МЕН – ЖАУЫНГЕРДІҢ ҰРПАҒЫМЫН

 

Биыл екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіске жеткенімізге 75 жыл болды. Бірақ ол Жеңісті миллиондаған құрбандармен бірге менің атам, артеллерист жауынгер Кәрібаев Жұмасай да көрген жоқ.

«Атам» деп айтудың өзі қиын, себебі ол қаза тапқанда небары 33 жаста болыпты, менің балаларымның кішісі биыл сол жаста…

Атамыздың бейнесін көз алдыма елестете алмаймын, өйткені ешбір суреті сақталмаған. Бірақ ақылы мен парасаты дүйім елді сүйіндіріп, сымбаты мен көркі талай бөріктіні тамсандырған әжемнің ешкімге мойын бұрмай, өле-өлгенше жол қараумен өткенінен-ақ атамның жарын сағындыра алатын дара тұлғалы азамат болғанын іштей сезем. Әжемнің келіні Нәшкен апамыздың «апам көзін сатып, жолын тосқандардың алдынан бойын тіп-тік ұстап, асқақ басып өтетін» дейтіні де бұл ойыма салмақ қоса түсетін.

Амал қанша, күйеуін өмір бойы күтіп, әжем де бақиға аттанды… Ұзақ жылдар бойы архивтерге, әскери комиссариаттарға, даңқ мемориалдарына сұрау салған хаттарыма «біздің тізімде жоқ» деген бір ауыз сөзден басқа ештеңе алмаған мен, әжемнің жасы 80-нен асқан кезде мұңайып отырып, атамыздың еш дерегін таба алмағанымды мойындап едім. Әжем мені мейірлене бауырына басып: «Енді көп қалған жоқ қой, ертең жап-жас болып алдымнан шығатын шығар…атаң да, нағашыларың да…» деген-ді.

Әжем күйеуі мен екі інісін өмір бойы сарғайып күтіп, бақиға аттанғаннан кейін, 2007 жылғы маусым айында РФ Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық архивінен біз сонша күткен хабар келді. Бұл кезде анамыз да өмірден озған болатын.

«Сообщаем, что ст. сержант Карабаев (так в документе) Жумасай, наводчик орудия 932 артилерийского полка (так в документе) 375 стрелковой дивизии, награжден орденом Красной Звезды №236920 приказом 375 сд №013 – н от 24 июля 1943 года, награда значится врученной, временное удостоверение №975084.

Основание: картотека учета награжденных.

Абилов Мукаш и Абилов Келдыгул по документам отдела не значится».

Фамилиясының тұсына жақша ішінде «так в документе» деп көрсетілу себебі – жауынгер құжаттары  толтырылған кезде «и» әрпі анық жазылмай, «а» болып жазылып кеткендіктен, біз сұратып отырған «Карибаев Жумасай» мен дерегі табылған «Карабаев Жумасай» екі адам болуы мүмкін деп сақтанғандары болар деп түсіндік. Бірақ екінші сөйлемді оқығанда-ақ бұл кісінің біз іздеп жүрген Жұмасай екендігіне күмәніміз қалған жоқ.   Себебі онда «Жена – Карабаева Унажай проживала по месту учтенного. Основание: ЦАМО, дон. 50208 с -1944 года.

Примечание: фамилия учтенного, фамилия, имя жены – так в документе» деп жазылыпты. Мұнда да жоғарыдағыдай қате қайталанған – менің әжемнің есімі – Үкіжай болатын, орысша «Укижай» деп жазылады ғой, бұл жерде енді «к» және «и» әріптері анық жазылмаған болып тұр.

«Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген ғой,  әкесі оралғанда алдынан жүгіріп шығады деп жүрген ұлы Зарлыққан кенет ажал тырнағына ілініп, әжем зар жылап жатқан кезде майдандағы күйеуінен «қара қағаз» келеді. «Есім кіресілі-шығасылы болып отырғанымда келген бұл хабар мүлде  есеңгіретіп тастады. «Қара қағазбен» бірге басқа да құжаттар – небары  23 бөлек қағаз келген. Ешқайсымыз орысша білмейміз. Ауылда шала сауатты бір атқамінеріміз бар еді, сол бар болғыр «қара қағазы» мынау, қалғандары – «нәград» қағаздар деп көрсетті. Бір ауылдасымыз орысша сауаты бар адамға оқытамын деп әкеткен, сол шіркін жоғалтып алыпты» деп күрсінетін әжем.

