Қазақстанның аудан орталықтарында автодроммен бірге мамандандырылған ХҚКО-лар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Мемлекеттік автомобиль инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Иманбаев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ведомство «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясымен берлесе аудан орталықтарында мамандандырылған ХҚКО-ларды ашу мәселесін қарастыруда.
«Аудан орталықтарында да мамандандырылған ХҚКО-лар қызметі жүзеге асырылғаннан кейін, әрине, тіркеу және емтихан тапсыру орталықтарында сынақ тапсыруды доғаратын боламыз. Егер де аталған қызмет көрсету орталықтары аудандарда салынатын болса, біз автоматтандырылған автодромның болуын талап етеміз. Ал автодромдар болмаса, онда жекелей дайындалудың (емтихандарға өз бетінше дайындалып, жүргізуші куәлігіне тапсыру құқығы) еш мәні болмайды» деп түсіндірді М.Иманбаев Мәжілісте «Жол жүрісі туралы» заң жобасына түзетулерді талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда көлік жүргізуге өздігінен дайындалу құқығынан бас тарту ұсынылды.
inform.kz