Ұлы ұстаз туралы әлі ашылмаған деректер

Ыбырай Алтынсарин – ұлы тұлға. Ол қиын да ауыр кезде өмір сүрді. Бірақ артына мәңгілік өшпес із қалдырды. Оның еңбегі зерттеліп, көп жай анықталды. Зерттеушілер Ә.Дербісалин, Б.Кенжебаев, Б.Сүлейменов, Б.Ысқақов, Ә.Сыдықов көп еңбек жасады. Дегенмен ұлы адамның жеке басына байланысты анықталмаған жайлар әлі де баршылық. Қазіргі зерттеушілер «Алаш» қайраткерлерінің Алтынсарин туралы жазған еңбектеріне әлі терең боламай жүр. Сол зерттеушілердің қатарында Ә.Бөкейхан, М.Әуезов, А.Байтұрсынұлы, Р.Марсеков және тағы басқалар бар. Олар білім кілтін тапқан ұлы ұстаздың аса зор еңбектеріне өз заманында назар аударған. Ә.Бөкейханов 1923 жылы Мәскеуде отырып А.Байтұрсынұлына хат жазып, Ыбырай туралы еңбек жазуды ұсынады. Және сол хатында «егер сен Алтынсарин заманында тусаң оның ісін істер едің. Егер, Алтынсарин қазіргі заманында туса, ол сенің ісіңді істер еді» деген еді. Бұл сөз Ыбырай үшін де Ахмет үшін де үлкен баға еді.

Дәл осы күндері Алматы облысы Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылындағы зор апат жөнінде жиі айтылып жатыр. Осындай су апаты қазіргі Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Қараторғай өзені бойында 1869 жылы көктемде болды. Осында 2 адам суға кетіп өлді. Бірнеше мыңдаған мал суға қарқ болды. Осы жерде отырған ауылдың барлық дүние-мүлкі суға кетті. Міне, осы оқиғаны тергеп – тексеруді сол кездегі Торғай уезінің судьясы Ыбырай Алтынсарин өз қолына алды. Баймұрат, Тайшығара сияқты белгілі, беделді кісілермен сөйлесіп, апатқа ұшыраған отбасыларына өтемақы алып берген. Демек Ыбырай ісі мен қызметін тек оқу-ағарту саласынан ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік орындардан да іздеген жөн.

Ы.Алтынсариннің отбасы туралы да деректер әртүрлі айтылады.  Ыбырайдың анасының аты Әймен бе, әлде Айман ба? Рас әкесінің аты Шеген. Әйелінің аты Айғаныс. Бірсыпыра ғалымдар Айғанысты Сырт Жайықтың батыс бөлігі сұлтан-әкімінің көмекшісі Шолақ Айтасовтың қызы дейді. (М.Әбішов «Қазақ портреттерінің тарихы» Алматы-2008 ж). Ал, ұлы ұстазды ертерек зерттеген Ә.Дербісалин Айғанысты Жаппас руының Шолақ деген кісінің қызы дейді. Мұны белгілі зерттеуші қаламгер Тілеккабыл Боранғалиұлы да қолдайды. («Егемен Қазақстан» газеті, 28 желтоқсан 2009 ж). Бұл әлі де анықтауды қажет етеді. Әділін айтсақ Ыбырайдың шын сүйген қызы Торғайды билеп тұрған Сүлеймен төренің қызы еді. (аты белгісіз). Бірақ тағдыр оларды қоспады.

2007 жылы «Қазақ энциклопедиясы кітапханасы» «Тұлғалар» сериясындағы «Ыбырай Алтынсарин. Шәкәрім Құдайбергенұлы» атты кітаптың 144-145 беттер арасындағы жапсырмада, астына «Шеген би» деп жазылған сурет бар. Ал, жоғарыда аталған Т. Боранбайұлының «Санк-Петербургтегі сұлтандар серуені» атты мақаласында көрсетілген суретте дәл осы бейне «Шолақ Айбасов» деп көрсетілді. Ежелгі суреттерді көп жинақтап еңбектеніп жүрген М. Әбдешов те осылай деп жазған. Рас Шолақ Айбасовтың өмірі мен қызметінде Ы.Алтынсаринмен байланыс бар. Сонда Айғаныстың әкесі қай Шолақ?

Әңгіме Шолақ есімі кісі туралы болып отыр ғой. Қазақта аттас кісілер жиі кездеседі. Мысалы, Ы.Алтынсариннің қайын атасы Шегеннің үлкен ұлының аты да Шолақ. Шолақұлы Оспан 1916 жылғы Торғайдағы Ұлт-азаттық көтерілісте арғын елінің ханы болып сайланған. Міне, осының бәрі Ыбырайтануда әлі де жете зерттеліп, анығына жетпей жатқан жайлар бар екенін дәлелдейді.

Ұлы ұстаздың өміріне байланысты айтылатын көрсетілетін құжаттар мен суреттерде Ыбырайдың балалар арасында әскери орыс азаматтарымен түскен суреті бар. Мұны біреулер Торғай әскери коменданты И. Яковлев десе, енді біреулері Қостанай қаласының әскери коменданты болу керек деп топшылайды. Мұның қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс?

Ы.Алтынсариннің зиялы қауым үшін, жалпы, қазақ халқының білім алуы үшін теңдесі жоқ қызмет еткен ұлы адам. Оның бұл ісін ерлікпен парапар қоюға болады. Рас, ол кісі тарихтан өз орнын алды, оны ешкім өзгерте алмайды. Дегенмен, уақыт өткен сайын ұлы тұлғалардаң бейнесі биектей беретіні сияқты олардың өміріне қарысты жаңа деректер де ашыла түседі. Олай болса ұлы ұстаздың:

«Біз болмасақ сіз барсыз,

Үміт еткен достарым,

Сіздерге бердім батамды», — деп өзі айтып кеткендей Ыбырай тарихының ашылмаған құпия беттерін кейінгі жас ғалымдар тауып ашады деген сенімдеміз.

 

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ,

этнограф, Жазушылар

одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері

Мынаны да қараңыз

Тәлімі терең тұлға

Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның ...