Қостанай облысында халық саны 8,3%-ға азайған

Соңғы жылдары Қостанай облысында халық саны азайып кеткен, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны кеміген.

Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал, солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек. Осы орайда қазір Сенатта қаралып жатқан Көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз, — деді ол Үкімет сағатында.

Спикер атап өткендей, бұл бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет.

Сондай-ақ демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы, экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс. Қазіргі таңда еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта проблемалар да жоқ емес. Бүгін осы және басқа да мәселелерді қарастырамыз. Жалпы, елдің теңгерімді демографиялық дамуы бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Еліміздің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы. Сондықтан осы жолда бәріміз бірлесіп, дәйекті түрде жұмыс істеуіміз керек, — деді Сенат төрағасы.

Ғани ҒАЛЫМ

Фото: ашық дереккөз

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...