Қостанай облысында сәби өлімі 25 пайызға артқан, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.
Бүгінгі таңда Қостанай облысында нәресте өлімі 25 пайызға көбейгені байқалады. Бұл бағытта өңір еліміздегі антилидерлердің қатарында. Нәрестелер түрлі инфекциялармен және пневмониямен дүниеге келіп жатыр. Мен кеше ғана Перинаталды орталықта болдым. Онда 700-800 грамм салмақпен туған нәрестелерді көрдім. Екінші себеп – бұл туабітті дерттер.
Ол сырқаттарды жүкті әйелдерді скринингіден өткізу кезінде анықтау қиын. Қазір Перинаталды орталықтарда арнайы комиссия жұмыс істейді. Олар жүкті әйелдерді медициналық тексеруден өткізіп, егер баланың денсаулығында ақау анықталса, онда жүктілікті тоқтатуды ұсынады. Дегенмен кейбір жағдайларда әйелдер дәрігердің нұсқаулығын елемейді. Салдарынан денсаулығында туабітті дерті бар шақалақ дүниеге келеді, — деді министр.
Ғинияттың мәлімдеуінше, нәресте өліміне себеп болған сырқаттардың бірі – пневмония мен коронавирус инфекциясы.
Министр қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүкті әйелдерді, әсіресе, эпидемиологиялық маусымда сақтық шараларын сақтап, уақытылы медициналық тексерістен өтіп отыруға шақырды.
Фото: ашық дереккөз