Расында ініміздің бұл сөзі үлкен ойлануды қажет етеді. Ол жөнінде бәріміз жан жақты ойласып шешкеніміз жөн сияқты. Осы жөнінде асығыстық жасамай сабырмен салмақтап, ақыл таразысына салып, өлшеп, пішіп шешкеніміз жөн деп ойлап, сіздердің де ақыл қосқандарыңызды қазірдің өзінде қалаймын. Шындыққа бәріміздің көзіміздің жетіп отырғаны анық. Сондықтан, шындықтан жалтармай, ойымызды ашық айтайық. Осы жағын ескеретін болыңыздар, — деп Жанаға інілеріне салмақ саларлықтай ой айтты. Көріп, естіп, біліп отырғанымыздай екі інінің ренжістері адам баласына деген аяушылық, жаңашырлық сезімнің жоқтығынан болуы керек деген жағдайда туындап отырғаны анық байқалады. Одан басқа таласып жатқан ештеңе жоқ екені анық. Осындай жағымсыз істерден тыйылу соншалықты саған қиын болып отыр ма? Тентек сенен ағаңның талабы осы. Оны осындай үлкен ренішке әкелуің ретсіз. Қой, тиыл дегенде қоя салсаң, бұлай қиналып жыламаған болар едің. Бәрін өзің істеп отырсың, бар кінә өзіңде. Қай адамда кез‑келген уақытта кемшіліктер болып жатады. Оны көріп, біліп ескерту жасағанды, дұрыс қабылдап, айтқан кісінің достығы деп түсіну қажет. Сен ондай кісіні дұшпан көріп қабылдауың жөн емес. Анада Қабдығали інімнің айтқан бір сөзі еске түсіп, айтайын дегенім Садуақас жайында болмақ. Жиенді ренжітуің түсіністігіңнің аздығынан. Садуақас жиен сен ренжітетіндей кісі емес. Жөн жобаны білетін, кіммен қалай сөйлесудің ретін білетін ел таныған тұлға.
Балам бұл сөзді саған неге айтып отырмын. Нағашының жиенге берген еркіндігі, жиеннің еркелігін көтеретін Ерағадай нағашының болғанын білсін деген ниетте айтамын. Ғазиз сен олай қысқа ойлама, атамыз қазақта «әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген ұлағатты сөз бар. Ераға Айсаның көзін көрді, ол болса жиен одан да зор жиенқұрық алары сөзсіз. Одан қалды Айса ұсталып кетті деген хабарды естігенде шын қабырғасы қайысып Торғайда тоғызыншы сыныпта оқып жүрген Әбілбектің жылағаны үшін халық жауының ұрпағы деп оқудан шығарды. Кәмлетке жасы толғанда ит жеккенге айдатты. Жазықсыз жаза тартып жүдеп келген, азаптың жастай ащы дәмін татқан жиенге қандай еркелік жасаса да, құрмет көрсету керек екенін Ераға көрсетіп отыр. Бұл ісі кім кімге де сабақ болары анық, өнегелі іс. Осыны әркез есте ұстайық. Осындай жағдай кім кімнің де есінде болып Ераға ісін өнеге тұтып, ұрпақтар қанына сіңіріп жатсақ, біз ешқашан азбаймыз, тозбаймыз, осыны білсін деп көрсеткен жолы. Ата‑бабаларымыз бен ағалардың аманатын әркез қастерлеп, өзімізді өзіміз жақсы іс, жақсы қасиетке бейімдеп өнеге тұту міндетіміз деп қабылдайық. Біздің бүгінгі ісіміз сол мақсатта сөз болып, талқыға түсіп отыр.
Ендігі бір айтайын дегенім күйеу жайында да айтсам деймін. Олардың да еркелігі қатты болатын. Нұртайдың Жарылғасыны менің інім, бұл да қайын жұрты, балдыздарымен өте қатты ойнайтын. Дәулетбике ішінде Көкше руындағы Иманқұлдың Есенейінің қызы Зекен алған жары болатын. Жарылғасын інімнің қазір бізбен әңгімесі қайындарына еркелеп әр нәрсені сұрап қажап отырған Доспен ойынын көріп отырмыз. Бұлардың ойыны өте қатты және орынды, жарасымды әзіл ретінде айтылып жатты. Шыны керек қызығып тыңдағанымыз бар. Жарайды болмадың ғой, апам үшін тілегің болсын, апамды мақтап бір ауыз өлең шығар, айтқаның болады, — деді. Шығарар өнері жоқ, не істерін білмей қылжақтады да қалды. Апама деп бір жездеміздің апамызға арнап шығарған: ат жақсысы Мырзада, ит жақсысы Мырзада, қатын жақсысы Мырзада деп шығарған екен. Таза болмаса соны айтшы. Сол жездеміз мақтаған Күнтолқын апамызды береміз деп еді. Оны алмаймын деп ат тонын ала қашты. Неге алмайсың деп еді, ол тиген байы өледі де қалады,-дейді. Онда күнде біздің шаужайымыздан алуды қой. Біздің де ойымыз сенің күнде қылжақтаған үніңді өшіру еді ғой.
Садуақас ақсақалдың нағашы, жиен араларында әзіл ретінде көп айтылып естіліп жүрген сөзін теріс түсініп, теріс қабылдап, ол кісіге қиянат жасағаның ақылға сыймайды. Ол қазіргі ел ішіндегі бас көтерер, қолынан қатты қайырып іс істеу келеді деп, азамат ретінде сені танып ата‑бабалары мен әкелеріне ескерткіш тұрғызар деген ниетте айтып отыр. Саған, ел ішіндегі ағайындарға ықпалы жүреді деген ойы. Совхоз директоры Мүттал мырзаның ескерткіш тұрғызу ойында болып айтқан сөзін естеріңе салайын, шын ойлап түсінген жанға бұл бір атаның, не бір рудың ұрпағы үшін тұрғызылатын ескерткіш белгі емес, жалпы осы Албарбөгетті соғуға жұмылған үшінші, төртінші ауылдағы Торы Қыпшақ ұрпақтарына ортақ ескерткіш болады деп түсінгеніміз жөн. Оның негізгі жобасы әр ру аталарының елге ықпалы жүретін, ақыл‑кеңестерін айтқан абыз ата‑әкелер, ағалар, әжелер бейнесі ескерткіш тақтаға қашап салынып тұрғызылады дейік. Аты-жөндері жазылып, көзге ұрып тұрса, келешек жастардың ата‑бабасы алдынан шыққандай әсер алары анық. Соны істеуге ынта мен ықылас керек. Осы жағын ойлап, өкпе ренішті қойып Садуақас жиен сөзін дұрыс түсініп, бірігіп іс істеуге қам жасайық дегенде, Тентек айтқан жауабы оның айтқан сөздері жаман, — дедің. Кәне сол сөзін айтшы, не дегенін білейік, — деп Қорған төтесінен килікті. Расында да, бұл біз білмеген жағдай болар деп, Жәлел ағай да білуге асықты. Оның айтқан сөзі жақсы емес, айт деп отырсыздарғой айтайын, — деп сондағы айтқаны мынау болатын: Ата‑бабаларың мен әкелеріңнің егін еккен жері қайда, моласы қайда? Анау Батырғали ағаларың қайтыс болды, оның жесірін кім алар екен деп сұрайды деп, осыған ренжігенін айтады. Сәкең, бұл сұрақты жалғыз саған ғана қоймайды, осы отырған бәрімізге талай қойған болатын. Ол сұрақты дұрыс түсініп күліп қана қабылдап, жауабы кейін болады деген қалыпта өткізіп келдік. Уақыты жеткенде тұрғызылады, егін еккен жерлерін де айтып кетейік деп Жанаға жауабын бірден айтып кетті. Албарбөгет тікелей Айса ағамыздың ықпалымен салынғанын көзіміз көрді. Қаншалықты қиыншылықтар болды. Соның бәрін ағамыз үлкен шыдамдылықпен сабырлықтың арқасында жеңіп шықты. Осындай ұрыс‑керіс, сойыл, шоқпар сілтеп баста жарылды. Тентектерді тиып, сабырға жеңдіріп, бәле қумай ойлаған істің орындалуын ескеріп, шешудің нәтежиесінде бөгет соғылып өкпе‑реніштің бәрі жайына қалды.
Осылай деп сұрап отыр, оған кім қандай пікір айтар екен, соны білсек. Сұрағың өте орынды, бәрін жағымды шешіп, арба да сынбай, өгіз де өлмей шештік дейік. Тентек шыға беріп басқаша күйсеп жатса, бар ұятты арқалап сіздер қалмайсыздар ма?,- деген ойың өте орынды. Олай да болатынын Тентек сенен анық сезіп отырғанын айтып отыр. Оған не дер едің? Жағымсыз сұрақтардың қойылуы, түсінген жанға өте ұят. Ол қандай жан, сіздерді алдап кетпей ме? Қалай сеніп отырсыңдар деп отыр. Шыны керек, көпшіліктің саған деген сенімі жоғалғаны анық. Соны қалай айтып, қалай түсінудің жолын таппай отырған жайымыз бар. Кәне өзің айт, алда қалай болады, — деп Жан-аға өз ойын ортаға салды. Бәрін түсініп отырмын, алда бұндай жағымсыз жат қылық жасамаймын, осы сөзіме сеніңіздер деп, жуасыған қалып танытты. Шырағым‑ай, сұрай түссек халыққа жасаған еш жақсылығың жоқ, осынша қатыгездікпен қайда барасың? Аясайшы, жазығы жоқ өз күндерін өзі көріп, ілініп-салынып күнелтіп жатқан халыққа тізе батыруды қойсаң етті. Сенің қай ісіңе де қарсы шығып, теріс ісіңді мынауың дұрыс емес деп ой айтар біреуі жоқ, шын момын жандар. Оларды қашанғы қинай бересің. Өз ісіңді өзің таразыға салып, жақсы жаманның ара жігін ашып, бір уақыт ақылға келіп, ойласатын кез жетті. Қалай айтсақ та, ұрсып айтсақ та, қай жағынан жақсы жағы бар деп іздесекте, ондай мақтанарлық ісің жоқтығы анық сезіледі.
Директор мырза сіздің осы ұйымдастырған іс шараңыз, онда көрсетілген алда атқарар жұмысыңыз өте орынды, ауқымды іс екен. Бұл ойыңызды толық қолдаймыз. Ел халқының қашаннан армандап айтып келе жатқан ойын білгендей айтып отырсыз. Осыншалықты үлкен бөгетті қол күшімен үш жыл ішінде салып шықты дегенге сенбегендер көп болғаны рас. Жергілікті халықтың өзінде сенімсіздік туып, реніш, ұрыс‑жанжалға бой алдырушылар болып, жаға жыртысып қарсы шыққандар болды. Өздерінің отырған жеріндегі ойдым‑ойдым аз суды қанағат етіп қарсы шығып жатты. Қысқа ойлаушылар ел ішіне іріткі салып бақты. Оларға бұл ойларының қате екенін айтып, бөгет бөгеліп, су ұстасақ оның өмірлік маңызының барын атап көрсетіп, ұрпақ үшін істеліп жатқанын түсіндірді. Ешқандай сенімсіздік тудырудың қажеті жоқ. Бөгет бөгеліп су ұстары анық деп сендірді. Тынымсыз көп кеңесудің арқасында ынтымаққа келіп бас бірікті. Өткен күндердегі істелген істердің оңайға соқпағанын ойлап, халық бірте‑бірте түсініп ынтымаққа келді. Ақсақалдардың темірдей қатаң тәртібі, жетесіне жеткізіп айтқан ақылы, арадағы қысқа ойлы жандардың теріс бағытын түзеп, ынтымақты іске бағыттап ымыраға келтіргені анық көрінді.
Әлгі жиеннің қойған сұрағы дұрыс түсінген кісіге ата‑бабалар мен әкелері егін еккен жер осы өздерің отырған жерде күні бүгінге дейін іздері әлі жатыр. Анамыз Дәулетбике сонау патша заманында Ақсайдан бері қарай қырдағы Кемерден Байғараға дейін аралыққа егін салып ел‑жұртын аштыққа ұрындырмай асыраған. Одан бергі кезеңдерде Ақсуат пен Кішікөлден Шұқырға арықтар тартып егін салған. Бұл жерлерге Тұяқбай, Ербатыр, Шойбас, Қоржын, Саламат т.б. егін еккен. Нұрпейіс әке қыстағының тұсынан Шәкіртамға дейін қара арық қазылып егін салынды. Онда Жанқабыл, Бопан, Сейтқали, Бекқожа, Бектемістер егін салды. Ащы Қабырғаның Қарақоға жақ бетінде қара арық қазылып Ақтікенге дейін су жеткізіп бұл жерге де егін егілді. Онда еккен кісілер: Бүжай, Хасен, Күндербек, Уса, Ильяс, Көкіл, Мырзатай, Жалкен, Оспан, Әубәкір т.б. болды. Бұл қара арық арқылы су беріп, егін егу су маманы Айса Нұрманұлының нұсқауымен істелген іс болатын. Бұны неге айтып отырмын. Жиендердің әзілінің ішінде сендерге осыны білсін. Осындай ата‑әкелеріңнің егін еккен жерін көрсін. Соларға ескерткіш қойсын деген ойы, ойын болса да бұл шын ойласуды қажет ететін жағдай. Соны дұрыс түсініп, дұрыс қабылдайық.
Олар жайында көптен айтылып ел аузынан естіліп жатқан, оның да шындығына көзіміз жетті. Жоғарыдағы мал мен адам арасындағы саудаға тікелей осындағы екі азаматтың қатысы болғанын біліп ел жағасын ұстады. Тірі болсақ әлі талайды көрерміз деп Сәкең осылай бәрімізді сендіргендей болды. Жиын қорытындысы бойынша, ақсақал ағалардың өтініш ақылымен шешіліп, кешірім жасасып, татуласқан болатын. Ел де тыныш, ағайын да тыныш, ың‑шыңсыз шешіліп, ағалардың да беделі өскен сияқты. Бірақ, аты бар Тентек «жақсы ісінен» жаңылмай істі тындырып алып, ұятты қойып Тентек дау-дамайды қайта бастап, жылап‑еңіреп келіп ағасының аяғына жығылып, кешірім сұрағанын табанда ұмытты. Берген уәдесі жайына қалып, өзінің ардан жұрдай адамгершілігінің төмен жан екенін табанда көрсетіп, үлкен ағаларын ұятқа қалдырды. Ағалар қатты қиналысқа түсіп жатты. Мен де бәрін істеткендей өзімді кінәлі сезініп қиналысқа түстім. Арсыз ұяттан жұрдай Тентек бәрін жеңдім, өзімнің тазалығымды көрсеттім деп бөркін аспанға атып қуанып жатты. Сәкең бұл ақылсыздың ісі осылай болатынын ерте сезіп, ағаларына ерте айтқан болатын. Осылай болатынын білсе де үлкенді сыйлап, айтқандарына көніп кешірім берген еді. Амалы жоқ қиналыспен қаламын қару етіп, әділдік іздеп, шағымдануға қайта отырды. Лезде ауыл ішінде ала шапқын айқай, шу‑тергеу мен тексеру басталды да кетті. Жеті сайын ауданнан өкілдер келіп жауап алып, елдің тыныштығын қашыра түсті.
Осы аралыққа дейін арамдық пен зұлымдықтың сан өткелінен өткен Тентек, жазықсыз момын жанды алдап, арбап, қақпанына түсіріп те қойыпты. Оның ендігі арам ойы, малды кем деп көрсетпей, бәрі түгел деп санап алуға Ғалым мен Қасымханды көндірген. Зоотехник, бухгалтер болып істеген екеуі Тентектің теліп қосқан екі қызына үйленуге келісіп, бұның арты не боларын сезбей ағамыз жарылқады деп шалқып жатпақ ойда болды. Билікке қолымыз жетті ағамыздан артық қымбат жан жоқ деп көңілдері тоқ, уайымсыз күйге түсті. Осы аралықта соншалықты үкімет малын түгендейміз деп тергеушілер тіріліп бұрынғыдай емес, қатаң талаппен келді. Қорқатын да, жан қысылатын да кез енді болды. Ел осылай болатынын әу бастан сезіп ақыл айтқан еді. Оны тыңдар сана бізде болмады, кімге барамыз енді кімнен көмек сұраймыз деп торығу енді болды. Сабыр мен Тентектің татуласуынан бұрын айтқан жанашырларының сөзін тыңдамаған, жақынының кім, жанашырдың кім екенін сезбегенін енді біліп, бәрі кеш не істерін білмей қиналған жері осы болды. Басқа амалы болмай Тентек қайынағасына баруды ойлады. Амалсыздан мойындары салбырап, бар қылмысты арқалап, алда күніміз не болады деп қорқа‑қорқа Тентекке барған. Ол бұлардың не жұмысы барын білмегенсіп тексеруге алып, сендерді мұнда кім жіберді, олар не айтып, қандай ақыл берді деп қыспаққа алған. Кімге айтамыз, кімге барамыз, өзіңізге келдік. Не істейміз, қалай жауап береміз соны сізден сұрайық деп келдік. Ол жоқ мал сендердің өздеріңнің малдарың, мен малды түгендеп түгел тапсырдым.
Аз кем жетімсіз болып жатса, алған қалыңдықтарыңа берген қалың мал деп ойлаңдар. Ендігі құтылудың жолы жылу жинап құтылу, соны істеңдер деп ақыл берді. Міне осы көп тергеу‑тексеруден кейін істің шын екені расталып, гу‑гу әңгіме айтылып соншалықты көп мал суға қалай кетеді деген сұрақ туа түсті. Олай болуы мүмкін емес, мұнда бір шикілік бар дегенді айтып, бал ашып жатқандар да болды. Қанша жасырса да оның сыры енді ашылары анық. Қыс өтіп көктемнің келуін күтейік дегендер болды.
– Иә, онда қалай білесің деген сұрақты да беріп жатты.
– Ой әулием, соны білмей тұрсың ба?
– Иә, білсең айта ғой, кәне қалай білуге болады?
– Көктемде су тасып тасқын сумен мұз астында жатқан мал өлексесі жан‑жаққа тасқын сумен бірге шығады.
– Сонау 1949 жылы қатты су тасқыны болып, Тәкетаев Серікбай Бақыттың әкесінің үш сиыры қыс бойы Сартымақта қопа ішіндегі қойдың шашпасында қыстап, сонда жатқан сиырларды тасқын су ағызып екеуін Штатбидайықтан, біреуін Шұқырдан бірақ шығарған.
– Көргендер соны айтып сендірмекші болған.
– Бұл жылы судың тасуы өте қатты болды. Сол кездегі халықтың жылдағы әдеті, тасқын судан бұрын жайлауға шығуға асығатын. Шұқырдың Қондыбай жақ бетіне киіз үйлерін тігіп, жайбарақат отырған елдің тасқын су мазасын алып, су баса бастады. Үйлерін бірнеше жығып, бірнеше тігуге тура келіп қинаған жағдай болған. Сол қиналыстың ішінде болып, халықтың қиналысын көзімен көрген Әбдіғали Иманқұлұлы аға үйді жықтырмай бар адамды жұмылдырып, тігулі қалпында тік көтеріп апарып, жаңа орынға қондыру әдісін ойлап жұмысты жеңілдетті. Сөйтіп, үй ішіндегі заттарды ғана тасымалдады. Әбдіғали ағаның бұл ісіне кемпір‑шалдар разы болып, үйін тігіп, баталарын беріп жатты. Айналайын ғұмыр жасың ұзақ болып, балаларыңның қызық қуанышын көр! Бұл жақсылығың Алладан қайтсын, деп баталарын берді. Осы ағаның ісі әлі ұмытылмай үнемі айтылып келеді. «Жан қысылса жақынын шақырады» деген осы болар. Әбдіғали ағаның осындай ерлік істері ұрпақтар қанына сіңіп, үлгі алса тіптен жақсы болары анық. Осы уақытта Әбдіғали аға Қарабидайық бөлімшесін басқаратын. Айналайын-ай, тасқын су қайтқанша ешқайда кетпей осында бол, деп үлкендер өтініштерін айтып жатты. Оған үкіметтің жұмысы ырық бермейді ғой деп жатыр. Бәрін түсініп отырмыз, жан қысылса жақынын шақырадының кебі ғой деп, өз сөзін өзі жеңілдеткен қалыпта үлкен ақсақал ойын сездірді.
