Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов Арқалық қаласындағы қыз зорлау ісіне қатысты мән-жайды айтты деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Іс материалдарында көрсетілгендей, 2018 жылдың 19 сәуірінде Арқалық қаласы Екідің ауылының 22 жастағы тұрғыны өзін 14 адамның зорлағанын, кейін жүкті болып қалғанын айтып, полицияға арыз жазған. Бірнеше күннен кейін ол белгілі адвокат Айман Омароваға хат жолдаған. Жәбірленуші өзіне зәбір көрсеткендердің барлығы да бостандықта жүргенін жеткізіп, заңгерден көмек сұрайды. Бұл факт бойынша қостанайлық полицейлер сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізді. Медициналық тексеру барысында барлық күдіктіге қатысты сот-генетикалық сараптама жасалды. Дегенмен сараптама күдіктілерге қатысты теріс нәтиже көрсеткен.
«Қыздың кімнен жүкті болғанын білу мақсатында сол Екідің, тіпті көрші ауылдағы ер адамдар тексерілді. Іске барлығы 40 ер адам қатыстырылды. Жауап алу барысында бойжеткеннің туысы онымен жыныстық қатынаста болғанын растады. Бірақ ол қатынасқа жәбірленуші өз еркімен барған» дейді облыстық Полиция департатаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов.
Осылайша, полицейлер бойжеткеннің кімнен жүкті болғанын анықтады. Ал 14 жігіттің ата-анасы бойжеткенді жала жапқаны үшін сотқа бермек.
Айта кетейік, бұл іс Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қайта көтерілді.