Мәдени іс-шаралардың сапасын арттыру, жұмысты жетілдіре түсу. Аудандар мен қалаларда халыққа арналған мәдени нысандар мен демалыс орындарының талапқа сай болуын қадағалау. Мәдениет басқармасы ұйымдастырған алқа мәжілісінде осындай мәні зор мәселелер қозғалды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі Qostanai телеарнасының сайтына сілтеме жасап.
Жиналысқа аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет бөлімдері мен үйлерінің директорлары және көркемдік жетекшілері қатысқан.
Былтыр облыстық Мәдениет басқармасының жоспарлы шараларын жүзеге асыру мақсатында 7 млрд 75 млн теңге бөлінген. Бұл — алдыңғы жылмен салыстырғанда 300 млн теңгеге көп деген сөз. Осы орайда облыста 7 мәдениет нысанының құрылысына қаражат жұмсалған.
Басқарма басшысының сөзінше, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 96 млн теңгеге Денисов ауданының мәдениет үйі жөнделетін болады. Лисаков қаласында мәдени-демалыс орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ Лев Толстой атындағы кітапхананы жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сондай-ақ былтыр өткен мәден іс-шаралардың тізімін жариялады.
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған шаралар аудан-қалаларда да аз емес. Мысалы, Жанкелдин ауданында «Қасиетті Қазақстан» жобасы шеңберінде көптеген игі іс тындырылған.
Алқа мәжілісінде ауыз толтырып айтарлық, мемлекеттік деңгейде мақтанарлық дүниелер де назардан тыс қалған жоқ. Олар тобылдық театрлардың шетелде өнер көрсетуі. Атап айтқанда, облыстық қазақ драма театры Монғолия мен Өзбекстанда тарихи туындыны сахналаса, орыс драма театры Израиль елінде қойылым ұсынған.