Бүгін жерлесіміз, Ұлт ұстазы, Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, түркітанушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
2017 жылы Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні — Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді.
Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. Ұлт ұстазы Ахаңның туған күні құрметіне 5 қыркүйекке ауыстырылды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында өмірге келген. Ол алғашқыда ауыл адамдарынан сауат ашып, кейіннен 1886-1891 жылдары Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқыды. Сосын Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын 4 жылдық мектепке оқуға түседі. Ол оқуды бітірісімен, ұстаздық қызметіне 1895-1909 жылдары кірісіп, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Халықтың сауатын аша жүріп Ахаң қоғамда орын алып жатқан мәселелерге де сергек қарады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек…» деген болатын.