2019 жылы облыс әкімдігі мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы «Ипотекалық ұйымы» АҚ арасында денсаулық сақтау қызметкерлері үшін 350 пәтер сатып алу туралы келісім жасалды. Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған.
«Қатысушыларға сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді беру 3 жыл ішінде жүзеге асады. Былтыр 350 пәтердің 54-і берілсе, бүгін 25 жас дәрігер баспана кілтіне ие болып отыр. Ипотекалық компаниямен бірігіп атқаратын жұмыстарымыз жетерлік. Алдағы уақытта мұндай мүмкіндік педагогтарға да қарастырылады», – деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.
Бүгінгі 25 пәтер дәрігерлерге «Юбилейный» шағын ауданындағы №35 үйден берілді. Мамандардың сөзінше, баспана сапалы тұрғызылған, құрылыс материалдары жергілікті өңірлерден алынған.
«Бізге өзге облыстардан жыл сайын жас дәрігерлер келеді. Облыс әкімдігі бірінші кезекте пәтермен қамтамасыз етеді. Әлеуметтік пакет толығымен қарастырылған. Олар пәтер алу үшін бастапқы жарнаны төлемейді. Өткен жылы облысымызға 265 дәрігер келіп, 146 маман баспанамен қамтамасыз етілді», – деді Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник.