп еді-ай Стефан Цвейг. Мен Айгүлімнің жүрегін аялап, өзін аялай алдым ба? Біз еркектер үйленгенге дейін «сені алақаныма салып өтемін» деп бұлбұлша сайрап, үйленген соң Құдайымызды ұмытып, қарғаша қарқылдап кететініміз қалай? «Аспанда – Алла, жерде – Айгүл» дейтінім қайда? Мен де, жұмыс, жұмыс деп сүйікті Айгүлімнен суып бара жатқан жоқпын ба, осы? Суымасам,Динараны көргенде жүрегімде әлдебір жылы ағыс жүрып өтетіні қалай?..

Сол түні Ерасылдың жандүниесінде аламан ойлар атойлап, алуан сезім шарпысып еді.

Ол жүрегінде пайда болған әзірге өзге түгіл өзіне де беймәлім таңқаларлық сезім құшағында жатып ұйықтап кетті.

***

Динара Атырауға кеткелі он күн өтті.

– Елде көп болмайтын шығарсың? – деп сұрап еді Ерасыл Алматы әуежайынан телефон шалған Динарадан.

– Төрт-бес күн, әрі кетсе – бір апта, – деп жауап берген еді ол.

– Жайшылық па?

– Ата-анамның басына барып, жалғыз ағамның халін біліп қайтпақпын. Ол сипамаса ,кім сипайды мендей мұңлықтың маңдайынан?

– Сағынған екенсің ғой, бауырыңды.

– Сағынбағанда. Қу тірлікке қуырдақ болып жүріп елге бармағалы екі жыл болыпты. Бір күні жазатайым жазым болсам,өкініш емес пе?

– Қой, қайдағыны айтпа,– деп абайсыз от басқандай ыршып түсті Ерасыл.

– Пәле қайдан дерің бар ма? Жүрегім бір жаманшылықты сезеді. Жазатайым жазым болып кетсем…

– Не болды саған жаманшылық шақырып?

– Не болғанын білмеймін. Бірақ, сезімім алдап көрген жоқ еді.

– Жетер енді! – деп жекіп тастады Ерасыл. – Болды! Бұдан былай айтушы болма мұндай сөзді. О несі-ей, ақырзаманды айғайлап шақырып жүрген писсимистерге ұқсап.

Динара елге кеткеннен кейін Ерасылдан маза кетті. Оған қайта-қайта телефон шалумен болды. Еститіні сол баяғы: «Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның ұялы телефоны сөндірулі. Кейінірек хабарласыңыз» дейтін жаттанды жауап.

Динараның хабарсыз кетуі Ерасылдың сезім отын лаулата түсті. Сағыныш жүрегін сыздатып үйге сыя алар емес. Отырса да, тұрса да, оқыса да, жазса да,көз алдынан сүйіктісінің сүйкімді бейнесі кетпей қойды. Міне, ол ұзын бойына құйып қойғандай шап-шақ аппақ ақ көйлегі қыпша белін қынай төгіліп, қап-қара қасы қиылып, аппақ сұлу жүзінен нұр төгіліп қарап тұр. Әлдебір терең сыр тұнған ойлы, мұңлы жанары тұңғиық тереңіне тартып барады. Сағыныш сыздатқан жүрегіне дауа іздеген Ерасыл соңғы бір кездесуде берген Динараның жыр дәптеріне қайта үңілді.

Жүрегімнің сұлулығын сезбесем,

Мен өзіңді өліп-өшіп сүймес ем,

Қараңғыны қақ айырған жарықтай,

Көз алдымнан кетпей қойдың күнде сен, – дейді. Өстіп отырғанда Динараның өзі телефон шалды.

– Қайдасың? – деді Ерасыл жүрегі алып-ұшып.

– Алматыдамын.

– Қашан келдің?

– Ұшақтан жаңа ғана түстім.

– Соңғы төрт күн бойы хабарсыз кеттің ғой.

– Ағам екеуміз Таушыққа барып келдік. Ол жақта байланыс жоқ.

– Ағаң қалай, дұрыс па жағдайы?

– Жаман емес.

– Мен саған қазір барамын.

– Сен келгенше түн болып кетеді. Одан да ертең.

