Міржақыптың туған інісі де саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі

Қасіреттің қаны тамған шеңгелді кезеңнің от бүркуінен Дулатовтар шаңырағы үйітіліп, жойылғалы тұрды… Міржақып тағдыры белгілі…

Шаңырағын жалғыз қызы Гүлнар ұстап қалды. Әкесі армандаған Тәуелсіздікті көріп, 97 жасқа қараған шағында өмірден озған Гүлнар апамның бір өкініші ішінде кетіп еді. Әкесінің туған ағасы Асқардың (1868-1933 ж.ж) Карелиядағы Майгуба лагеріне айдалғанын білгенімен, сүйегінің қайда қалғанынан бейхабар болатын. Тек атасының (туғанына биыл 150 жыл толды) 1991 жылы ақталғаны ғана қос ғасыр құрдасының жүрегінде шемен болып қатқан қайғыны сәл-пәл жібіткендей еді.

1934 жылы Мір­жа­қыптың әйелі Ғайни­жа­мал баласы Әлібегін ертіп Сосновец лагерінде он жыл мерзім жазасын өтеп жатқан күйеуі­не ба­ра жатқанда Мәскеу­де тұратын Әлихан Бөкей­ханов уайым мүжі­ген­­ шар­шаңқы жандарды­ темір жол вокзалында­ кү­тіп алып, бірер күн үйін­­де тынықтырып, қа­йы­ра шығарып салады.­ Жи­налып жатқанда Әли­хан: «Товарищ Гая, мынаны Міржақып шырағыма барған соң қажеттеріңе жұм­сарсыңдар», деп Ғай­ни­жамалдың қолына қа­лың­дау келген конвертті ұс­татады. Асыл ағасының сәлемдемесіне разы болып толқыған Міржақып көз жасын көрсетпей сығып-сығып алса керек.

Сосновец стансасында ­Мір­жақып үй жалдап (сол үйді 1992 жылы ба­йырғы тұрғын Н.Серегин көрсетіп, ішін аралап көргенбіз – Қ.Ә.) әйелі мен баласы үшеуі бір айдай мәре-сәре күй кешеді. Әрине күндізгі лагерь тауқыметінен титықтап оралса да сүйгені мен пер­зентінің қасында сәттік ғайып-бақытқа балқып, масай­рап отырыпты. Құ­дай-ау, отбасының барлық қызығын елінің ертеңгі еге­мендігіне тәрк ете салған неткен жанкешті, нартәуе­кел жан еді. Жұбайымен сырласып, аса құпия әң­гіме шертілген бір жо­лы былай ақтарылғаны бар Міржақыптың: «Сот ме­ні 58-статьямен айып­тап, он жылға кесті (ал­ғашқы үкімде ату жазасына жатқызылған – Қ.Ә.), содан кейін көпшілік отыр­­ған камераға кө­шірді. Отырғандарға «ас­салаумағалейкүм» бере кірдім, жұрттың ішінде көзіме ыстық болып түс­­кен ол өзімнің Ақай әкем (туған ағасы Асқар Ду­латовты осылай атаған – Қ.Ә.). Ақай әкем орнынан әзер тұрып, белін жазып келіп мені құшты, екеуіміз де балаша солқылдап жы­ладық. Ағамның мұн­да отырғанын білген емес­пін, қуанышымызда шек болған жоқ. Ақай әкем бұрынғыдай емес, қар­тайып, жүдеген. Маған мұ­ңын шаққандай көңілі босап, көз жасын көпке дейін тыя алмады. Ақай әкемнің айтуынша, өзін менен ке­йін 1929 жылдың орта ше­­нінде тұтқындапты, әр жер­де ұстап осы Бутыркаға жеткізіпті. …Кешікпей екеуімізді екі айырып жі­бер­ді. Мен Соловкиге жө­нелтілдім, Ақай әкемнен сод­ан бері хабарсызбын»…

Ғайнижамал бұл әңгі­мені өңі сұрланып, тілін тістелеп отырып тыңдайды да Міржақыптың өз ағасы туралы кейінгі деректерден хабарсыздығына көзі жеткен соң, өздеріне белгілі жайтты жайып салмасқа шарасы қалмайды. Асқар қайнағасының Бутырка түрме­сінен Котлас қала­сына жіберіліп, кейін сон­дағы түрмеден Солов­киге Мырзағазы Есполовпен бірге айдалғанын елге жолдаған хатынан білген­діктерін айтады. Сол сәтте Міржақып орнынан ұшып тұрып аһ ұрып «жанымда жүргенін сезсемші жан бауы­рымның!», деп өк­сік атып, жан дүниесімен қопарылып, жарылып кетердей буырқаныпты-ау! Осы әңгіме тұсында ерлі-зайыптыға белгісіз түйнектелген қаралы сыр­­­­дың құлпы ешкімнің де­ қолында жоқ еді-ау! Қатыгез өмір шерлі жұм­бағын өзінің ішіне ғана бүгіп тұрған! Сыбыр­лағандай болған қос мұң­лықтың құлағына: «Асқар­дай ағаларың Майгуба лагерінде Мағжан Жұма­баевпен, Елдес Омаровпен бірге жазасын өтеп жүрген­де мерт болған!». Қайдан сезсін?! Бәрі кейін белгілі болған жайт қой.

Асқар Дулатов Міржақып інісі­нен екі жылдай бұрын 1933 жылы көз жұмған екен… Асқар Дулатов бұ­рын­­ғы Торғай облысы Жан­келдин ауданының Қыз­бел ауылында дүниеге кел­ген. Сауатын ауыл мек­­­тебінде ашқан ол әрі қарай қазақша, орысша оқып, білімін өз күшімен толықтырады. 1918 жылға дейін Торғай уезінің биі қызметін атқарған. Ке­зінде патша үкіметі М.Ду­латовтың «Оян, қа­зақ!» өлеңдер жинағын тәр­кілеп, оқуға тыйым­ салғанда Асқар бұл пасық пиғылдың үстемдік құруы­на жанын пида етерліктей болып қарсылық танытады. Кітапты жасырын түр­де ел арасына таратып, маз­мұнын насихаттап, қазақ жұртының марғау күйінен арылып, озық елдер қатарына қосылу мақсатында іс-әрекет қылуын уағыздайды. Мұн­дай белсенділігі, әрине, өміріне қауіп-қатер тудырарын сезсе де бетінен қайт­пай, өршелене әрекет етеді.

Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін ол ауыл шаруашылығында жұмыс істеген кезінде де халықты білімге, кәсіпке, өнерге баулу мақсатынан ешқашан айнып көрмеген. Күштеп ұжымдастыру тұ­сын­да, 1928 жылы А.Дула­товтың мал-мүлкі тәркіленіп, 1929-1932 жылдары Мәскеудегі Бутырка түрмесіне отырғызылады. 1930 жылы 4 сәуірде ол ату жазасына кесіліп, 1931­ жылы 30 сәуірде бұл­ жаза 10 жылға бас бос­­­тандығынан айырумен ауыстырылады да, Каре­лиядағы Майгуба ла­геріне айдалады. Сонда 1933 жылы қайтыс болады.

Асқар – Дулаттың ал­ты баласының үлке­ні. Алғашқы әйелі Қадиша­дан – Ескендір, Тоты, Бо­тагөз және Айдар туса, екін­ші зайыбы Зәуреден – Хайдар, Қайым және Адай өмірге келеді. Мен осы кісілердің екеуін – Ботагөз бен Хайдарды көріп, етене жақындасып, соңғы демдері үзілгенше байланыста болған едім. Енді сол кісілер жайлы бірер сөз айтуға тура келіп тұр.

