Биылғы жылдан бастап Бiлiм және ғылым министрлiгi «Ата-ана сағаты» ұлттық күнiн өткiзудi қолға алмақшы. Осыған орай министрлiк барлық жұмыс берушiлердi қызметкерлерiн ата-аналар жиналысына қатысу үшiн ертерек босатуды сұрайтын болады деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Ата-ананың бала тәрбиесiндегi рөлi төмендеп кеттi деген пiкiрмен келiсемiз. Ата-аналар жиналыстарға бармайды. Ата-аналардың 40 пайызына дейiн 11 жылда мүлде мектепке бармайды» дедi министр Ерлан Сағадиев бүгiн жастар мәселесi қаралған Үкiмет отырысында.
Биылғы жылдың көктемiнде министрлiк «Ата-ана сағаты» ұлттық күнiн өткiзу бастамасын қолға алмақшы.
«Бiз барлық мемлекеттiк органдар, компаниялар, жеке секторды ата-аналарды жұмыстан ертерек босатуды сұрайтын боламыз. Оларға осы бiр-екi күнде ата-аналар жиналысына қатысуына мүмкiндiк беру керек» дейдi Е.Сағадиев.
Айта кетейiк, бұған дейiн министр Е.Сағадиев қызметкерлердi жұмыстан уақытында босату мәселесiн көтерген болатын. Өйткенi, оның айтуынша, қазiргi уақытта жұмысбасты ата-аналар бала тәрбиесiне дұрыс көңiл бөлмейдi.
«Жұмыс берушi қызметкерлердi уақытында, сағат алтыдан кейiн ата-аналарды үйге жiберсе, дұрыс болады деп есептеймiз. Мұндай тәжiрибе қажет. Ата-аналардың жұмыста кешiгуiнiң әлеуметтiк бағасы жоғары» деген едi ол.
baq.kz