– Онда ертең міндетті түрде келемін. Күт!

– Кел, күтемін!

Ерасыл қалта телефонын жазу үстелінің бір бұрышына қоя салды да, Динараның өзіне арнаған өлеңдерін оқи бастады. Махаббат жырларымен армансыз сусындаған Ерасылдың ойына Хафизді оқып Пуи Арогон айтқан: «Воспевайте только любовь, остальное все преступление» деген сөзі оралды. Сол күні түсінде Динараны көріп шықты.

Ертесі кешкісін Ерасыл Динараның үйіне келді. Ол жалға алған бір бөлмелі пәтерде жалғыз тұрушы еді. Бірін-бірі сағынған қос ғашықтың құшақтары айқаса кетті.

– Бүгін виски ішеміз,– деді Ерасыл.

– Ішсек, ішейік, – деді Динара.

Сол күні олар кеш жатып, кеш тұрды.

– Бұрында сұлу едің, бүгін тіпті құлпырып кетіпсің,– деді таңғы ас үстінде Ерасыл Динараға.

– Бәрі көңіл-күйге байланысты ғой. Көңіл-күйің болмаса – сұлулық та суық тартады.

– Көңіл-күйіңді түсірме.

– Ол саған байланысты.

– Мен сен үшін бәріне дайынмын.

– Рас айтасың ба, күнім?

– Шыным осы!

***

Ерасылды қалың ұйқыдан қалта телефонының шырылы оятты.

– Тыңдап тұрмын, –деді Ерасыл ұйқылы-ояу.

– Ереке, мезгілсіз мазалағаныма кешірім өтінемін,– деді ар жақтан естілген әйел даусы. – Ұйықтап жатқан боларсыз. Білемін, Алматы мен Американың уақыт айырмашылығы он екі сағат қой. Телефон соқпасыма болмады.

– Бұл кім? – деп мезгілсіз телефон шалған әйелдің сөзін бөлді Ерасыл.

– Бұл мен ғой. Динараның құрбысы Айғаныммын. Алматыдан звондап тұрмын.

– Жайшылық па?

– Динара, –деді Айғаным дауысы дірілдеп. Сөзінің аяғын айта алмай жылап жіберді. – Динарадан айрылып қалдық.

– Қашан, қалай? – деп ышқына айғайлаған Ерасыл төсектен атып тұрды.

– Кеше, Алматыда жай түсіп… Сіз келесіз бе, топырақ салуға үлгересіз бе? – деді әр сөзін үзіп-үзіп әрең сөйлеген Айғаным.

– Келемін! Мені күтіңдер. Ерасыл осыны айтты да қалта телефонын лақтырып жіберді. Емен есікке барып сарт еткен қалта телефоны «менің жазығым не?» дегендей «дың» етіп еденге құлап түсті.

Ерасылдың шығармашылық сапармен АҚШ-қа келгеніне он күн болған. Елге бір аптадан кейін қайтуы керек еді. Динарамен күні кеше ғана сөйлескен.

– Жаңалық айтайын ба? – деген ол сонда.

– Айта ғой, жаным! – деп еді Ерасыл.

– Бүгін гинекологта болдым. Екеуміздің баламыз бар, ұл екен.

– А, а, иә,– деп абдырап қалды Ерасыл.

– Түсік жасауға кеш екен. Енді не істеймін? Туайын ба?

– Ту, тумағанда…

– Әкесіз баланы қалай өсіремін?

– Оған қам жеме. Сен де менікісің, бала да менікі. Екеуміз бірге өсіреміз оны.

– Сені аяймын. Қиын болады ғой саған.

– Маған ең қиыны сенен айрылу. Сен жанымда болсаң – қалған қиындық түк емес. Сен үшін бәріне де дайынмын, жаным!

Күні кеше ғана болған сол әңгіме Ерасылдың көкірегінде сайрап тұр. Енді, міне, ай батып, күн сөнді бір-ақ сәтте. Неткен қатыгез өмір еді бұл?..

Ауыр қайғы еңсесін езген Ерасыл бар мен жоқтың, өң мен түстің арасында мең-зең болып жүріп Алматыға да жетті.

Халық өзінің сүйікті актрисасымен Жастар театрында қоштасты. Өзге түгіл өзіне де түсініксіз күйде, қатты жан күйзелісінде жүрген Ерасыл қаралы жиын кезінде көзі қаруытып құлауға шақ қалды. Қаралы қалың топтың арасында тізесі дірілдеп Кеңсайдағы зиратқа әрең жеткен ол жылап тұрып бір уыс топырақ салды өзінің сүйікті Динарасына…

Сол сәт жарық дүние қап-қараңғы көрдей болып көрінді…

«Рицс палас» мейрамханасындағы астан соң құр сүлдесін сүйретіп, үйге әрең жетті. Оның ауыр халде жатқан аурудай боп-боз түрін көріп шошып кеткен Айгүл:

– Түсің қашып кетіпті ғой, не болды саған? – деді.

– Ауырып қалдым, – деді Ерасыл.

– Дәрігер шақырайын.

– Керегі жоқ. Қатты шаршап тұрмын. Жатып демаламын.

Ерасыл осыны айтты да төсекке киімшең құлай кетті. Сол күні түнде де ол түсінде Қаралы сұлу Қарагөз – Динараны сан мәрте көрді…

***

Динара қайтыс болғаннан кейін Ерасылда қан қысымы пайда болды. Жүрегі шаншып, жиі ауыратынды шығарды. Айгүлдің қолқалауымен ауруханаға жатып, ем де қабылдады. Жазу мен оқуды да шектеп, қызық думан кештерге де барды. «Ханның басын хан алады, қардың басын қар алады, Қыздың басын қыз алады» деген сөзге сеніп қыздармен де қыдырып көрді. Шыбын жаны қуырдақ болып қуырылған Ерасыл аз уақытта қатты жүдеп, адам танымастай азып кетті.

Динараның жоқтығына төзе алмай қайғыдан қан құсып жүргенде сағынышпен сарғайған жанындай сары жапырақты күз де келіп жетті. Күздің алғашқы күні Ерасыл Динараның қабірінің басына барды. Қабірдің бас жағына қойылған қоңыр мрамордың үстіңгі жағындағы Динараның жоғары оқу орынын бітіретін жылы түскен суретіне қарап, сүйіктісімен іштей сырласып, ұзақ отырды. Ана жолы Ерасыл Америкаға кетерде Динара мұны әуежайға дейін ұзатып салмап па еді. Сол жолы Динара бұған бұрынғыдан да бетер ынтыға қарап, құшағынан босатпай қойғаны қайда? Сол жолы Ерасыл да Динараны бұрынғысынан бетер құштарлықпен құшақтап, өзегі өртене сүйіп еді-ау. Сонда соның бәрі соңғы сүйіс, соңғы бақыт екенін сезді ме екен ғашық жүректер.

Кенет қара дауыл тұрып соңы шелектеп құйған нөсер жаңбырға ұласты. Үсті-басы малмаңдай су болса да,Ерасыл көлігіне отыруға асыққан жоқ. Жаңбыр араласқан көз жасы бетін жуып отыра берді. Көз алдынан Қаралы сұлу Қарагөз – Динара кетпей қойды. Аспан аударылып жерге түскендей. Дүниені түнек басып, ақырзаман орнағандай. Қырық жамау жүректің тыртықтарын әлдебір тарғыл мысық аяусыз тырнап жатқандай. Тағдыр мен табиғаттың қара дауылы мен нөсер жауыны қатар ұрған мұның қаралы халін кім ұғар?

Аяулысын жоғалтып көкірегі қайғыдан қарс айырылған Ерасыл күздің қара суығы мен нөсер жаңбыр астында, қара дауыл құшағында суықтан қорғаланған торғайдай болып, аяқ-қолын бауырына жинап, бүрісіп отыр. Қара дауыл екілене соғып тұр. Қара жаңбыр шелектеп құйып тұр. Көз алдында Қаралы сұлу Қарагөз – Динара!

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Мынаны да қараңыз

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. Қаратаудың қара бекетіндегі қыс

(әңгіме) Бұл – 1917 жылдан кейін болған оқиға. Қаратаудың солтүстігіндегі Бетпақдаланың арғы бетіндегі көтерілістің у-шуы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *