Қостанай облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған істер қорытындыланды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асқанына екі жылдан астам уақыт өтті. Сол уақыт аралығында өңірде қоғамдық сананы жаңғырту бағытында түрлі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әр тоқсан сайын облыс әкімдігінің жанындағы консультативті кеңесші орган қоғамдық мәжіліс өткізіп тұрады. Бүгінгі кездесу облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың төрағалығымен өтті. Басқосуға қатысқандар бағдарлама аясында атқарылған істерді талқылап, келешекте қолға алынатын бастамаларды қарастырды.
«Қостанай облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дәріптеу мақсатында «Туған жер» арнайы жобасы жұмыс істейді. «Атамекен» бағдарламасы аясында 4 жоба қолға алынған. Олар: «Көркейе бер, Қостанай!», «Жомарт жүрек», «Рахмет саған, туған ел!» және облыстық ресурстық орталық. Биыл өңірді дамыту мақсатында 5 млрд 693 млн теңгеге 182 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде 137 шара толық аяқталды. Бұл бастамалардың дені халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Осы жылы облыстың 14 өңірінде 29 балалар алаңы салынды. Оның сыртында саябақтар қалпына келтіріліп, қаншама мектеп жөндеуден өтіп, робототехника кабинеттері ашылды», — дейді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, соңғы үш жыл ішінде облыста 471 жоба жүзеге асып, 10 млрд теңгеден астам қаржы игерілген. Әлеуметтік жобаларды игеруге үлес қосқан меценаттардың да қатары артып келеді. Жастар арасында, ҮЕҰ бойынша да, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істер аз емес.
«Атқарылған жұмыстарға жақсы баға беруге болады. Меценаттар қатары да артып келеді. Әр ауданда ауыз толтырып айтарлықтай істер бар. Қолға алған жобаларға қанша қаражат бөлінсе де, бастысы олар тиімді жұмсалуы керек. Келер жылды Еріктілер жылы деп отырмыз. Мұны да тиімді пайдалана білгеніміз жөн. Әр салада көрнекі істерді жүзеге асыру керек. Бұл орайда мемлекеттік тапсырыспен де жұмыс істеуге болады. Мысалы, Науырзым ауданы киіз үй лагерін қолға алуды ұсынған еді. Меніңше, бұл — тамаша бастама. Біз қолдаймыз. Балалар үшін қызықты болады деп ойлаймын. Ендігі жерде келер жылға деген нақты ұсыныстар желтоқсан айына дейін әзір болуы тиіс», – деді М.Жүндібаев.