Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесі өзгеретін болды. Бұл туралы тұрғындарға есеп беру жиынында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі.
Қостанай облысының Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз ету ел қазынасына қымбатқа түсетін. Себебі мазут бағасы басқаларға қарағанда шарықтап тұр. Шағын қаланың жылдық отын қорын жасау үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард тенгеден астам дотация бөлінетін. Жергілікті жылу орталығын көмірге ауыстыру мәселесі көп жылдан бері шешілмей келген.
«Арқалық қаласын жылумен жабдықтау жүйесі өзгереді. Жылу-энергетикалық орталығын мазут жағудан көмірге көшіру, сондай-ақ, оның тиімділігін арттыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұған 7,7 млрд теңге бөлінді. Бұл жобада қазіргі Жылу-энергетикалық орталығы аумағында көмір отынымен жұмыс істейтін 3 бу және 2 су жылыту қазандығы орнатылады. Бұған қоса жаңа қазандық салу қарастырылған» деді Архимед Мұхамбетов.
Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстары 2020 жылдың желтоқсан айында басталады.
Еске сала кетсек, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Архимед Мұхамбетовті қабылдап, азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу шараларын қабылдаудың маңызды екенін атап өтіп, Арқалық Жылу энергиясы орталығын қайта қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырған болатын.