Бүгін аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі штаб отырысын өткізді деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында облыста КВИ таралуына жол бермеу мәселелері талқыланды. Архимед Мұхамбетовке өңірлік штаб басшылығы мен Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов есеп берді. Сонымен қатар Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішевтің баяндамасы тыңдалды.
«Жітіқара ауданында қатаң карантин режимі енгізілді. Ауданда КВИ таралуына жол бермеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссия КВИ-ді анықтау, ауруханаға жатқызу, елді мекендерді дезинфекциялау, сондай-ақ ауданды азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады. Қостанай қаласында қызметін тоқтатуға болмайтын кәсіпорындар мен ұйымдарды қолдау шаралары жалғасуда» деді Архимед Мұхамбетов.
Өңір басшысы айтқандай, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай университеті жанындағы ғылыми-зерттеу институты базасында ПТР әдісімен инфекцияны анықтау зертханасы ашылады. Сонымен қатар КВИ анықтау процесін жеделдету үшін жақын арада бізге COVID-19-ға 10 мың тест құрылғысы келеді. Жиында облыс тұрғындарының саяжай учаскелеріне бару мәселесі қаралды. Қазір аймақта 54,5 мың саяжай учаскесі тіркелген. Олар 48 саяжай серіктестігінің базасында.
«Соңғы уақытта жауын-шашынның түсуі байқалуына байланысты және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында осы мәселені аптаның соңында қайта қарау туралы шешім қабылдадық. Облыс тұрғындарын өткізілетін іс-шараларға түсіністік танытуға шақырамын. Өйткені олар азаматтарымыздың денсаулығын қорғауға бағытталған» деді облыс әкімі жиынды қорытындылап.