Адамға емес, қағазға сенген заманда әжем соғыста қаза болған жауынгердің жесіріне тиісті ешқандай жеңілдіктерді көрген жоқ. Қарттығына байланысты сол кездегі ақшамен 16 сом зейнетақы алатын.

Тарихи деректерге сүйенсек, Жұмасай Кәрібаев қатарында болған 375-атқыштар дивизиясы Челябинск облысында жасақталған екен. Мен енді осы дивизияның 932-артиллериялық полкы туралы мәліметтер іздей бастадым. Міне, сол полктің жауынгері Мефодий Власов туралы естелік. «Сержент Власовтың жауынгерлік жолы 1943 жылдың қаңтарында Ржев қаласының түбінде басталды, — деп жазады журналист. – 1943 жылы наурыз айының екінші жартысынан бастап шілденің басына дейін қорғаныста болып, біздің әскерлер 19 шілдеде  шабуылға шықты. Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін М.Власов «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.»

Міне, қараңызшы, аға сержант Жұмасай Кәрібаевтың да «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталатыны осы кез. Мына мақала кейіпкерімен иықтаса, бір-бірін қорғай соғысқан да болар, кім білсін?

«Челябинск облысында жасақталған бес әскери құрама Молдавияны неміс-фашист басқыншыларынан азат ету шайқастарына қатысып, жүздеген жауынгер қаза тапты» — деп жазыпты жауынгерлерге арнаған үндеу хатында «ВЕЧЕ» құқық қорғау ұйымы басқармасының төрағасы Н.Гуцул. Солардың бірі – біздің атамыз, қазақ топырағында туып, молдова топырағы бұйырған аға сержант Жұмасай Кәрібаев. Оны келген құжат та растайды:

«По документам учета безвозвратных потерь сержантов и солдат Советской Армии установлено, что командир орудия 932 стрелкового полка 375 стрелковой дивизии ст. сержант Карабаев Жумасай… уроженец Кустанайской области Семиозерного района, призван в СА Семиозерным РВК, погиб 28 июня 1944 года, похоронен: 200 м северо-западнее с. Инкулея Оргеевского района Молдавской ССР (ныне Республика Молдова).»

Ұлы Отан соғысының жылнамасына үңілсек, аға сержант Ж.Кәрібаев қаза табатын кезде Молдова жерінде Степной және Забайкалье майдандарынан құралған 2-Украин майданы жауға қарсы соғысыпты (Ж.Кәрібаевты наградтау куәлігінде «Степной фронт» деп жазылған). Яғни біздің атамыз да осы операцияны жүзеге асыру барысында құрбан болған боздақтардың бірі деп ой түюге негіз бар. Және бір жыл бұрын, орден алған кезінде орудиенің наводчигі болса, бұл кезде орудие командирі болған.

Қолымызда майдандастары, қарулас жолдастары туралы ешқандай дерек болмағандықтан осы дивизияда, осы полкта соғысқан майдангерлер туралы деректерді іздестірдім. Міне, соғысқа Свердлов облысынан аттанған Ефим Иванович Дубинин де аға сержант Жұмасай Кәрібаев сияқты 375-атқыштар дивизиясы 932-артиллериялық полкының орудия командирі болыпты. Калинин, Ржев түбіндегі, Курск доғасындағы шайқастарға қатысып, Киевті азат етіскен. 1944 жылғы 10 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағын алған.

Осы хабарды оқығанда әжемнің «қара қағазбен» бірге 23 бөлек қағаз келген» деген сөзі есіме түсті. Ол қандай қағаздар болды екен?

«Қара қағаз» келгенін, яғни атамыздың қаза болғанын білгендіктен, біз оны іздегендегі мақсатымыз — қабірінің басына әжемізді алып бару, сан жылдар бойғы сағынышын басуына, мұңынан арылуына сәл де болса себімізді тигізу, туған жердің топырағын апарып салу болатын. Сондықтан бұл хат бізге қуанышты дерек әкелмесе де, мойнымыздағы парызымызды өтеуге, жүрек түкпіріндегі «қабірін тапсақ, басына барып тағзым етсек» деген ойымызды жүзеге асыруға  жол ашқан құжат болды.

Ол кезде Кишинэуге тікелей ұшатын ұшақ жоқ еді. Атамыз жатқан  Молдова жеріне жету үшін сіңлім Тәскира екеуміз Астанадан, қызым Меруерт Алматыдан Киевке қарай ұштық.

Ертеңіне жолсерігіміз Илья Гажиудың бастауымен РФ Қорғаныс министрлігінің анықтамасында «аға сержант Кәрібаев Жұмасай жерленген» деп көрсетілген Орхэй ауданының «Инкулец» селосына бет алдық.

Осы жерде мынаған назар аударғым келеді. Соғыс жылдары жазылған құжаттардың көпшілігінде грамматикалық қателердің кетуі – талай адамның тағдырына зиянын тигізгені белгілі. Біздің басымыздан өткен жай да соның бір дәлелі. Атамыздың тегінде «и» әрпінің «а» боп жазылып кетуінен біз сан жылдар бойы ол туралы еш дерек таба алмадық. Қолымызға оның наградталғаны туралы куәліктің бір қиындысы түспегенде табуымыз да мүмкін емес еді. Ал осы сапар барысында мұндай қателерді аттап басқан сайын кездестіріп отырдық. Мысалы, біз іздеген «Инкулец» селосы да архивтен келген анықтамада «Инкулея» деп жазылған болатын.

Жолбасшымыз селоны Кишинэуден 50 шақырымдай жерде деді. Біздің білуімізше жаз айлары – топырағы құнарлы Молдова жері жасыл желекке малынып, жүзімі пісіп, бау-бақша өнімдері төгіліп жататын кез сияқты еді, көз алдымыздағы көрініс мүлде басқаша болып шықты. Ойлы-қыратты даласының шаңы бұрқырап, жүгері мен күнбағыстарының бойы өспей қапты, жүзім алқаптары сарғыш тартып, көп жері қурап жатыр.

— Бізде биыл құрғақшылық болып тұр, — деді И.Гажиу, — міне, үш ай болды, әлі бір тамшы жаңбыр жауған жоқ. Үлкендер мұндай құрғақшылық қырық жылда бір болып тұрады дейді. Биыл Молдова ауыл шаруашылығы үшін ауыр жыл болатын болды…

Ильяның «ауыр жыл» дегені – соғыс жылдарын еске салып, сол кезді көз алдыма елестеткім келді. Бойымды бірден қорқыныш биледі. Себебі: бұл жерлерді төрт жыл бойы фашистердің тағалы етіктері таптап, мыңдаған адамдардың құрбан болғаны тарихтан белгілі. «Оргеев қаласы мен сол аумақтағы селоларды азат ету үшін 2228 жауынгер қаза тапты» дейді тарихи дерек. Солардың біреуі – біздің атамыз Жұмасай Кәрібаев.

Қаладан біраз ұзағанымызда аспанды бұлт торлап, машинаның әйнегіне тырс-тырс етіп бірнеше тамшы тамды. «Неужели вы дождь привезли?» — деді жолбасшымыз аспанға қарап қойып. Тамшылар тырсылы үдей бастағанда жүзі жайнап: «Неужели будет дождь?» деп, бізге қарап қуана сөйледі. «Бұл – 40 жыл бойы жол қараған менің әжемнің көз жасы болар…» дедім мен оған.

Инкулец – үйлері азып-тозған шағын елді мекен екен. Зират селоның ішінде, шеткі үйлерден жүз елу-екі жүз қадамдай жерде тиіп тұр. Қақпасынан кіре беріп, қалт тұрып қалдым: зират та село сияқты азып-тозып, қаулап арамшөп басып кетіпті. Және айнала толы самсаған крест: көз жетер жерде не бір ескерткіш, не  соған ұқсас нәрсе, тым болмаса жұлдызша орнатылған құлпытас көрінбейді. Кеудемді өксік қысты.  Неге екенін білмеймін, «атамыз бұл жерде болмаса екен» деп тіледім. «Сонда қайдан іздеймін?» деп ойлаймын тағы. «Солдаттар жаңа селода жерленіпті» — деді біздің өтінішімізбен күзетшімен тілдескен И.Гажиу.

Бір айта кетерлік жай – бұл елде бәрі тек молдаван тілінде сөйлейді екен. Консулдықтың қызметкері бізді таныстырып, сапарымыздың мақсатын айтқаннан кейін ғана бұған дейін тілмәш арқылы сөйлесіп тұрғандардың көздерінде жылылық пайда болып, өздері-ақ орысшалап кетеді. Осылайша күзетші қарт та: «Жаңа село «Зорилеге» барыңыздар, сол жерде солдаттар жерленген, үлкен ескерткіш бар», — деп қалбалақтады.

Шындығында да, «Зориледе» биік тұғырда автомат асынған солдаттың ескерткіші тұр екен. Мүсінді айналдыра қара мрамор тақталар орнатылып, адамдардың аты-жөндері жазылыпты. Оның ішінде біз іздеген фамилия жоқ боп шықты. «1944 жылдың жазында бұл жерде қиян-кескі шайқастар болған. Ал мына жерде небары 50-60 адамның аты жазылған. Сірә, бұл – осы селодан майданға аттанғандардың тізімі шығар» деген ой келді маған.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін сол жердегі билік органы – село примариясына (мэрия) бардық. Примарь Наталья Диденко бізді ілтипатпен қарсы алып, ескерткіш айналасындағы тақталарда осы селодан соғысқа кетіп, қаза тапқандардың аты-жөндері жазылғанын растады. «Ал опат болған басқа жауынгерлердің  «Инкулецте» жерленгенін менің әжем Прасковья айтып отыратын. Жүріңіздер, барып әжемнен сұрайық», — деп, біздің машинаға мінді. Біз «Инкулецке» қайта оралдық.

Прасковья әжей жауынгердің қай жерде жерленгенін білмейтініне өкініп тұрып, «Айтпақы,  жерлегендердің бірі Григорию Степанов, соған барыңдар» — деп жол көрсетіп жіберді. Жалпы, осы сапарымыз барысында жолыққан адамдардың барлығы біздің мақсатымызды біле салысымен қолдарынан келгенше көмектесуге тырысып, жол нұсқап, кеңес беріп, тіпті кейбіреулері іздеген жерімізге дейін апарып салып жүргенін ризашылықпен атап өткім келеді. Ал еліміздің Молдовадағы консулы М.Нұрмағамбетов Кишинэуден қайта-қайта телефон шалып, кеңес беріп, жол нұсқап отырды.

Соғыс ардагері Г.Степанов төсек тартып жатыр екен. Біз келген соң басын көтеріп, «самолеттерді атқылаған үш артиллеристі» жерлегенін, Яков Прокопович пен Абарцум Сарлесянның аты-жөні есінде қалғанын, ал үшінші жауынгердің есімін ұмытқанын, олардың жарақаттан әбден қиналғандарын айтып, көңілі босап, жылап алды. «Үшінші жауынгердің түрі қандай еді? Азиялық па? Бізге ұқсай ма?» деймін мен дегбірсізденіп. Қария біздің бетімізге үңіліп қарап, тағы кемсеңдеді: «Қартайдым ғой… есімде жоқ… Қарындасымның есінде болар. Қасымда ол да болған. Соған жолығыңдар.»

Енді бізге оның қызы Евдокия еріп жүрді. Себезгілеп жауып тұрған жауынның астымен жүгіріп отырып, 81 жасар Мария Зубконың үйіне келдік. Өкінішке қарай, ол да бірнеше күннен бері науқастанып қалған екен. Қария: «Біздің қателігіміз – солдаттардың аты-жөндері жазылған жетонды бірге көміп жіберіппіз, қазір қазып алатын болсақ, сол жетондар арқылы кім екенін білуге болар еді, — деді бізге. — Сауыққан соң ертіп апарып көрсетейін, 2-3-күннен кейін келіңдер.»

