Қостанай облысында 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап 21 мас жүргізуші ұсталды. Сол себепті облыстық Полиция департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетов патрульдер санын екі есеге арттыруды тапсырды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін патрульдік полиция қызметімен өткен кеңесте облыстық Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов өңірде маскүнемдікпен күрес жөніндегі акцияның басталғанын хабарлады. Сонымен қатар патрульдер санын екі есеге арттыруды тапсырды. Өткен аптада мас жүргізушілерді анықтауға қатысты рейдтік шаралар өткізілді. Жергілікті полиция қызметінің басқарма бастығы Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, облыстың үш тұрғыны жүргізуші кәулігінен айырылса да, мас күйінде рульге отырған. Оларға қатысты ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Демалыс күндері жүргізушілер 695-тен астам жол қозғалысы ережесін бұзған. Түсіндіру жұмыстарына қарамастан, мас жүргізушілерге қатысты заң күшейсе де, мұндай жағдайлар азаяр емес. Заң нормалары айтарлықтай күшейтілді, патрульдеу басталды, ол туралы полиция БАҚ-та кеңінен жариялаған. Бірақ рульде мас күйінде жүрген жүргізушілер саны азайған жоқ», — дейді патрульдік полицияның аға сержанты Қайрат Исмақов.
Айта кетейік, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап мас жүргізушілерге заңнама қатаңдатылды. Егер олар жол-көлік оқиғасына себепкер болса, 3000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады және сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Бұған қоса 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарда болып, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Егер жол-көлік оқиғасына кісі өлімімен аяқталса, онда жүргізуші 10 жылға бас бостандығынан және көлік жүргізу құқығынан айырылады. Егер екі және одан да көп адам қаза тапқан болса, өмір бойына көлікке міну құқығынан шеттеледі. Көлік жүргізу құқығынсыз және мас күйінде жүргізгені үшін салынатын айыппұл 200-ден 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайды. Ал жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — деді Қайрат Исмақов.