Өткен ғасырдың сексе­нін­ші жылдарының басына таман біздің Қызбелге Таран ауданы жағынан Ботагөз Асқарқызы ке­ліп, бірер ай ел аралап, ау­нап-қунап қайтқаны бар. Еңбек демалысымда ­туған ауылыма келгенде көріп, кім екенінен хабардар болғанбыз. Бірақ Дула­товтарға қатысты жақ ашпайтын. Кейін Алтын­сарин атындағы кеңшарда тұратын жақын інісі Әменов Хамиттің қолында болып, 1988 жылдың 17 ақпанында 80 жасында дүниеден өткен. 1992 жылдың қыркүйегінде Гүлнар апам Карелиядан әкелінген әкесінің мүр­десін Бидайық ауылына қайта жерлеген соң, елу шақырым жердегі Алтынсарин ауылына әдейі барып, Ботагөз апасының басына дұға оқып, тағзым еткенде қасында бірге жүр­ген едік. Ол кісі өзі өмірден өткеннен кейін Міржақып ағасының тоғыз айдан соң ақталатынын, ал әкесі Асқардың есімі араға үш жыл салып ақадал екендігі дәлелденетінін білмей кетті-ау! Тіршілік жан күйзелісінің шек-мөлшерін анықтауға кейде дәрменсіз болатынын осыдан-ақ­ бай­қауға болмай ма? Бірақ шындық атаулы түп­тің-түбінде бақилық бол­ған жанның да рухын шалқытатынын місе тұт­сақ, көңілге сол медет!

Облыстық «Қостанай таңы» газетінің 1992 жылғы 28 наурыздағы санында «Ботагөз – Міржақыптың немере қарындасы» деген мақала жарияладым. Оны жазуға Ботагөз апайдан қалған бір сурет себепкер болып еді. Сурет сыртына апай өз қолымен «Ботагөз, Галя, Нәзиқа, Ақмаржан, Роза. «Коммунизм жолы» газе­тінің («Қостанай таңы­­ның» бұрынғы атауы­ – Қ.Ә.) машинисткалары. 17.03.1957 ж.» деп жазыпты. Бұл кезде мен «Егемен Қазақстанның» Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі едім, Арқа­лықта тұратындықтан апайға қатысты өзге деректер жиыстыра алмадым. Көнекөз кейбір жур­налистердің «Ботагөз жұмыс істеген, бірақ фамилиясы Бұралқиева болатын» дегені бар еді. Яғни шындыққа жанасады, апай күйеуінің фамилиясымен (Мұстафа Бұралқиев) жүр­ген боп шықты ғой.

Кейін білдік, Ботагөз Асқарқызы өз өміріне қа­тысты біраз деректерді жа­­зып қалдырып кеткен екен. Ашып айтуға қоры­нған сол мол мұрасы арыстар ақталғаннан соң кәдемізге жарағанын осы апасынан жеті жас кіші Гүлнар Міржақыпқызы разылықпен мәлімдеген болатын. Ботагөз апай: «Өз әкем Асқар Дулатов ел ішінде беделі зор, жұрт сыйлайтын, оқыған кісі, ел басшысы, атқамінері болған. Біздің үйді «үлкен үй» дейтін. Әкеміз Торғай дуанының судьясы, яғни биі болып жұмыс істеді. Дуанға жүрерде арнайы тігілген киімін киетін, қос шынжырлы медалін (оны «знак» дейтінбіз) мойнына салатын, ұмытпай қызыл масаты қалташаға салынған мөрін алатын. Ауылдағы келіндері ол кісіні Би аға деп атайтын» деп жазған еді әкесі туралы кестелеп. Сондай-ақ Асқар әкесінің өз інісі Міржақыпты оқытып, тәр­биелеудегі орасан зор­­ еңбегін де нақпа-нақ қа­ғазға бедерлеп түсіріп, оның бала күнінен бас­тап ержетіп саяси көзқа­расы қалыптасып, қазағы үшін аянбай қам жеген кезеңдерін татымды таң­балағаны бүгінде тарихи аса маңызды құжатқа ай­налғанына сүйсінеміз.

