Сталиндік зұлматтың жалыны біздің әулетті де шарпып өткен еді

«Ат» деген кім?

Атқан қайсың?

Қаным қайда төгілген,

Қабірім қайда көмілген?

Ә.Тәжібаев

Қазақ халқын жазықсыз жапа шеккізіп, саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан қарғыс атқыр 1937 жыл баршаңыздың есіңізде болар. Мен бұл сойқаннан оншақты жыл кейін туғандықтан оның зардабын көрген жоқпын, тек ата-анам айтып отырғанда естігендеріме иманым қасым болып, шарасыз күйге түсіп, бір шөкім болып бүрісіп қалушы едім. Бала кезімде ел аман, жұрт тынышта дүрбелең туғызып, жазықсыз адамдарға жапа шектіріп, қазақтың бетке ұстар азаматтарын қынадай қыруға не себеп болды екен деп ойлайтынмын. Сөйтсем, XX ғасыр қазақ халқына ғана емес, бүкіл Совет Одағындағы Республикалардың тарихында өзінің зауалы мен зұлматы, азабы мен қайғысын қатар жүргізген сталиндік қатығез саясаттың салдары екен.

20 жылдардың басында басталған «Қызыл қырғын» 30-50 жылдарына дейін жалғасты. Ресми деректерде саяси қуғын-сүргін көрген жандардың бас аяғы 60 млн-ға, тек ату жазасына кесілгені 24 млн-ға жеткені келтірілген. Сол жылдары Сталиндік қанды террордың қаралы жалыны біздің әулетті де шарпып өткен болатын. Біздің әулет өскен тұқым еді. Омар деген атамыздан — Оспан, Бекежан, Ілияс туады. Ал Оспаннан — Әбдірахман, Әлмағамбет, Жармағамбет, Деріпсалы, Күнбала, Шүйіншалы, Кенжетай, Сәлиман туған. 37-нің ызғары ең алдымен ешкімге зияны жоқ, қарапайым шаруа, құдайға құлшылық еткеннен басқа жазығы жоқ Әбдрахман атама тиді. Ауылдағы біреулер Әбекең дінді насихаттайды, емшілік жасап, есірік адамдарды емдейді деп көрсетіп, бір түнде ұстап алып кетті. Көп ұзамай «шетел тыңшысы» деген айып тағылып, «Халық жауы» деген желеумен тергеу-тексерусіз 1937 жылы 25 қараша күні 60 жасында жазықсыз атылды да кетті. Әжеміз төрт баламен жесір қалды. Үлкені Гүлбараш апам — 15 жаста, Шайзада апам — 10 жаста, Орынбек көкем- 2 жаста, Момынбек ағам болса, атамды ұстап әкеткеннен кейін 3 айдан соң өмірге келді. Әбдрахман атамыз сотталып кеткен соң Мүгүлсім әжеміз (Мүгіл әже дейтінбіз) балаларды асырау үшін колхоз жұмысына араласпақ болды. Бірақ, «Халық жауының» әйелі деген жаламен 2 жылға сотталып кетті де, Орынбек пен Момынбек ағаларым Торғай қаласындағы балалар үйіне берілді. Мүгіл әжеміз түрмеден босап келгесін оларды Шиліге, ауылға алып келіп, колхозға жұмысқа орналасты. Әжеміз екі балаға жетімдік көрсетпеймін деп күндіз-түні аянбай еңбек етті. Әкеден жастай қалған балаларын оқытып, адам қатарына қосты. Орынбек көкем 1959 жылы Алматыдан педагогикалық институтты бітірген бетте Семиозерда (қазіргі Әулиекөл) тұратын біздің үйге келді. Әкем Орынбек көкемнің дипломын қолына алып, жылап жібергені есімде қалыпты. Жазықсыз атылған ағасы есіне түсті ме, әлде жетім баланың жетілгеніне қуанды ма, кім білсін не ойлағанын?!

Менің әкем Әлмағамбет Оспанұлы бар өмірін дінге арнаған, 54 мешітке мұхтасиб болған, елге қадірлі және сыйлы адам еді. Орынбек көкеме «Оқудан шаршап келдің ғой, бір апта дем ал, бойыңды жаз, сосын Торғайға апарып мұғалімдік қызметке орналастырамын» – деп еді, көкем орнынан ыршып атып тұрды. Әкем «Не болды?» – деп еді, «Енді Торғайға бармаймын, Сіздің жаныңызда — осы елде қаламын» – деді. «Айналайын ботам-ай, әбден «Халық жауының» баласы деп жетімдікпен көрген қорлығың есіңде қалған ғой!» – деп, әкем тағы да егіле жылап жіберді. «Қазір заман дұрысталды, ел іші тыныш, сондықтан, қорықпай елге барғаның дұрыс» – деп еді, көкем көнбеді. Сонымен, елге бармай, Мырзакөл ауылындағы Диев орта мектебіне мұғалім болып орналасты. Мүгіл әжемді қолына алды. Әкемнің енді бір інісі Ілияс Омаров Алматыда коммуналдық банктің бастығы қызметінде жүргенде, өзінің жақын араласып жүрген таныстары «Ілияс Омаров Ташкентте жүргенде Мұстафа Шоқаймен араласқан, дос болған әрі Шақшақ Жәнібек батырдың тікелей ұрпағы» – деп, жала жауып, тұтқындалды да, 1937 жылы 22 қараша күні жазықсыз атылып кетті. Ол кісі Торғайдан шыққан бокс тарландары ағайынды Махмұт, Мақсұт, Рашит, Еркіндердің әкесі еді. Ағайынды Омаровтар қазақтың бокс спортына өлшеусіз үлес қосқан, қазақтың атын Одаққа әйгілеп, Қазақстанның спорт тарихында тұңғыш рет күміс медаль алған боксшылар болатын. Әбдірахман атам мен Ілияс ағамыздың 1937 жылы атылып, бертінде ақталғандығы туралы куәлік қана қолымызда. Әкем өте сауатты адам еді, жеті елдің тілін білетін. Елге келіп, інілеріне елден кетіңдер, әйтпесе, тұқымымызды тұздай құртады деп елден қашырып жіберіп, содан інілері аман қалған. Шүйіншалы деген ағамыз Торғай аудандық комсомол бөлімінің басшысы екен. Бір түнде Ақтөбе жаққа көшіріп жіберіпті. Кенже інісі Кенжетай да елден қашып, басқа жақта мұғалімдік қызмет атқарыпты. Елде ешкімге зияны жоқ, өз жұмысын ғана білетін Жармағамбет пен Деріпсалы деген інілері ғана қалыпты. Жармағамбет ағамыз колхоздың шөбін жалғыз өзі шауып, қыста малын бағады екен, шаруа адамы болған соң оған ешкім тиісе қоймапты. Ептеп ауыратын, ешкімге зияны жоқ Деріпсалы ағамызды қар еріп, су бөгетті бұзайын деп жатқанда неге үйіңде жатырсың, Халық жауының тұқымы деп бөгет басына сүйреп апарыпты. Содан Деріпсалы ағамыз қойнындағы құран кітапшасын ашып жіберіп, құдайдың біздің тұқымға салғаны осы шығар деп, ағып жатқан суға көлденең жата қалып, енді топырақты үйе беріңдер депті. Су тоқтағанмен, Деріпсалы ағамыз бір аптадан кейін артында қалған жалғыз тұяғы «Бостаныма бас-көз болыңдар, жетімдік көрмесін» деп бақилыққа аттаныпты.

Менің әкем Әлмағамбет Оспанұлы да «Халық жауының» тұқымы, елде дінді насихаттайды, молдалық құрады деп біреулердің көрсетуімен ұсталып, 10 жылдан 2 рет сотталып, 3 жылға жер аударылып, соңында 8 жылға итжеккенге айдалып, Сібірдегі Кемерово облысынан бір-ақ шыққан. Тундрада сотталып жүргенде Москваға арыз жазып, сауатының арқасында барлық үкімнен босап, ақталып шыққан. Мәскеуде отырған Сталин Торғайда не болып жатқанын қайдан білсін, тіпті Торғайдың қайда екенін де білмеуі мүмкін. Кейін ойлап отырсам, елді алатайдай шулатып, ойран салып, арандатып жұртқа жазықсыз зәбір көрсетіп жүрген елдегі «шолақ белсенділер» екен. Өздеріне жақпаған адамдарды сыртынан көрсетіп, ұстап бере берген. Халық жауының балалары деп, менің апа-ағаларымды мектептен шығарып, интернаттан қуып, тіпті мойындарынан қызыл галстугін де жұлып алған екен. Халық жауының балаларына көмек көрсетті деген сөзден қорқып, оларға ағайын-туыстары да жақындай алмапты. Бәлесі жұғады, зияны тиеді деп ет жақын туыстары да ат-тонын ала қашыпты. Не деген сұмдық?

Биыл Орынбек көкемнің қайтыс болғанына 5 жыл. 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларымды еске алып, ішімдегі шерді сыртқа шығарып отырмын. О дүниелік болған барша ағайын-туысқандарымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Олардың көрген қорлығы мен кемсітуі және «Халық жауының тұқымы» деген зәбірін кейінгі ұрпақтарына Алла тағала көрсетпесін. Халқымызға береке-бірлік, ынтымақ, мол ырыздық пен несібе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Қорыта айтқанда, біздің Оспан әулетінің басына түскен тағдыр тәлкегі осындай. Жазықсыз жапа шегіп, өкінішпен өткен өмір-ай!

Сұлтанғали ОСПАНОВ,

Қостанай қаласы

Мынаны да қараңыз

Төлен ӘБДІК: Тарих және тарихи тұлға

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *