Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындарға есеп беру кездесуінде өңірде 2025 жылға дейін шамамен 2 мың шақырым автожол жөнделетінін мәлім етті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі.
«Биыл Қостанай облысында жол жөндеуге 43,7 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде республикалық жолдарға – 6,4 млрд теңге, облыстық маңызы бар жолдарға – 13,9 млрд теңге, аудандық жолдарға және елді мекендердегі көшелерге 23,4 млрд теңге жұмсалады. Бүгінде 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, онда Мемлекет басшысының облыстық және аудандық маңызы бар, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 2025 жылға қарай 95%-ке дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау негізгі міндет болады. Осыған байланысты жыл сайын жолдарды жөндеуге кемінде 20 млрд теңге бағытталады және осы кезеңде шамамен 2 мың шақырым автожол жөнделеді», — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019 жылы облыста 19 көше күрделі жөндеуден өткен. Оған 658 млн теңге бөлінген. Барлық жөндеу жұмысының арқасында облыстық және аудандық маңызы бар жолдар 69%-ға жақсарған.
Әкімнің айтуынша, биыл Амангелді, Әулиекөл, Бейімбет Майлин, Денисов, Жанкелдин, Жітіқара, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл, Федоров аудандарында, Арқалық қаласындағы аудандық жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.