Ал Ботагөз апайдың өзім жақсы біліп араласқан інісі Хайдар Дулатовтың (1913-1985) аузынан да тұшымды ешнәрсе есті­меген едім. Үйде қонақ болып отырғанда «Алаш деген не өзі, не білесіңдер?» деп сыр тартады. Көзі суық жымияды, қара кісі еді, түрі одан бетер сұрлана түседі. Тілі күрмелетіндей ме? Сөйтсек артынан білдік қой, Дулатовтарға зауал төнгенде, он бес жасар Хай­дарды да басқа туы­старымен бірге Қиыр Шығысқа айдап жіберген екен. Хайдар аға алғаш көріскенде маған өз шешесі Зәуренің біздің жақын апамыз болатынын айтып, туыстық мейіріммен баурап, сыйлас араластыққа пейіл көрсеткен. Ал Дула­товтарға қатысты жұмған аузын ашпай кетті. Бүгін­дері Хайдар ағаның ұрпақ­тары өсіп-өнген, еліне қалтқысыз қызмет етуде.

Асқарға қатысты Гүл­нар апамның әңгімелерін ой ­елегінен өткізе бас­тағанымда, ол кісінің 1989 жылы Мағжан Жұ­мабаевтың зайыбы, 96 ­жастағы Зылиқамен Ал­ма­тыда кездесіп сыр ақ­тарыстырғаны санама орал­ды. Майгуба лагеріне Мағ­жанын іздеп келіп, қауышқан Зылиқаға бір күні ері бұрын Ташкентте бірге тұрған Алаш арысы Елдес Омаровты ертіп келіп таныстырады. Ке­лесі күні қазақтың бір ақса­қалын: «Бұл – Асқар Ду­латов, Міржақыптың, өзі­міздің Жақаңның туған аға­сы»,  деп төрге оздырып ет асып, қонақ етіп сыйлайды. Сонда қоштасарда мейманының айтқан сөзін Зылиқа апай дәлме-дәл етіп Гүлнар сіңілісіне айтып береді. «Қалқам, менің қазақтың өзіңдей әйелін көріп тұрғанымның алды-арты осы болар, елге жете алар түрім жоқ, қош, ел-жұртқа сәлемімді жеткіз», деп маңдайынан сүйіпті. Атасының аманат сөзін енді естіген Гүлнар көз жасына ерік беріпті.

Гүлнар Дулатова 1925 жылы Асқар атасының Қы­зыл­ордаға келгенін (Мір­­жақып інісіне енші ре­тін­де жасаттырған ал­ты қанатты отау киіз үй­ді екі түйеге теңдеп, өзде­рі салт атпен жүріп, желтоқ­сан айында жеткен – Қ.Ә.) былайша суреттеп жазғаны бар еді: «Бір кезде жастыққа шынтақтай жатқан Ақай әкесіне әкем жақынырақ жылжып барып, бір түрлі жас баладай еркелеген сыңайын байқап қалдым. Көңіліме: «Папамның мұнысы қалай? Үлкен адамдардан да балалық, еркелік мінез шы­ғады екен-ау», деп таң­ғалып, әлгі қылығын кәдім­гідей ыңғайсыз көр­дім. Енді ойласам, Ас­қар әрі аға, әрі әкедей тәр­биелеп өсіргендіктен, жас жа­ғынан он жеті жылдай үлкендігі бар (екеуінің аралығында екі апа, бір аға), өзі кенже бола тұрып неге еркелемесін, онысы заңды деп санаймын, еш сөкеті жоқ екенін ен­ді ғана түсінгендеймін. Қы­рықтағы Міржақыптың бойын­да сол қасиеттің сақ­талып қалуы қандай тамаша!»

…Қайран да қайран есіл ерлер! Асқар мен Мір­жақып! Дәмеш ананың тө­сін түрткілеп алты ба­уыр өскен-ді. Осы қос қо­шақан Дулат әулетінің ғана емес, бүкіл қазақ қо­ғамының бетке ұстар ұл­дары, біртуар тұлғалары болып қалыптасқанына мы­на тарих куә! Бір ұяда қанат­танды, бір түрмеде азаптанды, Карелия жерін екеуі де жастанды… Ағасы сонда қалды, інісі елге оралды… Тағдырлары әрі тарпаң, әрі азалы! Мәңгілік мақтан тұтар бар қазағы!

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстан Журналистика академиясының академигі 

Мынаны да қараңыз

Төлен ӘБДІК: Тарих және тарихи тұлға

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *