Атам қазақта «әкесі достың баласы дос» дейтін аталы сөз бар. Иә, менің де әкемнің өзімен сыйлас әрі құрдас жандарының бірі Ғазиз қажы Әмірханұлы болатын. Ал өз ретінде Ғазиз әкеміздің баласы Шоқан қажы менімен сыйлас бауырымыз.
Міне, сөйтіп, өткен сенбіде Қостанай қаласында Ғазиз қажының құрметіне өткізілген шараларға қатысып келген түрім бар.
Әуелі Қостанай облысы Білім басқармасының мұрындық болуымен Ғазиз Әмірханұлының 90 жылдығына арналған «Абыройы асқан асыл азамат» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция таңғы 10.00-де өз жұмысын бастады.
Облыстық Білім басқармасының басшысы Бәтима Даумова ханым конференцияны ашып берді, одан кейін профессор, Су жөніндегі мемлекет аралық су комиссиясы ғылыми орталығының директоры Нариман Қыпшақбаев мырза сөз алып Ғазиз Әмірханұлының қиын да қилы тағдыры, оның әрқашан да өз ісіне берілгендігі мен оқушыларына деген сенімі туралы айтты.
Мысалы, біреу білмес, біреу білер, бірақ Ғазиз әкеміз кезінде мектеп бітіруші оқушыларын өзі бастап апарып, олардың Алматының ең мықты оқу орындарына түсуіне шын жанашырлық танытып, сол кездегі астанамызға келеді.
Ол еңбегі зая кетпегенге ұқсайды, тек бір жылғы түлектерінің арасынан қаншама профессор-академик, ақын-жазушылар шыққанын білесіз бе?
Жалпы, меніңше бұл қасиет әкемізге атадан дарыған деп ойлаймын.
Айтқандай, кезінде Алматыға арман қуып барған жастардың арасынан шыққан жерлестеріміздің бірі – қазіргі күні қазаққа белгілі экономист, академик Сайлау Байзақов ағамыз.
Сайлау аға Ғазиз қажының қаншама қиыншылықтардан өтсе де кедіргілерді жеңе біліп, бастысы ойға алған мақсатына жеткенін айтып берді.
Одан кейін сөз алған спикерлер оның сан қырлы таланты мен қарым-қабілетін де атап өтті.
Мәселен, Көкалат ауылындағы Албарбөгет орта мектебінің 7 сыныбын тәмамдаған Ғазез қажы Әмірханұлы Торғайда ашылған 3 айлық мұғалімдер курсын аяқтап, одан соң он жылдықты бітірген соң, кейін Алматыдағы Абай атындағы институтты тәмамдады. Осыдан бастап бүкіл өмірін оқытушылыққа, ұрпақ тәрбиесіне арнады. Одан кейінгі жылдары Қазалы, Қарақоға ауылдарында мектептерді жұмыс істеп, Қаратүбек орта мектебіне директор болып келеді.
Бұл уақытта қожа ұрпағы ретінде қудалауға да ұшырайды, алайды өз еңбегінің және қажырлығының арқасында аудандық білім саласы басшылығына дейін көтеріліп, ұланғайыр ауданның оқу ісінің алға басуына қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Осы уақытта мектеп мәселесімен ғана шектеліп қалмай аудандағы алғашқы музейдің ашылуына деп ат салысады.
Білім саласындағы еңбегі елеусіз қалмай еліміздің Білім саласының үздігі атанады. Аудандық кеңестің бірнеше мәрте депутаты болды.
Жалпы, Ғазиз қажы Әмірханұлы туралы айтқан кезде біз арғы тарихымызға шолу жасауға тиіспіз.
Өйткені, Ғазиз қажының барлық өмірі Торғай сияқты біртұтас елдің тарихымен тығыз байланысты.
Әңгімені әрідеп бастайтын болсақ, қожалар қазақ даласына ислам дінін таратуға көп еңбек сіңіргені мәлім.
Мәселен, қазақ ішінде мұсылман дінін таратып, уағыздаушы ұстаз, ағартушы Мұхамед Әләйһиссаламның төртінші шариары хазіреті Әлидің баласы Хұсайыннан өрбігендерді «Сайд қожалар» дейді. Ал, қазақ арасындағы қожалар «Шәмші Ахмет» және «Шайқы бұзырық» деген екі үлкен салаға бөлінеді. Шайқы бұзырықтан: Қожа Ахмет Иассауи, Шәмші Ахметтен: Хорасанқожа, Қырық Садақ, Дуанқожа, Бақсайыс, Аққожа, Жүсіпқожа, Сейітқожа, Түріпенқожа, Қылыштықожа өрбиді.
Ал, Ғазиз қажының арғы атасы Оспанқожа бабамыз Хорасанқожадан тарайды. Хорасанқожа атамыз 8 ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан жеріне мұсылман дінін таратып, қалыптастыру мақсатында (ағалары – Ысқақбап, Қараханбаппен бірге) Араб сахарасынан қазақ даласына келеді.
Хорасанқожа атамыздың шын есімі — Әбдіжәлел. Ол өз заманында Иранның Хорасан деген шаһарының қамалын бұзып, Иран еліне Ислам дінін мойындатып, өзі сол қалаға патша болған екен. Осыған орай, Әбдіжәлел бап – Хорасанқожа атанып, одан тараған ұрпақтары да «Хорасанқожалар» деп аталады. Әбдіжәлел бап өмірінің соңғы кезеңінде Түркістан елдерін мұсылмандыққа кіргізумен айналысып, Сырдария өзенінің бойындағы «Тотықұс» аралында ғұмыр кешкен.
Хорасанқожаға Алланың берген қасиеті – оның денесіне оқ дарымаған, сүйегіне қылыш батпаған деседі. Ол тек әскербасы, аруақты, киелі адам ғана емес, үлкен емшілік қасиеті бар, жазда жауын жаудырып, қыста боран соқтырып, табиғат құбылыстарын тамыршыдай таратып, алдағыны болжап отыратын абыздық жоғары тылсым күш иесі де болған. Хорасанқожаның бабалы абыздық жолы өзінен тараған ұрпақтарына (шұбар атты Мәлімқожа, Әлім, Көкен, Қосым, Сейіт, Естай) мирас болып, оның ішінде Оспанқожа атамыздың бабасы Хаши абызға да көшкен.
Хаши абыз заманында қазақтың белгілі батыры, қазақтан шыққан алғашқы тархан Шақшақ Жәнібекпен досжар болған, оның рухани пірі болған екен.
Әрине, Шақшақ Жәнібек өз елінің рухани дамуын да ойлайтыны белгілі, осы мақсатта Хаши абыздан имандылыққа ұйыту үшін өзіне сенімді кісіні жіберуін сұрайды. Абыз алты баласының ішінен қалағаныңды аларсың деп, уәдесін беріп, оның орындалуын қайнағасы Қосымқожаға аманат етіп кетеді.
Заман түзеліп, Орта Азия мен Қазақстанның діни орталығы іспеттес Бұқар шаһарындағы 16-17 жасар Азына бабамызды алып келу бақыты Арғынның Жылқыайдар руынан Қожаназар деген кісіге бұйырады. Бұқар-Тәшкенге барған ол Азынаны аман-есен жеткізеді.
Шақшақ Жәнібек бірнеше жыл ел ішінде халықтың тұрмыс-салтымен, тіршілігімен таныссын деп оны екі-үш ауылға қоныстандырады, алайда таңдауды өзіне береді. Сөйтіп, Азына әуелде бірге келген Қожаназар ауылына тоқтайды, бұған Қожаназар да қатты қуанып, қолына асық жілікті ұстатып, үш ұлының кенжесі – Құрманмен еншілес етеді. Өз балаларымен тең көріп, үйлендіріп, кейін «Абыз шығанағы» деген жерден қоныс береді. Сөйтіп, Азынаның қазақ сахарасындағы ислам дінін тарату жолы басталады.
Ал, енді Азынаның ұрпағы Оспанқожа әулие әулетіне Кеңес Үкіметі қырғидай тиіп, әулиенің бабалары Әмірхан мен Хамзаны 20-25 жылға Сібірге соттап жібереді. Тек үшінші ұлы Мұхамедуәли ғана Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, кейін елге оралады. Әкесі Әмірхан 1937 жылы халық жауы деп ұсталғанда Ғазиз әкеміз он жаста ғана екен.
«Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деп дана халқымыз айтқандай кейінгі өмірі халықтың көз алдында өтті.
Жаңа жоғарыда айтып кеткенімдей Ғазиз Әмірханұлы бар өмірін жас ұрпақ тәрбиелеуге арнады, кейін заман өзгерген кезде дін исламның құлаш жаюына көп еңбек сіңірді.
Зейнеткерлікке шыққан уақытта аты бар, заты жоқ Әліби Жангелдин музейін қайта жарақтандырды.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында Торғай қаласында Оспанқожа әулие мешітінің ашылуына мұрындық болды, елімізден ең бірінші рет Мекке-Мәдинәға барған 300 қажының ішінде болды.
Тек білім, дін саласы ғана емес, мәдениет саласында да қажырлы еңбек етті.
Торғайдан шыққан Алаш зиялылары – Ахаң мен Жахаңның музейлерін ашып, зейнетке шықса да музей заттарын жинастырып, архивтерден деректерді алдырды, тіпті өзі де барды.
Шын мәнінде Торғай шаһарының аспан астындағы музей болуына көп еңбек етіп, тағы Шақшақ Жәнібек бабамыздың және уақытысында Ыбырай Алтынсарин музейінің де жұмыс істеуіне көп ат салысты.
Қайда жүрсе де, қай салада, қандай іспен айналысса да нәтижеге жеткізетін, тынымсыз жан болатын.
Егер, тірі болғанда биыл тоқсан жасқа келетін Ғазиз қажы Әмірханұлы әкеміз міне осындай жан еді.
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