Қазақ тілін қолдану мен тұтынуға қатысты ауылдық жерлердегі көзқарастар

Қазақ тіліне қатысты елімізде түрлі көзқарастар мен түсініктер қалыптасқан

Соның ішінде кең таралған пікірлердің бірі – «Қостанай облысы – орыстілді, ал оңтүстік өңірлер – қазақтілді» деген тұжырым. Алайда бұл пікір шынайы жағдайды толық бейнелей алмайды. Мысалы, Қостанай облысының ауылдық аймақтарында халықтың басым бөлігі күнделікті өмірде қазақ тілін еркін қолданып, тұрмыста ана тіліне сүйенеді. Керісінше, оңтүстік өңірлерде, әсіресе қандастар көп шоғырланған жерлерде, кейде өзге тілдердің ықпалы байқалады. Бұл өңірлік тілдік ерекшеліктер – тарихи, әлеуметтік және демографиялық факторлардың нәтижесі. Осы мақалада аталған пікірдің қалыптасқан стереотип екенін дәлелдеу мақсат етіліп, әр өңірдегі тілдік ахуалға жан-жақты талдау жасалады.

Қостанай облысындағы тілдік ахуал

Қостанай облысында 2025 жылғы 1 маусымдағы ресми статистика бойынша халық саны  824,1 мың адам, оның 36,6 % (301,5 мың адам) — ауыл тұрғындары. Бұл ауылдық жерлердің жалпы халқының айтарлықтай үлесі. Ауылдардың көпшілігі — қазақ этносты ауылдар. Шындығында, Қостанай облысына ағымдағы «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасы арқылы 2022 жыл ішінде 1 147 қандастар қоныс аударғаны хабарланған. Мемлекеттік квота аясында 2025 жылы Қостанай облысы қандастар үшін 150 адамға, қоныс аударушылар үшін 535 адамға квота алған өңірлер қатарына енгізілген.

Халықаралық қазақ тілі қоғамы Қостанай облысы бойынша төрағасы Заңғар Санай

— Кейінгі жылдары біздің мемлекеттік тілге деген облыстың тұрғындары артып келе жатқаның аңғаруға болады. Қазақтармен қатар өзге де этнос өкілдерінің осы тілге қызығып, оны үйреніп, тіпті өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аудандардың ішінде тілімізді насихаттап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп жүрген бауырларымызды көргенде, яғни қазақ тілінің деңгейі өзінің тұғырына келе жатыр деген сөз. Қалыптасып қалған түсінік бар . Өйткені жол жүргенде қай жақтансын деп сұрайды, Қостанайданбыз десе, сенбейді, қалай ол Қостанайдың халқы осылай қазақша сөйлейді ме деген сияқты. Бірақ бұл түсінікті біртіндеп бұзамыз деп сенеміз. Егер осы қалыпта қазақ тілінің деңгейі көтеріліп жүре берсе, бір күні барлығы Қостанайдың халқы қазақ тілінде сөйлейтінің білетін болады, — дейді Халықаралық қазақ тілі қоғамы Қостанай облысы бойынша төрағасы Заңғар Санай.

Қостанай көпұлтты және көптілді өңір болғанымен, соңғы жылдары қазақ тілін дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында облыстық деңгейде көптеген бағдарламалар мен жобалар іске қосылып, тіл саясаты белсенді түрде жүзеге асырылуда.Біріншіден, қазақ тілін оқыту мен қолдануды қолдау бағытында облыстың білім беру мекемелерінде қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны артуда. Бұл қазақ тілін меңгеруді арттырып, жастарды мемлекеттік тілді жетік білуге ынталандыратын маңызды фактор. Сонымен қатар, облыстағы кітапханалар мен мәдени орталықтар мемлекеттік тілде іс-шаралар өткізіп, қазақ тілін насихаттауға күш салуда.

Екіншіден, қандастардың облысқа көші-қоны қазақ тілінің қолданысын кеңейтті. Оңтүстіктен келген қандастар қазақ тілі мен мәдениетіне үйреніп, облыстың қазақтілді ортасын нығайтты. Бұл көштің нәтижесінде қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындар саны артты, әсіресе қала мен ірі елді мекендерде қазақ тілінің статусы күшейді.

Қостанай жерінде қазақ ауылдары Торғайдан бөлек шекара маңында да көп

Облыс әкімдігі мен мемлекеттік органдар қазақ тілін қолдануды ынталандыру мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырады. Мысалы, мемлекеттік қызметкерлерге арналған қазақ тілін жетілдіру курстары, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде қызмет көрсету талаптары енгізілді. Бұл шаралар тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қазақ тілінің қоғамдағы рөлін күшейтті.

Қандастар мен қоныс аударушыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары – көшуге субсидия, жалдау ақысын жабу, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікке көмек – бұл олардың халыққа белсенді интеграциясына ықпал етеді. Нәтижесінде, дәл ауылдық өңірлерде қазақ тілінің қолданылуы өсіп, ағымдағы демографиялық өзгерістер қазақ тілінің өрісін кеңейтуге жол ашуда. Бұл тек ауылдарда емес, қалаларымызда да байқалады.

2000–2010 жылдары ауыл өмірі қайнап тұрған шақ еді

Оңтүстік облыстарға қоныстанған қандастардың негізгі бөлігі — Өзбекстан (40–61 %), Қытай (20–46 %), Моңғолия (9–14 %) секілді елдерден келген қазақтар. Бұл өңірлерге: Алматы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары сияқты қазақ тілінің табиғи ортасы саналатын аудандар басымдықпен орналасқан. Алайда, оңтүстікте қандастардың көп болуы себепті, бірінші кезекте қазақ тілдері қолданылса да, кейбір ауылдарда олардың ана тілдерінен бөлек, аралас тілдерде сөйлесуі байқалады. Бұл күрделі тілдік ортаны жан-жақты қарастыратын әрбір ауылға дербес жағдайды зерттеу қажет.

Стереотиптер мен нақты деректер

Қостанай қаласында қазақтілді тұрғындардың саны артты, тілдік орта өзгеруде. Расында, Қостанай облысының ауылдары мен қаласында қазақ тілінің тұтыну кеңістігі көбеюде. Бұл стереотиптерге қарағанда қоғамның тілдік динамикасын нақты бейнелейді. Қазақстандық Reddit пайдаланушылары арасында тіл мәселесі бойынша кең мағлұмат бар. Бір пайдаланушы жазғандай: «Мектеп балаларды қазақша үйретуге міндетті… Мұғалімдер оқыту керек». Бұл пікір ауылдық емес, бірақ жалпы тілге қатысты маңызды кері байланыс береді: қазақ тілінің қолданылуы үшін мотивация мен қоғам белсенділігі аса маңызды. Дегенмен де, ең алдымен үйде өзара қазақ тілінде сөйлеу маңызды. Басқа пікірлерде: «Мен солтүстіктегі шағын қалада өстім, онда қазақша сөйлейтіндер саны көп, бірақ мен Алматыға оқуға түскенде барлығы таңғалды. Біздің өңірді көбі орыс тілді деп санайды…»

Қазірде мектеп жабылғаннан кейін бұл ауылда 20 шақты отбасы ғана қалған

Бұл — Қостанай сияқты өңірлердегі өміршең стереотиптің күшін көрсетеді. Мысалы, шекарада орналасқан ауылдардың бірі жайында айтып өтсек. Қостанай облысы — Қазақстанның солтүстік өңіріндегі көпұлтты әрі мәдениеті мен тарихы бай аймақтардың бірі. Бұл өңірде тіл саясаты мен қазақ тілінің дамуына қатысты мәселелер кеңінен талқыланып жүр. Солардың ішінде Қарабалық ауданына қарасты Өрнек ауылы — қазақ тілін тұрмыста, білім беру мен мәдени ортада кеңінен қолданатын шекаралық ауылдардың бірі ретінде ерекшеленеді. Өрнек ауылы — Қарабалық ауданының батыс бөлігінде, Ресей Федерациясымен шекаралас жерде орналасқан. Бұл ауылдың тұрғындары негізінен қазақтардан тұрады және ауылда қазақ тілі негізгі қарым-қатынас тілі болып табылады.

— «Ауыл жылдары» деген 2000 жылдың басында ауданымызда қазақ мектептері жабылып, соңғы осы Өрнектегі мектеп қалды. Ол кезде біз үндемей жүрдік, ондай мәселеге араласа қоймадық. Бірақ 2010 жылы Өрнек мектебі жабылғанда дабыл қағып, аудан әкімі, сол кездегі облыс әкіміне дейін бардық. Тіпті газеттерде де осы жайында шыққан. Осы ауыл мектептерін сақтап қалуды ұсындық. Қазақ тілін дамыту ұсақ-түйектен басталады емес пе? Тіпті, жарнамаға көңіл бөлсек, көбі орысшадан қазақ тіліне дұрыс аудармайды, — дейді Өрнек ауылының тұрғыны.

Жанар Ержанова — осы ауылдан шыққан, бүгінде журналистика саласында қызмет етіп жүрген мамандардың бірі. Оның айтуынша, ауылда қазақ тілінде оқытатын мектеп жұмыс істеген және осы ауылдан шыққан балалардың барлығы мемлекеттік тілді еркін меңгеріп шыққан. Сонымен қатар, ауылдың аға буыны мен жастар арасында қазақ тілін тұрмыста қолдану деңгейі жоғары. Бұл ауылдағы тілдік ахуалдың табиғи түрде қалыптасып, дамып жатқанын аңғартады. Жанар Қостанай телеарнасының тілшісі, міне төрт жылға жуық уақыт журналист болып жұмыс істеп келеді. Бірнеше бағдарламаның тізгінін алып жүрген жан.

Ауылдың аға буыны мен жастар арасында қазақ тілін тұрмыста қолдану деңгейі жоғары

— Негізі Қарабалық ауданың барлығы орыстанған елді мекендердің бірі деп ойлайды. Дегенмен біздің ауданда қазақы тәрбие, қазақ тілі алдыңғы қатарға қойылған ауылдар өте көп. Сол ауылдардың бірі Өрнек ауылы, мен сол ауылда туып, өстім. Алтыншы сыныпқа дейін сол жерде білім алдым. Негізі біздің ауылда барлығы тек қана қазақ тілінде сөйлейді. Сондықтанда мені көшеде, мекемеде, жиындарда көрген  жандар үнемі таңғалып жатады. “Сен қазақша қалай жақсы сөйлейсін, Қарабалық орыстанған жер ғой” деп. Дегенмен осындай қазақ ортада, қазақ ауылында тәрбиеленгендіктен қазақ тілін біз жетік білеміз, — дейді ол.

Тағы бір маңызды фактор — ауылдың шекаралық аймақта орналасуы. Бұл жағдай кейде тілге сыртқы әсер ету мүмкіндігін туғызғанымен, Өрнек ауылының тұрғындары өз ұлттық болмысын сақтап қалуға және тілді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге мүдделі. Қарабалық ауданына қарасты Өрнек ауылы — мемлекеттік тілдің ауылдық деңгейде қаншалықты қолданылып жатқанын дәлелдейтін нақты мысалдардың бірі. Ауылдың тілді тұрмыста, білім беруде және мәдени өмірде белсенді пайдалану тәжірибесі басқа өңірлерге де үлгі бола алады.

Мемлекеттік тілде курстардың өтуі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатының негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік тілде оқыту мен сауаттылықты арттыру. Бұл мақсатта облысымызда түрлі деңгейдегі мемлекеттік тіл курстары ұйымдастырылып, олардың ықпалы күннен күнге артып келеді. Алғашқы кезекте, мемлекеттік тіл курстары негізінен мемлекеттік қызметкерлерге бағытталған. Бұл курстар тілдің грамматикасы мен лексикасын терең меңгеріп қана қоймай, кәсіби салаға тән тілдік ерекшеліктерін де үйретеді. Нәтижесінде, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жақсарып, азаматтармен қарым-қатынас мәдениеті де артады.Сонымен қатар, курстардың қатысушылары арасында бизнес өкілдері, ұстаздар, медицина қызметкерлері және басқа да сала мамандары бар. Бұл курстар олардың жұмысында мемлекеттік тілдің қолданылуын арттырып, қызмет көрсету мен өндірістік процестерде қазақ тілінің мәртебесін көтереді.

Қазақ тілі үйірмесінің жетекшісі Дмитрий Ромащенко

Дмитрий Ромащенко Фёдоров ауылында дүниеге келген, этникалық украин ұлтының өкілі. Ол бастапқыда орыс тілінде оқитын ортада өскен, бірақ бала кезінен қазақ тіліне ынтасы күшті болған. Университетте әрі қазақ тілін үйрену, әрі күнделікті пәндерді қазақша оқу қиын болғанымен, табандылық арқасында тілдік ортаға тез сіңісіп кетті. Қазақша тіл үйренуді насихаттап, оқушылар мен онлайн аудиториясына үлгі болуда.

— 2022 жылдан бастап «Мәмле» ситуативті курсын өткіземін. Жалпы сабақта күнделікті қолданатын сөздерді үйренеміз. Сабағымызға әртүрлі жастағы жандар қатысады, оның ішінде студенттерден бастар зейнеткерлерге дейін бар. Біріне жұмысында қазақ тілі керек, бірі өзі үйренгісі келеді. Жалпы 40 адамдай қатысады. Қызықты ету үшін түрлі сабақтар ұйымдастырып, тіпті тик ток желісінде тікелей эфирге шығамыз, — дейді  Қазақ тілі үйірмесінің жетекшісі Дмитрий Ромащенко.

Мемлекеттік тіл курстарының тағы бір маңызы – ол қоғамдық сананы өзгерту. Көптеген адамдар алғашқыда мемлекеттік тілге қарағанда орыс тілін артық көргенімен, курстардың арқасында қазақ тілінің байлығы мен мәдени маңызын түсініп, оны күнделікті өмірде қолдануға талпынады. Бұл тілге деген құрмет пен сүйіспеншіліктің артуына алып келеді.Курстардың тиімділігі туралы зерттеулер көрсеткендей, курстан өткендер мемлекеттік тілді үйренуде, сөйлеу дағдыларын жетілдіруде айтарлықтай нәтижеге жетеді. Олар қоғамдық орындарда мемлекеттік тілді еркін пайдаланып, өздерін сенімді сезінеді. Бұл да мемлекеттік тілді кеңінен қолданудың маңызды көрсеткіші.

Сондай-ақ, қазіргі таңда онлайн форматта ұйымдастырылатын курстардың саны көбейді. Бұл тіл үйренушілерге икемділік беріп, түрлі жастағы адамдарға мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік туғызады. Онлайн курстар әсіресе ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін тиімді, себебі олар жол шығындары мен уақытты үнемдейді.

Мектеп 10 жылдан аса уақыт бұрын жабылып қалған, содан тұрғындардың көбі көшіп кеткен

Қорытындылай келе, мемлекеттік тілде курстардың өтуі қазақ тілін дамытудағы маңызды факторлардың бірі болып табылады. Олар тілдің қолдану аясын кеңейтіп, қоғамдағы тілдік жағдайды жақсартады, мемлекеттік тілді меңгерген адамдардың санын арттырады.Қостанай облысы туралы “орыстілді өңір” деген көзқарас толықтай дұрыс емес. Ауылдық жерлердегі қазақ тілінің қолданылуы айқын байқалады, әрі қандастар қоныстануы бұл ахуалды одан әрі нығайтуда. Өңірлік статистика халықтың ауылдарда ана тілінде сөйлейтінін көрсетеді, ал миграциялық процесс тілдік ортаға жаңа толқынын еңгізуде.

Шуддин Саидов – «OTYRAR» телеарнасының журналисі,
суретті ұсынған кейіпкер

— Менің ойымша, әр аймақта тілге байланысты ерекшелік бар. Оңтүстікте қазақша сөйлейтіндер көп. Мысалы, Қостанай жақта Ресей жақын, сондықтан көбісі ол жақта көбі орыс тілінде сөйлейді деп ойлайды. Қай жақта болмасын қазақ тілін білген жөн. Бірнеше тілді білген жақсы емес пе? Ол жақта орыс тілін де, қазақ тілінде де сөйлейді, — дейді Шымкент қаласының тілшісі Шуддин Саидов.

Оңтүстік өңірлерде да тілдік орта қазақ тілінің табиғи қолданысына негізделсе де, қандастар мен диаспоралық факторлар кейбір аудандарда аралас тілдік кеңістікті қалыптастыруы ықтимал.Ғылыми зерттеулер, дереккөздер және әлеуметтің пікірлері тілдік ортаның шынайы бейнесін көрсетеді.Қостанай облысында қазақ тілін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, қандастардың келуі бұл үрдісті одан әрі жандандыруда. Облыс тіл саясатының тиімді жүзеге асуы мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуына және сақталуына септігін тигізіп отыр.

Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «ТоболИнфо» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.

Аяжан СЕРІКсуреттерді түсірген Лариса БОЖКО, видеоны дайындаған Абиль ДОЩАНОВ,

Нуржан СМАИЛОВ, Шафаис КАРИМОВ

Мақаланың түпнұсқасы https://tobolinfo.kz/aza-tilin-oldanu-men-t-tynu-a-atysty-auyldy-zherlerdegi-k-z-arastar/ бойынша жарияланған

Мынаны да қараңыз

Фёдоров қашан Жаркөл болады?!

«Құйылып тұрған көктен нұр, Жиылып тұрған көктем-жыр, Айдында шабақ шоршыған, Жаркөлдің суы мөп-мөлдір» деп келетін ...