Иен даладан қала тұрғызуға себепкер болған Торғай боксит кен басқармасы пайдалы қазбаның бітуіне байланысты жұмысын 2021 жылдың аяғына дейін толықтай тәмамдайтыны айтылып келген болатын. Алайда, пандемиядан кейін күрт нашарлаған әлемдік экономикалық ахуалдың кесірінен кәсіпорын өз қызметін жоспарланғандай келер жылы емес, биыл аяқтамақ. Ал осында еңбек етіп, нәпақасын тауып келген 500 адамның болашағы қалай болмақ?!
Бұл туралы Арқалық қаласы әкімдігінің facebook-парақшасында жарияланды.
«Қазақстан алюмині» АҚ-ға қарасты ТБКБ жабылған соң, жұмыссыз қалатын жандардың екі қолына бір күрек тауып беру жоспары алдын ала құрылып, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Соның бірі — күні кеше ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесі. Шараға келген 300-ге тарта кен саласының маманына 10-нан астам қаламыздағы түрлі ұйым мен ERG-дің 6 ірі кәсіпорны өздеріндегі бос орындарын ұсынды.
– ТБКБ 2021 жылы жұмысын тоқтатады деп күтілгені белгілі. Дегенмен, пандемияға байланысты биыл жабылмақ. Әкімдіктің міндеті — халықтың әлеуметттік жағдайын қарау. Сол себепті сіздермен бірлесе отырып біз бұл мәселенің шешімін табамыз. Қазіргі уақытта дәнекерлеуші, үлкен жүк көліктерінің жүргізушісі сынды 150-ден астам бос орындар бар. Одан бөлек, кәсіппен айналысқысы келетіндер болса, қолдау білдіретін «Еңбек» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламаға миллиондап қаражат бөлініп жатыр. Осылардың барлығын пайдалана отырып, сіздерді жұмыспен қамтуға күшімізді саламыз, — деп атап өтті Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев.
Күні бүгін ТБКБ-ның қызметкерлерінің саны — 500 адам. Соның 281-і кен өндіру жұмысының тоқтатылуы салдарынан бос отыр, 36 адам кезекті еңбек демалысында екен. Қазба жұмысы шектелгенімен, мұнда осыған дейін өндірілген боксит пен отқа төзімді сазды тиеп жіберу, кәсіпорын активтерін сақтау, кәсіпорынды қуатпен қамту және қауіпсіздік шаралары атқарылып келген. Бұл жұмыстарды ұжымның 171 маманы атқарып жатыр.
Бос орындар жәрмеңкесіне арнайы келген «Еуразияық Топ» ЖШС Персоналды басқару департаментінің директоры Ақсырға Ермұханова мен ТБКБ директоры Манарбек Нұрмаған да сөз алып, кеншілердің әрқайсының тағдыры маңызды екенін жеткізді. Оларды жұмысқа орналастыру үшін жоспарға сай жұмыстар жалғаса бермек.
Қазірдің өзінде ТБКБ-дан ERG-дің басқа филиалдарына жұмыс ауыстырып үлгергендері де бар. Мысалы, өткен тамыз айының өзінде 13 маман Краснооктябрь боксит кен басқармасына жұмыс ауыстырып, вахталық әдіспен еңбек етіп жүр. Тағы 21 адам ССКӨБ-де, екі маман «Шұбаркөл көмір» АҚ-да жұмыс істеуге шешім қабылдаған. Осылайша, ERG құрамындағы кәсіпорындарға жұмыс ауыстыруға бел буған мамандарға кей кәсіпорындар топішілік тұрғын үй бағдарламасы аясында баспана беруге де әзір.
Кеншілер бос орындар жәрмеңкесіне келіп, ұсынылған жұмыс орындарымен танысып шықты. Алайда, басқа мекемелермен салыстырғанда еңбекақылары жоғары саналатын ТБКБ мамандарына ол жерде көрсетілген жалақы мөлшерінің бәрінің бірдей көңілдерінен шықпағаны анық. Кен басқармасында 30 жылдан астам уақыт экскаватор машинисі болған Абылай Мәжікенұлы да істеген жұмыс көлеміне қарай 200 000 теңгеден жоғары еңбекақы алып жүріп, одан төмен төлейтін жұмысқа тұрудың қиынға соғарын айтады.
– Ата-бабамыз осында жерленіп, ұрпағымыз өсіп келе жатқан Арқалықтан кеткіміз келмейді. Алайда, жұмыс болмаса, бұрынғы кеншілердің көбі кетіп, қала босап қалуы мүмкін. Осының алдын алу үшін бүгінгідей шара ұйымдастырып отырғандарға алғысымыз шексіз. ТБКБ-да жақсы жалақы алып жүріп, басқа жұмыста табысымыз төмендесе, әрине, оған үйрену қиын, — дейді ол.
Бұған дейін белгілі болғандай, геологтар жергілікті боксит қоры 2016 жылы бітеді деп болжаған. Дегенмен, кеніштің қызметін тоқтатпау үшін компания өндірістің жылдық мөлшерін азайтқан болатын. Кен басқармасының жұмысы тоқтайтыны алдын ала белгілі болғандықтан, ERG мен жергілікті билік тарапынан кеншілерді жұмыссыз қалдырмаудың алғышарттары жасалған.
– Бұл кеніштен шикізат өндіру тоқтатылатыны бірнеше жыл бұрын айтылған. Геологтардың болжамы бойынша, торғайлық боксит қоры тіптен 2016 жылы түгесілуі тиіс еді. Кеніштің қызметін тоқтатпау үшін компания өндірістің жылдық мөлшерін бәсеңдетті. Алайда, бұл кеніш жабылмайды деген сөз емес қой. Кеніш жұмыс істеп тұрған кезде атқарылған іс аз емес. Бір кездері Павлодар алюминий зауытының тың тарихын қалыптастырған өндіріс жайлы әңгіме басқа. Тек соңғы төрт жылда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына 100 млн теңгеден астам қаражат бағытталды, — дейді ТБКБ директоры Манарбек Нұрмаған.
Ұйымдастырылып отырған бос орындар жәрмеңкесі осы жұмыстың бір көрінісі ғана. Бұл бағыттағы тиісті шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.