1-cурет. Чжен Хе 7 рет экспедицияға шыққан болатын
Шыңғыс хан және оның ұрпақтары әлемнің көптеген елдерін, оның ішінде Қытайды да бірнеше ғасыр билеп-төстегені тарихтан мәлім. Қытайлардың 1500 жылдан астам уақыт бойы (Цинь және Хань әулеттерінен бастап Мин әулетіне дейін) біздің ата-бабаларымыздан қорғану үшін тұрғызып келген Ұлы Қытай қорғанын жауынгер жұрт — көшпенді монғолдар бұзып-жарып өткен болатын. 1211 жылы моңғолдар Қытайға алғаш басып кірген соң, 1279 жылы Құбылай хан тұсында бұл ел толықтай моңғолдардың қол астына көшті. Қытаймен бірге Орта Азияны жаулап алған Шыңғысханның ізбасарлары аталған елдерді басқару үшін сауатты әрі сенімді адамдарды өз қатарларына тарта білген.
2-сурет. Қытайдың билеушісі Құбылай хан
Қытайды билеген моңғолдар бағынышты жұртын төрт санатқа бөледі. Бірінші санатқа моңғолдардың өздері жататын, олар осы бөлініс арқылы әскерлерді басқарды және әкімшілік билікті қолға алды, ал екінші санатта шетелдіктер, ең алдымен, түркілер тұрды (түркілер бұл империядағы ең сауатты жұрт болатын әрі салық жинаумен айналысты). Одан кейінгі қатарда солтүстік қытайлар болса, ең төменгі санатта оңтүстік қытайлар орналасты. Оларға түнде жүруге тыйым салынды, жиналыстар өткізуге, шетел тілдері мен әскери өнерді игеруге де шектеу қойылды. Аз моңғол қаптаған «қара қытайды» осындай қатаң әдістермен ғана билей алатын еді.
3-сурет. Ата-бабаларымыздан қорғану үшін салынған Ұлы Қытай қорғаны
Жоғарыда атап өткеніміздей, сол кездері түркі елдерінен Қытайдың әртүрлі өңірлерін басқаруға, әкімшілік істерін жүргізуге көптеген адамдар келе бастайды. Сырттан келген адамдардың ұрпақтары арасынан Қытай тарихында жоғары бағаланса да, түркінің төл тарихында өз орнын таба алмай жүрген Чжен Хе сияқты ұлы тұлғалар да шыққан еді.
4-сурет. Чжен Хенің ата-баба жері — Бұқара қаласы
Чжен Хенің азан шақырып қойған аты — Мұхаммед. Қытайдың оңтүстігіндегі Юньнань өлкесінде 1371 жылы туған. Атасы мен әкесі мұсылманшылық жолын ұстанып, қажылыққа барған. Мұхаммед жастайынан озық білім мен жақсы тәрбие алады. 1382 жылы Мұхаммедтің әкесі қайтыс болғаннан кейін, ол ел ішіндегі алауыздықтар кезінде бұрынғы күш-қуатынан айрылған отбасының баласы ретінде тұтқынға алынады. Кейін құлдыққа сатылып кетеді (осы арада тағы бір атамыз Бейбарыстың да осындай жолмен құлдыққа сатылып, кейін Шығыстың ұлы билеушісіне айналғаны еске түседі).
5-сурет. Чжен Хенің балалық шағы өткен Қытайдың Юньнань өлкесінің табиғаты
Жауларына деген ыза-кегі оны күрес, соғыс жолына алып шықты. Әскери өнердегі қайсарлығы мен батылдығының арқасында ол императордың көзіне түседі. Аласапыран кезінде Қытай императоры оған елдің солтүстігін жаулардан қорғауды сеніп тапсырады. Әскери істерде көзге түсе білген оған осы кезде Чжен Хе деген жаңа ат берілген еді және уақыт өте келе Қытай флотын басқару және оны алыс шетелдерге шығаруға жасақтау міндеті жүктелді.
6-сурет. Әмір Темір
Қытай теңіз флотының аяқ астынан дүркіреп дамуының тағы бір себебі бар: дүниені дүр сілкіндірген Әмір Темір айналасындағы елдердің бәрін жаулап, енді бағытын шығысқа бұрған болатын. Әрине, қытайлықтардың оны білмей қалуы мүмкін емес еді. Міне, содан Қытайдың өзіне одақтастар іздейтіні түсінікті. Сондықтан олар өз дәуірінің ең алып әрі қуатты флотын жасақтады. Ал, Мұхаммедтің арманы — флотты басқарып қана қоймай, сонымен қатар ата-баба жолын ұстанып, енді құрлық арқылы емес, мұхит арқылы қажылыққа жету еді.
7-сурет. Мекке қаласы
Әлем тарихында Африка, Азия және Еуропа сияқты үш құрлықта бірдей болған ең алғашқы саяхатшы Ибн Батуттаның да бастапқыдағы арманы қажылыққа бару болатын. Егер, Ибн Батутта Солтүстік Африкадан Қытайға дейінгі жерлердің бәріне жаяу жеткен болса, керісінше Мұхаммед мұхит арқылы Қытайдан Африкаға дейін жүзіп келді.
Қытай ол дәуірде мұсылман елдерімен өте тығыз қарым-қатынас орнатқан болатын. Өз кезегінде, Қытайдың аумағында мұсылман саудагерлерінің сауда факториялары пайда болды. Біртіндеп мұсылмандар қытай қыздарына үйленіп, олардан туған балалар бәрібір мұсылмандығын сақтап қалды. Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанчжоу мен Зәйтүн қалалары мұсылман елдерімен байланыстың қақпасы еді. Тарихшылар сол кезеңде Гуанчжоудың екі жүз мың халқының жүз мыңын түркі, араб, парсы халықтары, яғни мұсылмандар құрағанын жазады. Керек десеңіз, қазіргі күні Қытайда 40 миллион мұсылман тұрады. Ал 742 жылы Қытай астанасы болған Сиань қаласында алғашқы мешіт те салынған болатын.
8-сурет. Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы мұнара-шамшырақ
Мұхаммед бастаған флот 7 рет алыс саяхатқа шыққан болса, оның барлығының басы-қасында өзі болды және барлық ұйымдастырушылық әрі әскери іс-шараларды да өзі атқарған.
Біз тарихта Американы ашқан Христофор Колумб пен Үндістанға алғашқы жеткен Васко да Гаманы білеміз. Ал Мұхаммедтің Үнді еліне саяхаты Васко да Гамадан 83 жыл бұрын болған еді. 1405 жылдан бастап 1433 жылдар аралығында Азия мен Африканың 37 еліне сапар шегіп, аталған 7 саяхатты ұйымдастырған Мұхаммедтің мықты флотындағы адамдар саны 30 мыңға дейін жетіп отырған (таңқаларлық сан, 30 мың адам дегеніміз бір шағын қала халқының саны ғой!). Кеме борттарында жібек, шәй, фарфор, алтын, күміс сияқты Қытай тауарлары тиеліп, оларды піл сүйегіне, дәмдеуіштерге, экзотикалық аңдарға айырбастап, сауда-саттық жасаған. Кемелерде көптеген ғалымдар, тілмаштар, жылнамашылар, дәрігерлер, қолөнершілер, әскерилер болған. Тарих мәліметтеріне жүгінсек, Мұхаммедтің теңіз саяхаттарында жолында кездескен теңіз қарақшыларымен күресіп қана қоймай, әділдіктен еш аттамағанын көреміз. Мысалы, «Мың бір түнде» сипатталатын, Шығысқа аты мәшһүр Сәрәнжіп аралына (Цейлон, қазіргі Шри-Ланка) келген кезде арал тұрғындарының діни алауыздығын көргеннен кейін, онда тәртіп орнатуға атсалысқан көрінеді.
9-сурет. Шри Ланка аралындағы Чжен Хеге тамиль, парсы және қытай тілдерінде жазылып, қойылған белгі
Ал Үндістанға барған уақытында олардың жекпе-жек өнерін үйреніп, оны кейін Қытайға таратады, ол — қазіргі «у-шу». Кейбір оқырмандар білмеуі де мүмкін, Қытайда «мұсылмандық у-шу» да бар.
Шын-Машын елдеріне (қазіргі Индонезия, Малайзия және т.б.) келген кезде ондағы әділетсіз патшаларды тақтан тайдырып, жергілікті халықпен достық қарым-қатынас орната білген.
Ал, ислам елдеріне келген уақытта, Қытай флотын бастап келген мұсылман бауырларын көрген жергілікті халық Мұхаммедті барлық сән-салтанатымен қарсы алатын болған екен. Мәселен, Араб түбегіне жеткен уақытта оның флотын қарсы алуға 19 елдің өкілі шығады, міне сөйтіп, кезінде ата-бабалары құрлықпен қажылыққа келген болса, ол теңіз арқылы Меккеге жетеді.
10-сурет. Чжен Хенің саяхат картасы
Жетінші саяхатының соңында Мұхаммед Үндістан жерінде қайтыс болады. Денесі Қытайдың Нанкин қаласына әкеп жерленеді. Оның бейітінің құлпытасында: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген сөздер қашап жазылған.
11-сурет. Чжен Хенің моласы
P.S. 2008 жылы Бейжің Олимпиядасының ашылуында қытайлар театрландырылған көріністер қойған болатын. Міне, сол көріністерде он бесінші ғасырдағы теңіз саяхаттарынан үзінділер көрсетілді. Шара барысында адмирал Чжен Хенің де бейнесін байқадық. Бірақ, әрине, оның Қытай флотының дамуына өлшеусіз үлес қосқан түркі текті мұсылман екендігін ешкім білген жоқ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. www.islam.ru cайты, «Мусульманский адмирал Китайского флота», авторы Саид Абдусаматов.
2. Википедия интернет ресурсы.
3. «Жэньминь жибао» он-лайн газеті.
4. Қытайдың ақпараттық Интернет-орталығы.
5. «Вокруг света» журналы.
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Суреттер Интернеттен алынды