Карантин режімі үш кезеңмен жеңілдетіледі — Архимед МҰХАМБЕТОВ

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аймақтағы шектеу шараларын жеңілдетуге байланысты үндеу жариялады деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біздің облыста 3 күн бойы COVID-19 жұқтырудың бірде-бір оқиғасы анықталған жоқ. Бұл аз болса да оң нәтиже. Бұған біздің облысымыздың әр тұрғынының шыдамдылығы мен парасаттылығының арқасында қол жеткіздік. Сіздердің әрқайсыңызға жеке жауапкершілікпен шектеуді сақтағаныңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Құрметті қостанайлықтар! Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев елдегі коронавирус бойынша қазіргі жағдай туралы мәлімдеме жасады. Карантиннің шектеу шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету тапсырылды. Біздің облыста қалыптасқан жағдайды ескере отырып, карантин режимін үш кезеңде жеңілдетуді ұйымдастыру туралы шешім қабылданды» делінген облыс басшысының үндеуінде.

Сонымен бүгінгі күннен бастап өңірде қаржы және сақтандыру секторының, автожуу, тұрмыстық және ұйымдастыру техникасын жөндеу шеберханаларының жұмысы қайта жанданды. Сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін аула алаңдарында серуендеуге рұқсат етілді.

«Бұл ретте сіздің қауіпсіздігіңіз үшін аумақтарды дезинфекциялау қамтамасыз етіледі. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты алдағы уақытта жұмысты бастайтын ұйымдардың қосымша тізбесі анықталатын болады. Әсіресе, қостанайлықтарды алаңдататын мәселе саяжайға бару болып тұр. Әрбір өңірде шешімді сол аймақтың әкімі басқаратын жедел штаб қабылдайды. Мысалы, Рудный және Лисаков қалаларында саяжай учаскелеріне баруға рұқсат етілген, бірақ бірқатар шектеу бар. Қостанайда бүгіннен бастап жеке автокөлікпен 6.00-ден 8.30-ға дейін саяжайға баруға және 18.00-ден 20.00-ге дейін саяжайдан қайтуға рұқсат етіледі» деді Архимед Мұхамбетов.

Қостанай облысында 1 мамырдан бастап саяжайларға баратын қоғамдық көліктер жұмыс істей бастайды, жол жүру тегін болады. Өңір әкімі үндеуінде тұрғындарды барлық қажетті санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *