Қостанай облысында тұрғындар саны 2 мыңнан асатын 150-ден астам ауыл жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетіне көшірілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында облыстық Қазынашылық департаментінің былтырғы жұмысы қорытындыланды. Департамент басшысы Ерлан Ошақбаевтың айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қостанай облысында тұрғындар саны 2 мыңнан асатын 45 ауылдық округ жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетіне көшкен.
«Биыл осындай 159 ауылдық ауыл дербес басқару деңгейіне ауысты. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазір дербес бюджетке көшірілудің екінші кезеңіне жоспар бекітілуде», — деді Ерлан Ошақбаев.
Ауылдық округтерді оңтайландыру олардың қызмет тиімділігін арттыру мақсатында бюджеттің дербес деңгейіне көшуді алғашқы болып Қарасу ауданының әкімдігі бастады. Бұл оңтайландыру ауылдық округтердің санын 19-дан 13-ке дейін азайтуға, кадрлардың сапалық құрамын жақсартуға, ауыл және ауылдық округтердің мамандары арасындағы жүктемені сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Бүгінде облыстық Қазынашылық департаментінің қалалар мен аудандардағы басқармаларында 889 мемлекеттік, 204 мемлекеттік өзін-өзі басқару мекемесі, 12 квазимемлекеттік, 13 мемлекеттік сатып алу субъекті қызмет алады. Айына орта есеппен 65 мың төлем екшеуден өтеді.
«2019 жылы «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесінде 871,9 мыңның үстінде құжат қабылданса, соның 25,1 мыңнан астамы орындалмастан кері қайтарылды. Олардың көбі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, білім, полиция салаларына тиесілі», — дейді департамент басшысы.
Аудан-қалалар арасында Жітіқара, Арқалық, Қостанай, Науырзым, Қарабалық аудандарының құжаттарында кемшіліктер бар. Облыс әкімі аталған аудандардың әкімдеріне олқылықтарды дұрыстауды тапсырды.