Рудный кейсі

Рудныйдағы орын алған жағдайға Қазақстанның басқа өңірлері жағаларын ұстап жатыр.
Бірақ, бұл айсбергтің ұшы ғана деп санаймын.
Жалпы, Рудный туралы, ондағы жайт туралы бұрын да жаздым. Дегенмен, тағы толықтыруды жөн көрдім.
Рудный қаласы Қостанай облысының екінші үлкен шаһары, аймақ орталығынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан.
Қостанайға барғанда өзіңді өте жайлы, ыңғайлы сезінесің. Тұрмысқа ыңғайлы қала, жұрты шамамен 270 мың, Рудный қаласы халқы жанындағы елді-мекендерді қосқанда 135 мың шамасында, яғни, Қостанай іргесіндегі тағы бір шаһар – Тобыл қаласы мен Қостанай ауданын қоссақ (75 мың) Қостанай агломерациясы жарты миллионға тақау.
Бірақ, Қостанай мен Рудный арасындағы қарама-қайшылықты бірден сезесің.
Айтқандай, Қостанай мен Рудный қаласы халқының жартысы қаракөздер. Мәселе, ұлттық құрамын есептеу емес, идеологиялық жұмыстың нашар жүргізілуінде деп ойлаймын.
Әрине, мен сын айтқанда тек сын үшін емес, шешімін де айтамын және дұрыс болса деген мақсат.
Бірінші, көше атауларынан бастайық. Қостанайда да әлі ауыстыруды қажет ететін көшелер бар, бірақ, облыс орталығында Рудныймен салыстырғандағыдай мүшкіл жағдай орын алып отырған жоқ. Бұл енді билік тармақтарына байланысты болар, яғни, облыс билігі батылырақ шешім қабылдаса, Рудный қаласы 35 жыл ішінде бірде бір көшенің атын ауыстырмады. Түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Облыс басшылығы ғана емес, Рудный қаласы бұрынғы және қазіргі әкімдерінің және Қостанай облыстық Мәдениет басқармасы мен Қоғамдық даму басқармасы жұмыстарының әлсіздігі. Талдау жасамаған, зерттеу жүргізбеген. Бастысы Қостанай облысы әкімінің идеология, тіл, мәдениет, руханият саласына жауапты орынбасарының осындай жайттарға зер салмауы.
Нақты Рудный қаласы бойынша 133 көше мен 100 тұйық көше бар екен және оның сәйкесінше 12 көшесі мен 12 тұйық көшесі ғана мемлекеттік тілде. Сонда жергілікті Мәдениет бөлімі мен Ішкі саясат бөлімі ай қараған ба?
Екінші, білім саласы. Қостанай облысында 480 шамасында елді мекен бар және өкінішке орай олар жыл сайын азайып келе жатыр. Жалпы, облыс халқының саны азайып бара жатқаны белгілі. Оның ішінде, қазақ ауылдары да жабылып жатыр. Ал, қазақ ауылының жабылуының бір себебі қазақ мектебінің жабылуы. Шағын ауылдарды болашағы жоқ деп жауып тастау мүлдем дұрыс емес. Мектебі, балабақшасы болса болашағы да болады. Мысалы, Қостанай облысы Жангелдин ауданында Тоқанай деген ауылы бар. Бірақ, облыс билігі оны болашағы жоқ деп есептейді. Дегенмен, ауыл тұрғындары өмір сүріп жатыр, тіпті, 2024 жылғы тасқын су кезінде ауыл тұрғандары мен Торғай кентінен келген еріктілер бар күш-жігерін жұмсап, ауылды аман алып қалды. Ал, былай қарасаңыз, жолдың бойында тұр. Яғни, облыс басшылығының әр ауылға дұрыс талдау жасай білмеуінің көрінісі. Міне, осындай жайттарға жіті назар аудару қажет.
Өйткені, облыстағы мектептердің көпшілі ауылдық жерлерде орналасқан және оның көбі облыс басшылығы айта беретін «оңтүстік аудандарда», яғни, Торғай жерінде орналасқан. Тіпті кей аудандар мен қалаларда бір-екі ғана қазақ мектебі бар. Рудный қаласын алатын болсақ қаладағы мысалы, оқушылардың 60 проценті қазақ балалары болса да шаһарда үш ғана таза қазақ мектебі бар. Қостанай облысындағы мектептердің тек 28 проценті қазақ тілді мектептер. Жалпы осы қазақ мектебінде не балабақшасында тек қазақ балалары оқысын деген заң бар ма? Жоқ болса, өзге ұлттардың балалары да қазақ мектептері мен бала бақшаларында оқысын. Айналып келгенде Қазақстандық патриотизм қайда? Ол балалар болашағын Қазақстанмен байланыстыратын болса, ата-аналары түсініп, балаларын қазақша оқытсын. Былай қарасаң, қиял-ғажайып ой сияқты, бірақ, бір жұрт болсақ өзге жұрттар да бізбен бірге болсын.
Балабақшалар. Облыстағы қазақ бала бақшаларының жетіспеушілі жөнінде бұрыннан айтылып жүр. Өйткені бала қай бала бақшаны таңдайды сәйкесінше бала да мектепті сол тілде таңдайды. Бұл маңызды. Ал, Рудный қаласын алсақ, таза қазақ тілді балабақша біреу ғана, аралас балабақшаларда қазақ топтары азшылық. Жақында ата-аналар өтініш берді, бірақ, ол әлі орындалған жоқ. Қазақ тілді бала бақша мен топтар Рудный үшін өте өткір мәселе. Бұған тіпті тиісті министрлік назар аударуы керек деп санаймын.
Сонымен қатар, Рудный шаһарындағы орта және жоғары білім мәселесі жеке әңгіме арқау болатын жайт.
Үшінші, ескерткіштер жөнінде. Жақында Ош қаласында Абай есерткіші ашылды, қуандым. Ал осы мезетте Қазақстандағы Абай ескерткіші жоқ жалғыз облыс орталығы Қостанай екенін білгенде қапаландым.
Рудныйға қатысты айтатын болсақ бірде бір қазақ зиялысына ескерткіш жоқ. Оны айтасыз, жақында Рудный қаласында Колобоктың ескерткіші қойылды. Сонда, жергілікті билікке бәрібір болғаны да? Бұл қазақтың жері ме?
Айтқандай, атышулы Валерий Гирфанов «Горняк»-тың иесі, не сол атауларды Сарыбай не Тобыл-Торғай өңірінен шыққан атақты спортшылардың не зиялылардың атымен атасақ бір жерлері түсіп қалады ма?
Қысқаша айтқанда, Рудный шаһары қай жағынан болса да, яғни руханият, тіл, көше атаулары, мектеп-балабақша жайы, кешендер, ескерткіштер жайынан оңбай ақсап тұр. Ал, облыс, республика билігі жедел шешімдер қабылдамаса, жағдай одан сайын күрделене беретіні түсінікті.
Тағы бір есіме түскені жалпы еліміздің Қазақстан халқы ассамблеясы бітпейтін жиналыстарын өткізе бергенше, осындай кездерде төбе көрсетсін. Әйтпесе, салық төлеуші ретінде қаражаттың қайда жұмсалуын талап етуге хақылымыз ғой деп санаймын.
Және, тағы бір ойыма келгені Рудный қаласының негізі жұмыс берушісі ERG компаниясы. Олар осындай кезде өздерін көрсетіп, қазақ руханиятының гүлденуіне атсалыссын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Суретте: КСРО заманындағы тоталитарлық режим көрінісі, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы, фото авторы — Арман Байсадықов, материал авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Гүлім ЫСМАҒҰЛ, журналист: Референдум – әр азаматқа берілген үлкен мүмкіндік

Кез келген мемлекеттің тарихында елдің ертеңін айқындайтын ерекше кезеңдер болады. Мұндай сәттерде қоғамның бірлігі, халықтың ...