Елдің жағдайын, халықтың тілегін айтатын, соны жеткізетін, ешкімнен қорқып, жасқанбайтын Сабырды беті бар тұлға ретінде танимыз. Бұл қылығы көпшілік жағдайда жоғарғы билікке жақпайтыны мәлім. Осы жағдайда үздіксіз тексеру, елге, халыққа деген сенімсіздік туып, береке‑бірліктерін қашыруда. Менің Сәкең туралы жеке пікірім шыны керек інісі екеуінің жеке басының мүддесіне байланысты туып отыр. Осы ретте айтысып, тартысып жүргендері анық байқалады. Сәкең мен Тентек екеуіне қарап отырсам, ештеңеден кенде емес, жағдайлары жақсы, қажеттерінің бәрі бар. Айтар кейіпкерімнің мінез‑құлқына қарай ара‑жігін ажыратып айтсам, екі түрлі мінездің адамдары. Сол мінездегі қайшылықтың әсерінде болып жатқан реніш. Барды қанағат етпей, оңай олжа, арзан дүние жинаудың жолындағы тойымсыздықтан туып жатқаны анық. Сабыр ақсақал осындай тойымсыздарды өзінің туғаны болса да қатты сынға алатын әдеті, ақсақалдың адал, таза әділдігі. Қазақы дәстүрдегі билеріміз сияқты шешім айтатыны, кім‑кімге де ұнайды. Өз басым бұл кісімен сыйластығым мол, әркез сәлеміміз түзу. Қара қылды қақ жарғандай әрбір іске, өзінің әділ бағасын беретініне тәнтімін деп, М.Нұрғалиұлы тартысты жиында өз ойын осылай айтқан болатын.
Өздеріңіз естігендей Сабыр ақсақалдың айтқан сөзі елдің амандығы, халықтың тыныштығы, сол жағы биліктің назарында болып көңіл бөлсе дегені. Оған себеп осы ауылда жылдан асып кетті бір фермадағы ірі қара шығынының себебін анықтап, кінәлі кім екенін айту қиынға соғып келеді. Сіздердің де маған қояр талаптарыңыз сөзді қой, айтқанды тыңда дегелі отырсыздар. Оны қазірдің өзінде сезіп отырмын. Маған совхоздың малы қымбат емес, ағалар мен інілер сіздер қымбатсыздар. Сіздердің ақылдарыңызды тыңдап қояйын, берген арызымды қайтып алайын, бірақ үкімет кем малын іздеп жазықсыз біреулерді кінәлі деп жазалары анық. Сонда оларды кім қорғайды деп ойлайсыздар? Жақсы сіздердің өтініштеріңмен арызымды қайтып алам, бірақ мына шіркін мен биліктегілер жазықсыз жандарға жаза кесері анық. Осымен бәрі бітсін деуімізге бола ма? Ендігі бір айтар ойым ешкім көктен түскен жоқ, қай‑қайсымыздың жаратылысымызды, туғанымызды көрген, алған тәлім‑тәрбиемізді сіздер білесіздер. Ағалар сіздердің көз алдарыңызда өстік. Мына отырған Тентек ертең ұмыттыра беріп басқаша күйсері анық. Сонысын көріп, өкінетін жағдайлардың болары анық.
Әрқашанда таза, ниеті түзу адамдардың өмірде көп болғанын қаласақ та, қаламайтынның да бары рас. Осындай ниетте жанашырлық танытып үлкендік, ағалық ақылдарын айтқан Жанаға мен Жәлел ағалар соңдарынан еріп, істің оңды шешілуіне араласқан інілердің болуы, өз пікірлерін ашық айтып ой қосуы өте орынды. Сол аға, інілердің ақылының нәтежиесінде екі азаматтың бағытын түзеп, дұрыс жолға салды деп ел қуанған болатын. Арада бірер күн өткенде ол қуаныш су сепкеткендей басылып, қайта от тұтанды. Ағаларының бар жан ашырлық сезімдері далаға кетіп, ұрыс жанжал қайта басталды. Барлық кінәсін мойындап, ағасының аяғына жығылған Тентек, жалдамалы тілшілеріне баспасөз бетіне жаздырып елді, ағаларын ұятқа қалдырды. Осындай жағымсыз іске, арсыздыққа барған жанды ел кім деп айтады. Елдің бетіне қалай, қай бетіңмен қарайсың деп бетіне түкірері анық. Бұл Тентектің осындай іс‑әрекетінен кейін, ел ортасында осындай жандардың барын білсе де басшылар білмегенсіп, не істесең де қолыңнан келгеннің бәрін жаса, біз сені қолдаймыз деген қалып танытады. Осы аралықтарда елге, халыққа берген алғаш келгендегі уәдемде тұрып, бастаған істерімді толық аяқтап, аудандық партияның бірінші хатшысына жұмыстан босату жөнінде арыз бердім. Оған себеп:
Биліктің қолдануына сүйенген Тентек үлкен‑кішіге үстемдігін жасап, таза жұмыс істеуге де кедергісі көп болды. Оның барлық іс‑әрекетіне шыдап, қолға алған істерімді толық аяқтап шықтым. Ендігі ойым өз ісіме өзім разы болып, көп жыл сыйласып бірге жұмыс жасаған халыққа, ақыл‑кеңес беріп қолдау білдіріп отырғандары үшін рақметімді айтып, кететінім жөнімде рұқсат сұрадым. Жақсы қарым‑қатынас, сыйластықта болған ортаны тастап кету маған да оңай соғып отырған жоқ. Бір ғана Тентектің іс‑әрекеті, осындай қиын жағдайға әкеліп отыр. Елге, елдің халқына қояр кінәм жоқ. Жоғарғы биліктің өзі істеп отырған іс болғанын анық білгендіктен, осылай кетейін деп шештім. Мүттал мырзаның ренжуі де, айтуы да орынды. Оған қарсы айтар сөз таппай, қиналған жеріміз осы болды. Мал шығынының бары рас. Бірақ оны жабық, жасырын ұстап әлі келеді. Ел екінші бөлімше Тентектің жеке меншігі, бөліп алып билеуге беріп қойған деген ойымен үйлеседі. Биліктің осындай іс‑әрекеті жанға батып, күйзеліске түскендері анық байқалады. Қазақта «балық басынан шіриді» деген сөз бар еді. Соның растығына халықтың көзі анық жеткендей болып отыр.
Тентек сен тыңда атадан келе жатқан «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген сөз болатын, деп Мәлік Сүйінғарин сөйлеп кетті. Бұдан бұрынырақ совхозымызға жаңа басшы Мүтталі Нұрғалиұлы алғаш келгенде айтқан сөзімді тағы бір осы отырған жиындағы халыққа айтсам деймін. Бір атаның үлкен ақсақалды ағалары Жанұлы, Жәлел сендерді бөліп алып, ақыл айтып татуластырған еді. Ондағы ойлары сендерді көп талқысына салып, тазартқаннан көрі, сендердің беттеріңді өзіміз тырнап, айыбын өзіміз көрсетейік деп қорғағаны болатын. Олардың ол ойын аяқ асты етіп, ұятқа қалдырдыңдар. Олар татуластыруын татуластырды, сол үйреніп қалған жат қылығыңды қайта бастап, көпшілік алдында ұятты болып келіп отырсың. Бір кездері осында ел басқаруға келетін азаматтар елінде, шолақтар көп деп қорқа соғады деген сөзін жиі еститін едік. Олай деуім ана шолақты шығарып, орнын алып бер деген арыз көп болатын. Біз ешкімнің үстінен шағым жазған емеспіз. Жарты денеміз ұрыс даласында қалды. Сүйтсек те, ел қатарлы жұмыс жасауды ойладық. Әрине, біздің қалауымыз ат үстінде жүріп істейтін жұмыс. Келген бастық өзі ме, әлде аудан басшысының тапсыруы ма, ферма басқару, ауылдық кеңес төрағасы, кітапхана сияқты жұмыс ұсынатын. Сол жағдайда арыз көп болды.
Мүтталі мырза айтуың да, ойың да жұмыстан босат деген арыз беруің де орынды. Бәрі өмірде шындықтың жоқтығынан болып отыр. Соны түсінгендіктен барып отырсыз. Сенің бұл сөзіңді естіп біз де қиналамыз. Атамыз қазақта қашаннан айтылып келген: «қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жауызым» деген сөз болатын. Сол «тәуірдің» өзі болды да қойды. Тоятын да,тыйылатын да, қоятын да кез болды. Өзің түсініп осыным жөн болмады‑ау деп ойлауыңа көп күндер өтіп кетті. Әлі үнсіз, білгеніңді жасап, ел ішін лайлап келесің. Сенің осы ісің бізді қатты қинады, деп Жалел аға өзінің қатты ренжитінін айтты. Сенің өтініш тілегің бойынша қанатымызбен су тасып, өрт сөндірген қарлығаштай өртенбесін деп, арашасы болдық. Сөйткен бізге жасаған құрметің кешірім жасап, арыз-шағымын қайтып алған Сабырды, бізді масқаралап газетте бастыруың қандай ерлікке жатады. Халыққа жасаған қиянатың, олардың сеннен көрген азарын екінің бірі көзіне жас алып айтарын осы отырған бәріміз де білеміз. Ал мал шығыны анандай болса, адам шығыны одан да аз емес, атылып, асылып өздеріне өзі қол салғандардың болғаны рас. Олардың аты-жөнін анық білеміз. Қазақта «арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз бар. Адамдар өзіне өзі қол салды. Елдің тең жартысы ауа көшіп жатыр. Оларға сенің қысымың батып, шыдамы таусылып ақырғы амалы көшу болған.
Халықтың үй‑күйін тастап көшуі сенің жаныңа батар түрі жоқ. Иесіз қалған үйлерін бұзып алып, қажетіңе жаратып жатырсың. Бұл бұзылып жатқан үйлердің бәрі жаңа үйлер. Мүттал, Қадір, Тұрғанбек тұсында салынған бөлмелері кең, төрт бөлмелі үйлер. Ол үйлерді бұзуға сенің араласуың, бел шешіп кірісуің тіптен ұят. Себебі, қаншама ірі қараны есепсіз жұмсап, екі‑үш азаматты кінәлі етіп жауапқа тарттырдың. Солардың мойнына ілген кем малды, ауыл халқы төлеп құтқарды. Сөйткендердің үйлерін бұзып жермен жексен еттің. Осының азаматтық арыңа қалай сияр екен. Әрине, жауап жоқ, баяғы Тентек ,бір Тентек ұялар түрі жоқ. Биліктегілер бұның осы ісін үлгі етеді ғой деймін, осылай жасаңдар деген ниет пе? Оған дәлел: ауданның, қаланың, облыстың құрметті азаматы деп бөркін қазандай етеді. Біздің келешек жастарға көрсетіп,берер тәрбиеміздің түрі осы болып жатыр. Алда жастардың болашағы не болады? Осыны кім ойлар екен. Әлде еті тірі, бойында намысы бар, елге жанашырлық азамат болып танылса деймін.
Сол шолақтар мен ақсақтар зейнетке кетті. Енді сол орынды бөліп ала алмай, аяқ-қолы сау, осылардың істеп жатқан әрекеті. Бұл ел болудың амалы емес, елді аздырудың, дұшпандықтың жолы. Одан сақтанғанымыз жөн. Мен осы жағын баса айтып ескертпекпін, деп Қабден Жалғасбаев елді тыныштыққа шақырып, ел болудың таза жолын таңдап соған сай еңбек етуіміз керек. Директор Мүттәлі мырзаның ренжуі, айтқан сөздері орынды. Оның орнына жармасып, ор қазушылардың кімдер екенін анық біліп отырғандықтан айтамын. Әркім өз әлін, қарым-қабілетін білгені жөн. Елді, халықты қорқытып тізе батыру мен басқарып шығам деу, ақылсыздықтың ісі. Оған қысқа ойды қой, ақылға кел демекпін. Елдің тыныштығын бұзып ойымызға келгенді жасап, осыншалықты теріс қылық таныту, азаматтың арына сыймайды. Елге, халыққа қызмет жасаймын деген кісі, алдымен өзін түзеуі керек. Тыңдар құлақ болса, осылай деп кеңес айтамын. Шыны керек Мүттал Нұрғалиұлы он жылдан аса уақыт директор болып жұмыс жасады. Елге, халыққа ешқандай қиянаты болған жоқ. Сондықтан кетем деген сөзін өз аузынан естіп, елге сіңірген еңбектерін, халыққа деген құрметін, үлкенге де, кішіге де сыпайы сыйластығын ойлап, қимастықтан айтып отырмын. Бұл жалғыз менің пікірім емес, осы отырған көпшіліктің пікірі.
Қабден мырзаның айтқан сөзі орынды. Жақсының жақсылығын айтып, елге, халыққа көрсету міндет. Мүтталі келгеннен бастап елде үлкен өзгеріс болды. Бір кездері арыз-шағым көп болып, елдің тыныштығын кетіретін еді. Ол пышақ кескендей тыйылды. Оның себебі: М.Нұрғалиұлының халыққа деген таза ықыласынан. Халықтың жағдайын ойлап, сол үшін жұмыс жасап, халықтың сүйіспеншілігіне бөлене білді.
Осы жағдай жөнінде бөлімше басшыларының басын қосып жиын өткізіп, есебін тыңдап, жергілікті жер, кеңсе қызмекерлерінен өкілдер бөлініп, бөлімшедегі малшы, шопандарына барып, жағдайларын білу тапсырылды. Мақсат ферма басшыларының айтқан есебінің нақты растығына көз жеткізу. Аудан бойынша мал шығынының көп болғаны айтылып, бізде қалай аз болып отыр, осы жағы биліктегілерге сенімсіздік тудыруда. Сол жағдайда шындықтың болғаны жөн, осыны ескертемін деп М.Нұрғалиұлы қатаң тапсырма берді. Сіздерден кейін мен өзім де бөлімшелерді аралап шығамын. Шопандар мен малшыларға ешқандай қысымшылық болмасын, өлім‑жітімнің нақты есебі алынатын болсын. Жиынға қатысқан ауыл ақсақалдары осы жайды естіп, айтқандары, Мәлік, Мұхамедияр, Сабыр, Сейдағалилар шырағым өзіңнің тазалығыңды, адалдығыңды тағы бір көрсетіп, нақтылай түскендей болдың. Бұл ісіңе сүйінетін де, күйінетіндер де болары анық. Сіздің ойыңыздың тазалығына, ешқандай мал шығынын жасырайын деген ойыңыздың жоқтығына көзіміз анық жетті. Болып жатқан табиғат апатынан пайда тауып қалуды ойлайтын, теріс ойлы, қатыгез жандар кездесіп жатты. Қайсы бір қатыгез жан отбасын талқандап, балаларына аяушылық жасамағанын көріп отырғаныңда жүрегің өртеніп, ішің күйеді. Бұдан артық қандай қасірет болады. Жазасын бір Алла өзі берсін дейміз.
Мүтталінің осындай сөзін естеген ақсақалдар ризашылықтарын білдіріп, әркім өз ойлағандарын айтып, біраз желпініп сөйлеушілер де болды. Ойлап қараған кісіге ел аман, жұрт тынышта осыншалықты бас ірі қара шығын болды деп айтуы қандай ақылға сияды. Жаздың жалпағында қарлы жаңбыр болып, ұсақ малдардан шығын болады деп сенейік. Ірі қарадан шығын болуы мүмкін емес. Уақыт өтіп кейін мұз қатқан уақыт күзде осынша бас мұз астына кетті деп естіліп жатты. Бұны да әрі ойлап, бері ойлап көптеген бас топтасып бір жерде суға кетті деген сөздің сендірер түрі жоқ. Өтірік айтушы да ақылмен айтып, елді сендіргені жөн сияқты. Ұрлықты жасауды білген жан, елді сендіретін дәлелін білуі керек еді. Ол жағын ойласпай сүйенгеніне сенгендіктен, көз жұмып келіскенін анық көріп отырмыз. Бұл малдың осыншалықты жоқ екенін өзі жасаса да, тәуекел етіп Тентек қарамағындағы жұмысшыларының екі қызын, қалай қосса да қосқаны анық көрініп отыр. Ал мал шығыны өте көп. Бұндай шығынның болуы малшы түгіл, бала шағасымен жай естіп отырған кісілерге қорқынышты әсер етері анық. Осы жағдайға байланысты Сабыр ақсақалдың адам шығыны болып асылып, атылып өлгендер болғаны айтылған еді. Сондай жағдайдың кездейсоқ болуы, осындай қысымның әсерінен болған жоқ па деген ой тудырары анық.
Ал шырағым-ай не дейін! Сенің айтуыңмен анау ағаңды айтқанымызға көндіріп, дегенімізді істеттік. Сүйткен бізге істеген ісің мынау болды. Оған ел не дейді, біз не дейміз? Осы жағына не дерімізді білмей, соның жолын таппай қиналып отырған жайымыз бар. Осылай деп Жанаға қатты ренжіспен, түйдек-түйдек сөйлеп кетті. Олай деуінің де, ренжуінің де реті бар еді. Сенің айтқаныңның бәрі болды. Орныңа өзің дайындаған екі адам мал-жаныңды түгел деп, кем болса да бар деп қабылдап алды. Олар алда сенің не істейтініңді сезбей, саған құдайдай сеніп, бар борышыңды мойындарына алып, сені сүттен ақ, судан таза етіп шығарды. Олар сен қосқан екі қызға үйленіп, тойлап жатты. Олардың алғандары кімнің қызы, оларға бұл қалай иешілік етеді деген ой, оларда болмады. Бәрі осымен тынды деп қуанып жатқан. Біз де өзімізше үлкен іс тындырдық деп марқайып, елдің көзіне тура қарап, қуанып жатқанымызда баспасөз бетінде жалдамалы тілшілерің жазған фельетоны шықты. Сенің осы ісің бізді жерге кіргізгендей ұят болды. Ұяттан адам өлген бе? Амалымыз таусылып не дерімізді білмей қиналдық. Ашулы ағаң сенің осылай істейтініңді ерте сезіп, сол кездің өзінде ескертіп еске салған болатын.
Сабыр інім осылай десе де, ағайынның татулығын ойлап ініге қолқа салып, ақылға шақырдық. Тентек, сенің Достан айтқан хабарыңды мұқият тыңдап, ағайындар болып ақылдасып шешкен ісіміз осылай еді. Оны да Тентек өзің тас-талқан еттің. Ағаңа жылап-еңіреп аяғына жығылдың. Сол тілегің бойынша біздің айтқан ақылымызбен кешірім жасады. Бірақ сенің біз білмейтін есебің, қылышты ұмыттыра беріп қайта сілтеуі екен. Ол ісіңнен кейін не болатынын да білдің, білсең де өзің аман құтылар жолыңды анықтап алған соң, өзім аман боламын деп нақты сеніммен, басқалар не болса ол болсын деп сөндірген шаланы қайта үрлеп тұтаттың. Өзіңе сеніп, өздерінің бастарын бәйгеге тіккен азаматтардың отбасы, бала-шағасын ойлап аяушылық жасау сенде болмады. Шырағым-ау, мұндай қатігездікпен қайда барасың? Неше жерден қара жүрек қатыгез болсаң да азаматтық арға жүгініп, әр ісіңді еске алып ойласқаның жөн болар еді. Солай десек те, ондай ой сенде болар түрі жоқ. Жазықсыз жандар сенің тұтатқан отыңа күйіп, жан айқайы енді шығып естілуде. Соны естіп селт етер түрің жоқ, өз ісіңе разы қалып танытасың. Ел сенің осы ісіңнен қатты шошиды.
Қапеш ӘЛИҰЛЫ
(жалғасы бар)
Фото: ашық дереккөз