Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов айтты деп хабарлайды tobyl-torgai.kz, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, пандемия басталғалы бері Қостанай облысында 31 492 адам коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелген.
Ал 13 қыркүйектегі жағдай бойынша 156 адам індет жұқтырған.
Қазіргі уақытта 1765 төсек-орны бар 21 стационарда 607 адам емделіп жатыр. Жүктеме 34%-ға тең. Қажет болған жағдайда төсек-орындар жүктемесін 3000-ға дейін арттыруға дайынбыз. Инфекциялық бөлімшеде барлығы 133 реанимациялық төсек-орын бар, 42 адам жатыр. Жүктемесі 31,5%. Оның ішінде 38 адам ауыр халде жатыр, бұл 28,5%-ға тең, — деді Ерлан Спанов.
Сондай-ақ облыстың дәріханалары мен стационарларында дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры бар көрінеді.
Карантиндік шараларды сақтау мақсатында мобильдік топтар жұмыс істеп жатыр. 1 тамыздан бастап 2 мыңнан астам рейд жүргізілді. 206 карантин талаптарын бұзу жағдайлары айқындалды, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.