Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды су шайып кетті. Қазір тұрғындар жайылған суды қайықпен кешіп жүр, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz «Хабар24» телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл — жолдың көршілес Ақкөл елді мекені ортасындағы бөлігі. Яғни Жыланшық өзенінің Ақкөл көліне құяр сағасы. Енді тұрғындар үйлеріне көлікпен жету үшін жолсыз даламен жүріп, 60 шақырым үлкен көлді айналып келуге мәжбүр. Ал тура жүргенде Ақкөл мен Ахмет ауылының арасы небәрі он шақырым. Қос ауылда 500-ге жуық адам тұрады.
Шұбалаң-Қарасу тасжолында екі жерден су өткен. Арасы 100-150 метрдей екі ағысы бар. Тереңдігі 30-50 см. Қазір Жыланшық өзенінде су деңгейі бірқалыпты. Ақырын-ақырын түсіп жатыр. Осы 4-5 күннің ішінде су Ақкөл жағына қарай тартылады, — дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орымбаев.
Елді мекендер арасындағы жол қатынасының үзілгеніне қарамастан тұрғындарда ешқандай уайым жоқ. Керісінше, Жыланшықтың тасығанын молшылықтың нышаны деп бағалап отыр.
2005 жылы осындай болып еді. Биыл тағы осындай су келіп қаптап, ауыл бүкіл ел, халық қуанып жатыр. Жақсы. Ешқандай қиыншылық көргеніміз жоқ. Судың келгені бұл үлкен байлық қой, — дейді Ахмет ауылының тұрғыны Қасқырбай Кенжеғұлов.