Рахметімізді айтып, сыртқа шықтық. Енді қайттік? Анықтамада жерленген жері «Инкулея селосынан 200 м жерде» деп тайға таңба басқандай жазылған соң, бұл жаққа сұрау салмай, ешбір мекемені қолқаламай өзіміз келіп едік, анықтама дерегі дұрыс болмай шықты. Енді басқа жолдарды ойластыру керек. Әуелі әскери комиссариатқа барайық деп шештік. Консулдық қызметкері мұнымызды құптай тұрып: «Бірақ жолай «Чишмя» селосына соға кетейік. Менің әке-шешемнің қолында тұратын нағашы әжем жауынгерлердің қай жерге жерленгенін көргенін айтып отыратын»,- деді. Тағы да үміт оты жанғандай болып, «Чишмя» селосына қарай жолға шықтық.

Петро Гажиудың әжесі 87 жасар Анна Ливадару түсі суықтау кісі екен. Біздің сұрақтарымызды үнсіз тыңдап алып, біраз тұнжырап отырды. Біршама уақыт өткен соң тамағын кенеп, қоңыр үнмен сөйлеп кетті. Өз тілінде ұзақ сөйлеген қарияның сөзін ұлы мен немересі бізге аударып отырды.

Әжей сөзінің басында осындай ізгі сапарымыз үшін бізге алғысын айтып, жолымыздың болуын тілепті. Сосын соғыс кезінде қаза тапқандардың қалай жерленгенін айтыпты. Ұрыс аяқталған соң арнайы бригада жүріп, қаза тапқандарды тізімдеп, бір зиратқа жерлейді де, тізімді сол жердің билік өкілдеріне тапсырып кетеді екен. Кейін, өмір сәл дұрысталған жылдары ол зираттарды ашып, мәйіттің біразын басқа жерлерге көшіріпті. «Анықтамада сол алғашқы жерленген жер көрсетілген болуы керек, кейінгісін военкомат біледі» депті Анна әжей. Біз бірден Орхэй әскери комиссариатына аттандық.

Орхэй қаласындағы орталық әскери комиссариат командирінің орынбасары подполковник Виктор Моргач біздің құжаттарымызбен мұқият  танысып, мақсатымызды білген соң өз қызметкерлеріне тиісті нұсқау беріп, олар әрқайсысының қалыңдығы төрт еліден асатын, көлемі А3 парағынан үлкендеу, қызыл мұқабалы бірнеше кітапты алып келді. Бұлар «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезеңінде қаза тауып, МССР Оргеев ауданының аумағында жерленген солдаттардың, сержанттардың, офицерлер мен партизандардың тізімі» екен. Әрқайсысында жүздеген, мыңдаған адамның аты-жөндері бар. Біз әрқайсымыз бір-бір кітаптан алып, парақтай бастадық.

«Таптым! Карабаев!» — қызым Меруерттің даусын ести салып, бәріміз тұра-тұра ұмтылдық. — Бірақ аты «Жумаский» деп қате жазылыпты». Атынан басқасының бәрі – тегі, әскери атағы, туған және қаза тапқан жылдары түгел сәйкес келіп тұр. «Туған жері» деген бағанада – «Казахстан» деп жазылыпты. Әрине, біздің атамыз! Ал грамматикалық қате – аласапыранда жазылған құжаттарға тән екені қазір баршаға белгілі. Жерленген жері «Оргеев қаласындағы бауырластар зираты» деп көрсетіліпті. Бәріміз «уһ!» дедік.

Осы кезде сіңлім Тәскира: «Мына қараңдар, менің кітабымда тізімде 52-ші болып «Коробаев» деп жазылыпты. Аты көрсетілмеген, бірақ атағы, туған және қаза тапқан уақыты, туған жері сәйкес келіп тұр, — деді, жерленген жері – Оргеев ауданы Кокорузень селолық советінің аумағы». Жаңа ғана иығымыздан ауыр жүк түскендей босаңсып қалған біз енді әрқайсымыз өз кітабымызды қайтадан парақтай бастадық.

Осы жерде подполковник В.Моргач мынадай ақпарат айтты: «1955-58 жылдары Отан соғысында қаза болғандардың басына баруды жеңілдету үшін әрі жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында бүкіл республикада ірілендірілген бауырластар зираттары жасалып, шалғай селоларда жерленген мәйіттер қалаларға, аудан орталықтарына көшірілген болатын. «Кокорузень» — Оргеев ауданының ең шалғайда жатқан селосы. Сіздердің аталарыңыздың мәйіті де сол кезде көшірілген болуы керек.»

Комиссардың сөзі көкейге қонымды болғанымен, көңілге көп сұрақ орала берді. Мен комиссарға елден, аға сержант Кәрібаевтың әйелі мен қызының басынан топырақ алып келгенімді және оны атамыз анық жатыр деген жерге салуым керек екендігін, яғни, қанша шалғай болса да «Кокорузеньдегі» зиратты барып көруіміз керектігін айттым. В.Моргач сөзге келместен біздің көлікке отырды. Жаңбырлатып тағы да жолға шықтық.

«Кокорузень» селосындағы зиратта да шағын ескерткіш бар екен.  Тұғырдың төрт жағында онда жерленгендердің тізімі жазылыпты. Мен «осы қазақ баласы болар-ау» дегендерді блокнотыма жазып алдым: «Турегуев Н.М., лейтенант Бекузаров, красноармеец Базарбаев Ш.» Біздің атамыздың тегі жазылмапты, яғни, Орхэйге көшірілгені анық болғаны…

Міне, біздің көлігіміз Орхэйге де келіп кірді. Осы кезде күні бойы себезгілеп жауып тұрған жаңбыр үдей түсіп, көз алдымыз судан шымылдық тұтылғандай аппақ болып кетті. Жүргізуші машинасының екпінін баяулатып, ең төменгі жылдамдықпен жылжып келеді. Машина бауырластар зиратының алдына келіп тоқтағанда, мына ғажапты қараңыз, толассыз жауған жаңбыр сап тыйылды. Аспанды торлаған бұлт арасынан жарқырап күн көрінді.

Комиссар алдымызда, соңынан біз еріп келеміз. Тып-тыныш зират ауласының төр жағында, биік тұғырда бүлдіршін қыз бен баланы аялай құшақтап тұрған солдаттың қола мүсіні көзге түсті. Сол жағында ені мен ұзындығы шамамен 3,5х5,0 м болатын үлкен ақ тақта орнатылып, алтын әріптермен адамдардың тектері тізіліп жазылыпты. Санасам 7 бағана екен, соның 3-бағанасында, жоғарыдан санағанда 12-ші болып бізге соншалық ыстық есім жазулы екен: КАРАБАЕВ Ж.

Біз үнсіз басымызды иіп, атамыз бен сол жерде мәңгі ұйқыда жатқан қандастарымыздың аруағына дұға арнадық. Ақ орамалға түйілген туған жер топырағын себелеп, әжем мен анамның бейітіне апарып салайық деп, сол жердің бір уыс топырағын алдық.

Бауырластар зиратындағы тақтада да кейбір фамилиялар көзге жылы ұшырап, «мен мұндалап» тұрған соң жазып алдым: Алиев Б.А., Абдуллаев П.Ш., Бекмуратов М., Бекетов А.Е., Каримов А., Кабитов К.

Кишинэу қаласындағы мемориалдық кешенде де осындай фамилиялар ұшырасты: С.Мустафа, сержант С.Сугиров, солдат Пармамытов, солдат Н.Ерхан (1915 года рождения), капитан А.Р.Абдулазизов (1924-1944), солдат Д.Рысдаулетов». Бүгін де бұл жауынгерлердің ұрпақтарының көзіне түссе екен деген тілекпен жазып отырмын.

Әжем соғыс кезінде 4 бірдей азаматынан: күйеуінен, інілері Әбілұлы Мұқаш пен Келдіғұлдан,  ұлы Зарлыққаннан айрылып, жалғыз қызы, біздің анамыз Балажанмен қалған.

Әжемнің айтуынша, кіші інісі Келдіғұл Әбілұлы майданға Қостанайда «мұғалімдік оқу» оқып жүрген жерінен аттанған. Алғашында Келдіғұлдан үзбей хат келіп тұрады. Ол хатты көбіне өлеңмен жазады екен. Оны елде қалғандар бір әуенге салып, ән қылып айтады екен. Содан да болар, Келдіғұл нағашымның өлең-хаттарының ғұмыры ұзақ болды. Біздің бала кезімізде Қостанай облысының Жангелдин ауданы «Қызбел» ауылында,  Сарқопа маңында тұратын қариялар шілдехана, тойларда сол өлеңдерді айтатын.

