Астанаға 2017 жылы өңірлерден 158 064 тонна азық-түлік жеткізу жоспарланған деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
«ЭКСПО көрмесі қарсаңында қала әкімдігі өзге аймақтармен жеткізілетін өнімдердің көлемі бойынша келісімге келді. Облыстардың мәліметінше, қалаға 158 064 тонна азық-түлік жеткізілмек. Ол көліктерді қабылдау үшін екі арнайы алаң белгіленді» делінген хабарламада.
«Қазіргі кезде көрмені өткізу кезінде логистиканы ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр. Тауардың белгілі бір қоры, сақтау мәселесі де қаралуда» деді қала әкімі. Сонымен қоса, Астанада жұмыс істеп тұрған қуаттылығы 8 000 тонналық көкөніс сақтау орны базасында, «Алтай» КЛО және Continental Logistics ЖШС-да мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ қатысуымен 3 көтерме-тарату орталығы құрылады. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеуге, тауарлардың сапасын бақылауға, жеткізілімдерді есепке алуға, кепілді сатып алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде оны «АЛАЙ» көпфункционалды көліктік-логистикалық кешені ( ашық сауда алаңдары — 25 мың шаршы метр, жүк көліктерінен сауда жасауға арналған асфальт төселген алаң — 30 мың шаршы метр) базасында құру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
«Қаланың жеткізілетін тауарларға тәуелді екенін ескерсек, инфрақұрылымды дамыту және азық-түлік өнімдерін сақтау мен шығару мәселесіне көңіл бөлу керек» деді Ә.Исекешев.
Бұдан басқа, Астанада қуаттылығы жылына 1 800 мың тоннаны құрайтын 1 жылыжай жұмыс істейді. Қуаттылығы 4850 тонна болатын тағы 2 жылыжай салынуда. Қуаттылығы жылына 7000 тоннаны құрайтын тағы 3 нысан жобалану үстінде. Сондай-ақ жалпы сақтау көлемі 42,8 тонналық 8 көкөніс сақтау орны бар, жалпы сақтау көлемі 34,5 мың тоннаны құрайтын 9 нысан жобаланып жатыр.
tobyl-torgai.kz