Жасырып-жабатындай емес, кез келген қоғам қара мен төреден құралған. Жердің беті – ала-құла, бар мен жоқ. Шерағаңша айтқанда, «бір кем дүние»! Мысалы, Еуропа статистика қызметі ЕО-ға мүше 27 ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын сарапқа салып көргенде, дені айлығынан шайлығын әзер айырып отырғандар болып шықты.
Ең кедей халық Болгарияда тұрады (49,1 пайыз). Одан кейінгі ретпен Румыния, Латвия (40 пайыз), Литва (33 пайыз), Грекия, Венгрия (31 пайыз) ресмилендірілген. Жарлы-жақыбайы көп елдердің алдыңғы легін осылар бастап тұр. Бұл жағынан басқалары да өте шаң қабатындай шамада емес. Ең төменгі деңгейде деп саналатын кедейлік Люксембург пен Австрияда – 17 пайыз, Голландия мен Швецияда – 16 пайыз, Чехияда – 15 пайыз дегендей, алғашқы алтаудың ізін қалыңдатып келе жатыр.
Біз дамудың даңғылына түскен еуропалық еңселі елдерді айтып отырмыз. Алпауыт Американың өзінде кедей тұрмақ, қайыршылар көп. Өйткені, жаратылысы бөлек жарандардың жазмышы да әрқилы. Бармақ пен шынашақты шошайтқандай етіп, құрлықта құр сүлдерін сүйретіп жүргендер мен қарыны тезекқаптай бай-бағыланды қайта-қайта салыстыра берген де ыңғайсыз. Өйтетін болсақ, біздің бай мен кедейдің 40 есе айырмашылығы бар әлеуметтік деңгейі көрініп қалады.
Еліміздегі Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаевтың айтуынша, Қазақстан халқының да 60 пайызы – кедей. Еш елмен салыстырмаған сиқымыз бұл! Біздіңше, аз көрсеткіш емес. Қалған 40 пайызының ғана жағдайы жақсы болса, олардың жұмыс кезінде асханадан кешенді түскі ас ішіп, кешке үйіне қоғамдық көлікпен қайтып жүрген менің таныстарым емес екені анық. Есілдің оң жағалауындағы целиноградтық ескі-құсқы үйлерде де тұрмайтын шығар (облыс орталықтарындағыны айтуға кәдімгідей ұятым ұстап отыр). Онымен қоса, дәулеттілер мен сіңірі шыққандар қалтасының айырмашылығы 4,9 есеге өскендігін естігенде, «Құдай-ау, қайда барамыз?!» деп, Абай атама еліктей күрсіндім. Досым да сөйтті. Өйткені, бұл көрсеткішпен халықтың бір айлық төменгі табысын есептегенде, 18 мың 48 теңге ғана шығады екен. Әлеуметтанушылар айтып отыр. Сене салайын десем, түрік жүрген құлаққа үнемі періште сыбырлай бермейді. Ресми дерек екенін ескеруге тура келсе, ондай ақшаға не келеді? Өзім-ақ саусақ бүгіп санап бере саламын ғой! Нан, шәй, бір уыс кәмпит, памперс, жол жүру ақысы деп. Бітті, бір ғана қолым жұмылады!
Қой, одан да бәлен миллиард АҚШ долларына жеткен сыртқы қарызымыздан құтылып алайық!.. Ұлттық банкіміз шет елдерге мемлекетпен кепілдендірілмеген берешегіміздің өзі 95,6 пайыздан 95,9 пайызға өскендігін хабарлап жатқанда, ел ішіндегі от басы, ошақ қасын әңгіме еткеніміз жарамас. Бірақ, жалақыны көтеріңкіреп қойғанның әбестігі жоқ. Ол ақшаға не келетінін он саусақты бүге тізбектеп, екі қолды аспанға көтерген жақсы. Әйтпесе, бәрінде бар кедейлікті біз ғана жояр болсақ, әлгі күрсініп отырған досым оған қуанбайды. Әлемдік әділетсіздік ретінде қабылдап, одан сайын ауа жұта алмай қалып жүрер…
Еркеғали БЕЙСЕНОВ