Бұл өлең-хаттардан қанды қырғынның ішіне түскен жаны әсершіл, жүрегі нәзік Келдіғұлдың  біресе ашу-ыза, біресе қорқыныш, біресе сенім билеген көңіл күйіне бойлап, соғыстың картинасын ақын жігіттің көзімен көруге болады.

Жиырма төртке келді жас,

Неміс болды бізге қас.

Ойлағанда әр ойды

Келеді көзге ыстық жас.

Өмір мен өлім санаулы,

Жауменен жан-жақ қамаулы

Мыңдаған адам жөнелдік –

Бәрі де оның аяулы… – деп толғанады ол алғашқы хаттарының бірінде.

Атадан жалғыз туғандар,

Ғылым жолын қуғандар,

Туған жер мен туысты

Бір көруге болдық зар.

Мұндайды бұрын көрмеген,

Қара бұлт басқа төнбеген,

Дірілдейді жас жүрек

Жапырақтай шөлдеген, –

деп сырын ақтарады жаудың алғашқы жылдардағы екпінінен жүрегі шайлыққан жас жауынгер 1942 жылдың жазында жолдаған хатында.

Бармайды аузым айтуға

Күн болар ма екен қайтуға?

Бесінші июль күндері

Кірмек боп тұрмыз қиқуға, — деп жазады ол кезекті бір шабуылға шығар алдында елдегі ағайын-туғанмен қоштасып жазған хатында.

Балалық-ай десейші, біз әжемнің «июль» деген сөзді «йол»  деп айтатынын қызық көріп, осы шумағын қайта-қайта айтқызатынбыз.

«К Курской битве обе противоборствующих армии — немецкая и советская — готовились с весны до середины лета 1943 года… И вот утром 5 июля 1943 года на позиции советских войск обрушились десятки тысяч снарядов и авиабомб. В начале небо потемнело от бесчисленного количества фашистских самолетов, затем задрожала и застонала земля», — деп жазады маршал Жуков «Мемуарларында».

«Келдіғұлдың «Бесінші июль күндері» дегенінің бұл шайқасқа қатысы бар ма екен?» деген ой мені жиі мазалайды.

Дана халқымызда «Үш күннен кейін молаға да етің үйренеді» деген сөз бар. Күші басым жау әскеріне төтеп бере алмай шегінуді, қарулас достарынан айырылуды бастан өткізіп, қаһарлы қыста қар кешіп, аптапты жазда су ішпеген шайқастарда шыңдалған жауынгердің елге бұдан кейін жолдаған хаттарының мазмұны да өзгереді:

Үшінші жыл көрмегелі ел сені,

Артқа тастап, Сарқопадай жер сені

Отырғанда ойға түсіп ел мен жер

Бой көтертпей мұң басушы ед еңсені…

Біз жеңеміз, тыныштықты құрамыз

Ойраныңды Гитлерге қыламыз.

Қызықтырмай жезтырнақты Отанға

Көп ұзатпай моласына тығамыз! – деп ширығады ақын жауынгер.

Бірақ Гитлерді «моласына тығу» оның таланына жазылмапты. Көп ұзамай Келдіғұлды «хабарсыз кетті» деген хабар келеді.  Сонда «Келдіғұлдан жаным артық емес» деп, оның ағасы Мұқаш майданға өзі сұранып кетеді. «Артында тым болмаса тұяқ та қалған жоқ» деп өкситін әжем.

 

Мен қаншама жыл бойы басына барып топырақ салу үшін өз атамызды іздеп едім. Молдова жеріне барып, мыңдаған тізімді көріп, бірнеше зираттан «Бұл жерде бір офицер мен төрт солдат жерленген», «Мұнда бірнеше батыр партизан мәңгі ұйқыда жатыр», «Бұл – ұрыста ерлікпен қаза тапқан белгісіз офицерлер мен солдаттардың соңғы мекені» деген сияқты жазуларды оқып, біз, міне, осындай да себеппен ұрпақтары әлі іздеп таба алмай жүрген барша жауынгерлердің рухына тағзым еттік.

Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін біз оларға мәңгі қарыздармыз.

 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысының ғылыми әлеуетін дамыту: Аризона университетімен кездесу

Еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың бірден-бір жолы – шетелдік дамыған ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірлерде ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *