Моншақтан мүсін жасайды

4

«Моншақтан мүсін жасайтын шебер Рудный қаласында тұрады. Оның қолынан шыққан кәдесыйлар еріксіз таңдай қақтырады әрі кеншілер кентінде кеңінен сұранысқа ие» деген хабар құлаққа тиісімен қолөнершіні іздей бастадық. Қостанай облысы үшін таңсық өнерді өрістеткен Бақтыбай Кенжеғұловты табу қиынға түскен жоқ. Телефонмен тілдесіп, іле кездесу күнін белгіледік. Бәкең ісмерлігімен қоса айтары бар, байыпты жан болып шықты.

«Мұқтаждық мың өнердің анасы», Бақтыбай Кенжеғұловтың бұл кәсіпті игеруіне өмірдің өзі мәжбүрледі. Денсаулығы сыр берген азамат аяғын еркін басып жүре алмай қалған соң көңілін аулайтын кәсіп іздейді. Бірде Оңтүстіктегі Сарығаш ауданына жолы түсті. Онда моншақтан бұйым жасайтын шебермен жолығып, осы өнерді үйренуге ден қойды. Жасынан үй шаруасына үйір болып өскендігі, ұсақ-түйек жұмыстардан бастап ұсталықпен шұғылданғанынан шығар, жылдам меңгерді. Қазір әбден төселген.

2

Әдісі қарапайым. Балық аулауға арналған жіппен моншақтарды «өріп», қалаған бұйым, бейнелерін шығарады. Әр тасты есеппен тізу, қалыпқа келтіру, үйлесімін табу оңай шаруа емес. Темірдей төзім, ұшқыр қиял керек. Мұндайда Бақтыбайға келіншегі Гаухар  көмектеседі. Ісмердің ең бірінші сыншысы да, қолдаушысы да жұбайы. Көз жауын алатын әр бұйым көз майын тауысқан жанкешті еңбекпен келеді. Әр заттың жасалу уақыты әр түрлі. Мысалы гүл істеуге небәрі 20-25 минут жетсе, гүл салатын қорап, қобдишаларға кемі 2-3 күн керек.

«Ең алғаш ол маған моншақтан қонжық «тоқып» берді. Бар ынтасымен кіріскендіктен де болар, өте әдемі еді. Кейін үйге келген меймандардың бірі аттай қалап, сұрап әкетті. Кейін байқап отырсам, бір қолдан жасалған бұйымдар бір-біріне ұқсамайтын өзгеше болып шығады. Шамасы, қолөнер құдіреті деген осы болар.

Күйеуімнің бұл кәсібі ұнайды. Таза, үйді шашпайды. Істеген бұйымдары адамның эстетикасына әдемі әсер береді. Ұзаққа шыдайды, сапалы. Экологиялық таза. Қысқасы, сыйлық үшін таптырмайтын дүние», – дейді Гауһар Әлиева.

5

Бақтыбайдың қолынан шыққан бұйымдары шынында да кісі қызығарлық. Ол айтқан ойлар тіпті бағалы.

«Мен – ІІ топтағы мүгекдекпін. Еркін жүріп-тұра алмаймын. Мемлекет нәпақамды тауып беріп отыр. Ол жағынан өкпем жоқ. Әлемдегі күрделі ахуалға қарамай, биыл зейнетақымызға 29 пайыз үстеме қосылды. Шүкір.

Өз басым мемлекетке масыл болғым келмейді. Үйде жатсам да үлесімді қоссам деймін. Керек десеңіз, ЭКСПО-ға қатысу ойымда бар. Ол үшін еліміздің рәміздерін, сауықтыру орындарын үлкен етіп жасамақпын. Сол бұйымдарымды әлемдік көрмеге апару ниетіндемін.

3

Біз тек табиғи ресурсқа ғана емес, сұлу, шипалы мекендерге де баймыз. Мысалы, Қостанайдың Науырзым қорығы, «Сосновый бор» шипажайы қай елдің демалыс орнынан кем?! Алатау, Шымбұлағымыз бен Жасыбай, Көкше, Жұмбақтасымыз ше?! Оларды насихаттау керек. Мысалы, менің жасаған мүсіндерім шетелдіктердің қызығушылығын тудырып жатса, сол арқылы елге бір турист келсе, менің Отанға деген үлесім ғой», – дейді Бақтыбай. Өкінішке қарай, мұндай ізгі ниет біздің кейбір он екі мүшесі сау азаматтарда да жоқ екенін несіне жасырайық. «Тамшы теңізден құралады», Қазақстанның дамуына тамшыдай үлес қосу түгілі, ол туралы мүлдем миына кірмеген жандар, кемтар қолөнершіні көріп ойласса, қане?! Бақтыбай бұған дейін Ақорданың ғимаратын тоқыпты. Ол сатылымға шығысымен-ақ бірден өтіп кетіпті, бүгінде қолында жоқ (Жалпы, ол істеген заттар сөреде көп тұрмайды.)

Десек те, Бақтыбайдың қолын буып тұрған кедергілер де баршылық. 2000 жылы Өзбекстаннан Отанға оралған ол, алғашында Оңтүстік Қазақстан облысында тұрды. 2011 жылы ғана Рудный қаласына қоныс аударды. Өйткені, ағайын-туысты көбі осында еді. Бес жылдан бері пәтер кезегінде. Әлі баспанаға қолы жетпей тұр. «Егер жеке үйім болса, өзім тағдырлас мүмкіндігі шектеулі жандарға қолөнердің өзім білген түрлерін үйретер едім. Мүгедектер үшін уақыт өткізу, табыс табу деген қандай бақыт екенін түсінсеңіздер ғой», – дейді ол.

8

Шебер бұйым жасауға қажет шикізат моншақтарды Алматыдан алдыртады. Оның бағасы арзанға түспейді. Жарты келі «шикізат» 70 мың теңге шамасында көрінеді. Өзі пәтер жалдап тұратын мүгедек жанның мұндай бағамен моншақ сатып алуға мүмкіндігі бірде келсе, бірде келмейді. Себебі, жасаған бұйымдары тез өтіп кету үшін ол өзіндік құнына сәл ғана қосып сатады екен. Ол қазір демеушіге зәру. Өз нысандарының халықаралық деңгейде насихатталуына мүдделі демалыс орындары мен шипажай, сауықтыру орындары Бақтыбай Кенжеғұловты іздеп тауып, хабарласады деген ниеттеміз.

Абылай ФАЗЫЛХАНҰЛЫ,

Қостанай облысы

Мынаны да қараңыз

Қор өкілдері қандастармен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің белсенділері Рудный қаласына арнайы барып, қандас, ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *